«Ақтөбе-Лаэти қаласының атауын негізсіз пайымдау деп санаймын»

aqtobe l Жаңалықтар

Атырау облысындағы көне қаланың бірі Ақтөбе-Лаэтидің атауы басқаша болуы мүмкін. Бұл туралы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы Айбек Тұрарұлы «Ақтөбе-Лаэти мен Атырау қалаларының тарихы: жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтты, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Айбек Тұрарұлының айтуынша, 1975, 1977 жылдары археологиялық қазба жұмысын жүргізген мәскеулік археолог Л.Л.Галкин, XIV ғасырдағы италиялық жиһанкездер, ағайынды Франциско мен Доминико Пициганилердің саяхат картасынан Еділ өзенінен шығыста, Каспий теңізі жағасында орналасқан қаланың атауын Лаэти деп оқып, Ақтөбе ескерткішін осыған теңейді. Жергілікті халықтың жер атауымен Ақтөбе деп аталған көне қала орны Л.Галкин зерттеулерінен кейін, Ақтөбе-Лаэти деген қос атаумен ғылыми айналымға еніп кеткен екен.

– «Лаэти» сөзінің мағынасын кейбіреулер түркі тілдеріндегі «лай» сөзімен түсіндірмекші болып, лайдан соққан қала дегенді білдіреді деп айтып жүр. Мен мұны еш негізсіз пайымдаулар деп санаймын.

Ағайынды Пициганилер картасының жасалған уақыты 1367 жыл. Олар өздерінен бұрынғы картографистердің сызбалары мен деректерін пайдаланғаны айқын. Менің ойымша, бұл картадағы қала атауын латынша Лаэти деп оқу қате деп есептеймін. Картадағы жазу стилі күрделі, әрі өте ұсақ таңбалармен жазылған, кейбір әріп таңбаларын айыру қиын. Сонымен қатар, осы қала атауы жазылған жазу үстінен 4 бірдей меридиан сызықтары қиып өткен. Бұл сөздің 1-ші, 2-ші әріптерін латын қарпімен «Ɩa» деп оқуға болса да, әрі қарай әріптердің таңбалануы айқын емес. Өйткені, мына дыбысты білдіретін әріп деп айтуға ешқандай таңба сай келмейді. 1-ші «Ɩ» әрпі деген таңбамызды да меридиан сызығы жанай өткендіктен, бұл әріпте өзгеріске түскен болуы мүмкін деп ойлаймын. Ашығын айтқанда, бұл атаудың Л.Галкин оқығандай Лаэти деген сөз екеніне күмәнім бар.

Енді Л.Галкиннің бұл сөзді қайдан алғанын қарастыра отырып, 1889 жылы Ф.Чекалин деген орыс өлкетанушысының Пициганилер картасын қайта салып шыққан суретіне кез болдық. Ол картадағы топономикалық атауларды жазғанда, осы қала атауын латынша «jaiete» (джайет) деп жазған. Л.Галкин «Лаэти» атауын Ф.Чекалин салған картамен салыстыра отырып алуы мүмкін. Бірақ, Ф.Чекалин жазған «джайет» немесе «иайете» сөзін неге «Лаэти»деп өзгерткені түсініксіздеу, -деген баяндамашы бірнеше мысал келтіреді.

Осы мәліметтерді сараптай келіп, Пициганилер картасындағы қала атауын қайта оқып көру туралы шешімге келгенін, «сондықтан бұл атауды латынша «Iaeich» немесе «Jaeich» деп оқу дұрысырақ екеніне сенім мол» дейді.  Яғни, қала атауы Иаейх немесе Джаейх деп жазылған. Ал, қазақ тілінде Ақтөбе-Лаэти ескерткішін Жайық қаласы деп атауды ұсынды. Бұл Ф.Чекалиннің картасындағы «jaiete» (джайет)  атауына жақынырақ келеді екен. Фра Мауроның картасында Сарайшық қаласы маңындағы өзен атауын «flu iaincho» Иайнхо өзені деп белгілеген. Яғни, Жайық атауы еуропалықтарға XIII ғасырда белгілі болған.

Голланд ғалымы, картограф Николаас Витсеннің 1692 жылғы «Северная и Восточная Тартария» атты еңбегінде жариялаған картада Жайық өзеннің шығыс бетінде, қазіргі Ақтөбе-Лаэти қаласы ескерткішінің орнында «Iaick» (Иайк) қаласы белгіленген. Сонымен бірге Serachick (Сарайшық) қаласы орны көрсетілген. Н.Витсеннің еңбегімен жоғарыдағы мәскеулік екі ғалым өткен ғасырдың 70-80 жылдары таныс болмауы мүмкін. Өйткені, қалың көпшілікке Н.Витсеннің еңбегі 300 жылдай жоғалып кетіп, 1967 жылдары Еуропада жарыққа шығарылды, ал орыс тілінде 2010 жылы ғана жарияланған екен. Осы картадағы қалаларды: «Serachick» – Сарайшық деп, «Iaick» – Жайық, яғни, Ақтөбе ескерткіші деп пайымдауға болады.

Ресми тарих қазіргі Атырау қаласының бастауын 1640 жылдан есептеп келеді. Орыс көпесі Гурий Назарьев бос жатқан осы жерге келіп қоныстанып, балық өндірісін ұйымдастырды деп санайды. Олар қаланы «Жайық қалашығы» деп атаған. Бұл келімсектердің жергілікті атауды жайдан-жай алмағанын көрсетеді. Айбек Тұрарұлының ойынша, кәсіпшілігін де сол қаланың атауымен атағаны сөзсіз. Өздеріне күнделікті керек-жарақты да осы жердің адамдарынан, елді мекен тұрғындарынан айырбас саудамен алып отырған.

– Тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар «Атырау қаласының тарихы 1640 жылдан бастала ма?» атты мақаласында «…орыс патшасының Қазақстанды отарлауы барысында Атырау қаласы Жайық – Төменгі Жайық – Тас Жайық – Усть-Яицк – Гурьев қалашығы болып өзгертіледі» деп жазды. Меніңше, Ақтөбе-Лаэти атауын Иаейх немесе Джаейхпен (Жайықпен) байланыстыра қайта қарау керек деп ойлаймын, – деген ол Ақтөбе қаласы Сарайшық оазисі мәдениетіндегі маңызды ескерткіш болып саналатынын, бүгінгі Атырау қаласының бастауында тұрған елді мекен ретінде қалыптасқанын жеткізді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ,

Суреттер Ә.Әбілғазиевтікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз