Теңбіл доп (+ВИДЕО)

prararoa Қоғам

Аtr.kz/19 сәуір, 2020 жыл. 22 ойыншы, 1 алаңда, 1 доп үшін ұзын-сонар 90 минут айқас жүргізеді. Негізгі мақсат – қақпаны дәл көздеп, теңбіл допты торға орнату.

Алайда, құр сөзге жеңіл көрінгенмен, голды тек құралайды көзге атқан кіл мерген ғана салуға құқылы. Футболдың құдіреті де осыда. Ал дәл осы қасиеттер бойынан табылған, аяқдоп спортының аңызы, ұлы сұрмерген, ХХ ғасырдың ең үздік спортшысы – Э́дсон Ара́нтис ду Насиме́нту, немесе жәй ғана – Пеле …

1950 жыл, 16 шілде, Бразилия футболы үшін трагедияға толы күн…  Сол жылдардағы «пентакампеондар» – тарихында тұңғыш рет футболдан әлем біріншілігінің ақтық бәсекесіне жолдама алды. Өз жерлерінде өткізілген турнир, 170 мыңнан астам Маракана стадионын лық толтырған жанкүйерлер, әйгілі Зизиньо бастаған талантты бразил аяқдопшылары. Оларға әлем чемпионатын жеңуге еш нәрсе де кедергі емес-ті.

Алайда, тағдыр жағдайды мүлдем басқа арнаға тоғытты. Азулы уругвайлықтар екінші таймның нәтижесі бойынша бір емес екі доп айырмашылығы бойынша жеңіске қол жеткізді. Бразилия жерінде қаралы күн. Ешкім күтпеген сенсационды жеңіліс – бразил ұлтының жүзіне еріксіз жас ұялатты. Дәл осы сәтте 9 жасар Эдсон есімді жеткіншек, әкесіне «сен үшін, мен ержеткесін міндетті түрде осы кубокка қол жеткіземін» деп серт етті.

Кішкентай Эдсонның (Пеле) балалық шағы футболмен тікелей байланысты болды. Өйткені, әкесі  Жуан Рамос ду Насименту де бұрын нағыз кәсіпқой аяқдопшы болған. Және баласын кішкентайынан футболдың қыр-сырымен сусындатқан.

Әкесінің жолын қуған Эдсон, ауыл арасындағы кішігірім бәсекелерде шебер ойынымен көзге түсіп, жергілікті скауттарды таңғалдырмай қоймады. Алдымен «Бауру», одан кейін «Сантос» академиясына шақырту алған Эдсон, тегіс Сан-Паулу штатына ерекше есімімен танымал болды. Бір қызығы ол «Сантостың» келісім-шартына қол қояр сәтте, жасы бар болғаны 15-те болатын. Алайда, бапкерлердің пайымдауынша, ол кезде Пеле нағыз кәсіпқой, ересек футболшылармен тең терезелес ойын көрсетуге 100% дайын еді.

Жанкүйерлер Пеледен бөлек, ерекше ойын күтті. Және бұл да жүзеге асты. Ол «Сантостың» негізгі құрамына еніп қана қоймай, өте үлкен жиілікпен гол соқты. Бір маусымда 38 ойын өткізіп, 41 допты қақпа торына енгізді. ФАНТАСТИКА! Пеленің маусым сайын толассыз соққан голдары, ел намысын қорғауға бірден-бір себеп еді. Ұлттық құрама да Эдсонды құшақ жая қарсы алды.

1958 жыл. Алда кезекті әлем чемпионаты. Алдыңғы біріншілікте жіберген қателіктерді түзеп, жаңа леппен жеңіс тұғырынан көріну Бразилия ұлттық құрама командасының басты мақсаты. Міне, осы тұста әлі буыны қатып үлгермеген Пелені Швецияға жіберу негізгі мәселеге айналды.

Бірі – оның негізгі құрамда өнер көрсетіп, ұлт намысын қорғауға аттандыруды жөн санаса, бірі – оған әлі ерте екендігін және оның өзге мемлекет тарапынан көрсетілген моральдық ауыртпашылықтарға төзбейтінін алға тартты. Пікірлер сан-саққа бөлінді. Алайда, бас бапкер Висенте Феола «Сантостың жас сұрмергені әлем чемпионатында ойнайды» деп шешім қабылдады.

  • Өкінішке орай, жаттығу барысында алған жарақатына байланысты Эдсон алғашқы Австрия және ағылшындармен өтетін бәсекеге қатыса алмады. Бірақ, КСРО құрамасымен өтетін топтық кезеңнің негізгі матчына бас бапкер екі жаңа ойыншыны негізгі құрамға қосты. Бірі – Пеле, екіншісі – ақсақ Гарринча.

Шешім жанкүйерлердің аса үлкен сенімін ақтамағанымен, бұл екі ойыншы араларына тамаша серіктестік орнатып, 90 минут бойы ақылға сыймас спектакль қойған болатын! Және пентакампеондар сенімді түрде келесі кезеңге өтті. Эдсон бұл ойында бар болғаны бір ғана нәтижелі паспен көзге түскенмен, алайда, оның әлем чемпионатындағы дебюттық голы ұзақ кешікпеді. 1/4-ші финалда Уэльс құрама командасымен болған қызу бәсеке тағдырын бір ғана доп шешті. Ол голдың авторы, әрине – Пеле!

Иә, шешуші кездесулерде соққан голдар жайлы ұзақ әңгіме қозғауға болады. Алайда, мен үшін осы қатарда ең үздік ол – Уэльс қақпасына соққан добым. Егер ол гол болмағанда, біз келесі ойынға өтпей, бразил жанкүйерлерлерінің жүрегін біраз жаралаушы едік! – дейді Пеле.

Франциямен өткен жартылай финал Эдсон үшін де, Бразилия құрама командасы үшін де өте сәтті болды. Эдсон үзілістен соң үш бірдей допты қақпаға енгізіп, хет-трик авторы атанды. Қорытынды есеп 5-2.

Ақтық кезеңде де бразилиялықтар еш сүрінбеді. Алаң қожайындары шведтерді алдыңғы ойынмен бірдей – 5-2 есебімен шығарып салды. Пеле 2 доп соқты! Бұл жеңісті күн – Оңтүстік Америкалықтар үшін үлкен мерекеге ұласты. Селесао аяқдопшылары Бразилия жерінің тектен тек «футбол отаны» аталмағандықтығын нақ, айқын дәлелдеді. Осы тұста – жас болса да, бас болып, өз командаластарын жеңіске жетелеген ғаламат футболшы Пеленің еңбегі – шексіз орасан.

Жәнібек  ЕСЕНБЕК,

Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы Журналистика мамандығының 11 сынып оқушысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз