ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫНЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Қаладағы жолаушы тасымалына қатысты мәселелер аз емес. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, кейбір жүргізушілер жолақысынан түсетін тиынды арттыру мақсатында аялдамаларда жолаушыларды жинап табандап тұрып алса, енді бірі соңғы нүктеге бірінші боп жету үшін жарыса жөнеледі. Ал, қоғамдық көліктердегі қызмет көрсету мәдениеті де ерекше маңыз берер мәселе болып тұр.


ҚЫЗМЕТ МӘДЕНИЕТІМІЗ ӘЛІ ТӨМЕН

Қазіргі таңда қалаішілік және қала маңындағы елді мекендерді қамтитын 34 маршрут бар. Барлық тасымалмен айналысатын көліктер саны 269 бірлік болса, соның 163-і автобус, 106-сы шағын автобустар.
Қаладағы қоғамдық көліктердің жолаушы тасымалындағы осы және өзге де маңызды мәселелерді кеңінен талқылаған алқалы жиын қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтың төрағалығымен өтіп, өңірдегі жолаушы тасымалы қызметін ұсынатын операторлар мен такси қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлердің басын қосты.
Қазіргі таңда жолаушы тасымалының ақысын көтеру мәселесі аз айтылып жүрген жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда маршруттар санының 70 автокөлікке азайғанын айта келе, жанармай бағасының қымбаттығы, жалпы автокөліктерді күтіп ұстау, жөндеудің де қымбаттауы сынды факторларға орай, өз шығындарын өтей алмай отырғандығын жеткізген жауапты сала мамандарының уәжіне шаһар басшысы «бұл сұрақты кеңірек талдап, жан-жақты талқылау, мұқият есептеу қажет» деп, бір күн ішінде шешілетін мәселе еместігін атап өтті.
Мұнайлы астанада бұл күнде жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын бес жауапкершілігі шектеулі серіктестік, үш жеке кәсіпкер бар. Бұл реттегі ең көп көлікке иелік етіп отырған «Айс Транс Холдинг» серіктестігі. Қала әкімі тұтастай бұл қызмет түрінің жұмыс принциптерін саралай келе, қызмет көрсету сапасы мен қызметкерлер мәдениетінің әлі де болса төмендігіне тоқталды.
Нәтижесінде, таяу уақыттарда тұтастай тәртіп пен тазалыққа бейжай қарайтын қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылып, күн санап көркейіп келе жатқан қала бойынша жүретін қоғамдық көліктердің бағыты қайта қаралмақшы. Ереже бойынша орталық көшелермен жүретін автобустар таңғы алтыдан кешкі он бірге дейін қызмет етуі тиіс. Бұл маршруттардың қатарына «Нұрсая», «Алмагүл» сынды халық тығыз қоныстанып отырған бағыттарға қатынайтын тасымал құралдарын да қосу қажеттігін айтып өткен қала әкімі операторларға қызметкерлерінің денсаулығына, дәрігерлік тексерістен уақтылы өтуіне мән беруді де тапсырды.

«ЖАБАЙЫ» ТАКСИ ЖАЙЛАП БАРАДЫ

Қаланың кіре берісінен-ақ мәдениет пен тазалық көрініп тұруы тиістігін атап өткен жиын төрағасы Әуежай, Вокзал маңы сынды аумақтарға арнайы такси тұрағын ұйымдастыру қажеттігін айтып өтті. Белгілі болғанындай, такси тұрақтарын ұйымдастыруға 27 орын белгіленіп, қазіргі таңда төлқұжаттары жасақталып, арнайы жол сызбалары мен тиісті белгілер орнатылмақ.
Сараптама нәтижелері көрсеткендей, жол апаттарының орын алып, ережелердің бұзылу оқиғалары көбіне осы заңсыз такси қызметімен айналысатындардың қатысуымен болады екен. Бұл жайтты да атап көрсеткен Нұрлыбек Ожаев еңбек күші ретінде жақын шет елдерден келетін өзге ұлт өкілдерінің бұл қызметпен айналыспауы тиіс деген заңдылықтың сақталуы, рөлге отыратындардың арнайы дәрігерлік тексерістен өтуі керек деген талаптардың орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Өз кезегінде салаға қатысты өзге де маңызды сұрақтарды шешу туралы ұсыныстарын білдірген сала қызметкерлерінің тілектері ескерілмек. Бұл орайда тіркеуден өткен 13 такси компаниясын біріктіріп, қоғам құрылса деген ұсыныс та айтылды.

СУ ТУРИЗМІ КЕРЕК. БІРАҚ…

Жайық бойын жағалай орналасқан Атырау үшін бұл су көзі табыс тетігіне айналып келеді. Соңғы жылдарда жазғы маусымда жолаушыларды қыдырту мақсатында шағын кеме, қайық, скутер, су мотоциклі сынды транспорттарды пайдалана отырып, бизнесін ашқандар да бар. Өңірлік туризмді дамытудың бір тармағы саналатын бұл транспорттардың кең қолданысқа ие болуын құптарлық жағдай деп бағалағанымен, шаһар басшысы қауіпсіздік шараларына баса мән беру керектігін айрықша атап өтті.
Таяуда мұнайлы астана төрінде өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық бірлескен форумына дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Десек те, саяси маңызы зор басқосуды өз деңгейінде өткізудің бір тармағы осы салаға тиесілі. Яғни, қоғамдық көліктер мен такси тасымалын жандандыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан, осы жиын барысында көтерілген мәселелердің оңтайлы шешімі ең алдымен халық үшін тиімді екені сөзсіз.

Гүлжан ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз