Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық жас таланттар «B-FEST»-те топ жарды

Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында «BINOM SCHOOL» мектеп желісі арасында «B-FEST» фестивалi өтті. «B-ART» бағыты бойынша театрландырылған музыкалық қойылым «Ромео мен Джульетта» мюзиклімен Атырау қаласындағы Әл-Фараби атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейі жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.

Өнер додасында өңірлерден барлығы сегіз «ВINOM SCHOOL» мектебінің жас таланттары түрлі тақырып аясында қойылым қойып, бақ сынады. Фестивальде жас өнерпаздардың өнері көптің көңілінен шықты.

-Біз конкурсқа қатысатын балаларды алдымен мектепте кастинг арқылы таңдадық. Режиссер Дінмұхамбет Серікұлы мен хореограф Айсұлу Нұрқуатованың ықпалымен, күні-түні дамылсыз еңбектің нәтижесінде әр бала өз рөлін жоғары деңгейде сомдап шықты. Аталмыш фестиваль келесі жылы да жалғаспақ. Бірақ, бұл туындымен емес, келесі кезекте басқа спектакльмен қатысамыз. «Ромео мен Джульетта» балалардың жүрегінен орын алған қойылым болып қала береді. Мұндағы бір ерекшелік, «Ромео мен Джульетта» заманауи форматта жаңа нұсқада жарыққа шықты. Оны біздің таланттар жоғары деңгейде алып шығып, көрерменнің ықыласына бөленді. Құрылғанына бір жыл ғана толмаған мектеп үшін бұл жүлде Гран примен тең. Біздің жас дарындылар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Үшінші орынға көңілі түсіп қалып жатқан балалар да бар. Олар — сахнаны сүйген нағыз таланттар, — дейді Әл-Фараби атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейінің директоры Өнербек Ерғалиев.

Тағы бір қуанышты жаңалық, «B-fest» фестивалінде «Театрландырылған қойылым, мюзикл» бағытында аталған білім ордасының оқушысы Әдемі Мұхамбетқали «Үміт» номинациясымен марапатталды. Айта кету керек, Әдемі инклюзивті сыныпта білім алады. Ата-анасының айтуынша, ол мұндай мұндай сахнада ең алғаш рет өнер көрсетіп тұр. Ал бұл Әдемі үшін де, ата-анасы үшін де зор жетістік болды.

Айта кетейік, «Ромео мен Джульетта» — Уильям Шекспирдің мәңгілік махаббат пен трагедияға толы классикалық пьесасы. Қойылым Верона қаласында өтіп, бір-біріне жау екі атақты отбасы — Монтекки мен Капулеттилердің арасындағы қақтығыс пен олардың балаларын қамтиды. Ромео мен Джульеттаның кездейсоқ кездесуі шынайы махаббаттың ұлы символына айналады. Алайда, олардың бақытқа жету жолындағы кедергілер мен қайғылы оқиғалар шын сүйіспеншілік пен тағдырдың еріксіздігін суреттейді. Бұл спектакль көрермендерді адамның сезімдерінің тереңдігіне бойлататын және махаббаттың күшін түсіндіретін әсерлі оқиға.
Оны атыраулық жас таланттар алғаш өнер көрсеткеннен-ақ көрермен жүрегіне жеткізе орындай білді. Ал балаларды осындай үлкен сахнаға дайындауда барлық жұмысты жан-жақты ұйымдастырған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Ақтолқын Бисешова мен Жалғас Бағытжановтың еңбегі өлшеусіз.

Айта кеткен жөн, аталған өнер додасында «Қыз Жібек» мюзиклімен Атырау қаласындағы Д.Қонаев атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейі де ІІІ жүлдеге ие болды. ІІ орын Астанада қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейіне бұйырса, І орынды елордадағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейі иеленді.

Ұлболсын МАРСОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button