Экология

Биылғы жаз жылдағыдан ыстық болады

Бұл туралы жуырда өткен Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. Ол өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық жөнінде қабылданып жатқан шаралар жайын баяндады.

Министрдің айтуынша, еліміздің мемлекеттік орман қоры алқабы 30,9 млн. гектарды, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлер 13,7 млн. гектарды құрайды. Былтыр табиғат қорғау мекемелері үшін шамамен 9 млрд. теңгеге  25 өрт сөндіру автокөлігі, 51 шағын өрт сөндіру кешені, 154 трактор, 73 патрульдік автокөлік және 655 бірлік өртке қарсы жабдықтар сатып алыныпты.

Бұдан бөлек, әкімдіктер арқылы жалпы сомасы 6,6 млрд. теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлігі, 127 трактор және 76 патрульдік автокөлікті  сатып алуға қол жеткізілген. Биылдың өзінде мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жергілікті бюджеттен 3,8 млрд. теңге, республикадан 15,4 млрд. теңге бөлініпті. Соған қарамастан, қолданыстағы техниканың тозу деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Бұл көрсеткіш  өрт сөндіру машиналары бойынша – 72, тракторларға қатысты 50 және патрульдік автокөліктерден 55%-ды құрайды. Бекітілген нормаға сәйкес, елімізде орман өртін сөндіруге мамандандырылған стансалардың саны 729 болуы керек екен. Ал қазіргі бары 254 қана. Айта кету керек, бұл стансалардың да саланғанына алды алпыс, соңы елу жылдан асқан. Бүгінде орман күзетінің жеке құрамы санының жетіспеушілігі де өзекті мәселе болып отыр.

«Қалай дегенде де, біз өзімізге жүктелген маңызды міндетті абыроймен атқаруға тиіспіз. Туындаған мәселелердің бәрі де біртіндеп шешіледі. Ең бастысы, орман өртін болдырмау, орын ала қалған күнде оны ауыздықтау қажет. Синоптиктердің болжамынша, биылғы жаздың жылдағыдан ыстық болатын түрі бар. Мұны өзі жауапкершілікті күшейтіп, қандай жағдайға дайын тұруымыз  керектігін меңзейді» – деді министр қорытынды сөзінде.  

Д.ЛАТИФҰЛЫ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button