Жаңалықтар

Серік Шәпкенов: «Барлық зардап шегушіге бірдей соманы беру мүмкін емес»

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласының тұрғындарымен кездескеннен кейін зардап шеккен үйлерді аралады.

Облыстың төтенше жағдай жөніндегі жедел штабының хабарлауынша, аймақ басшысы «Достық», «Жадырасын», «Мешіт-ауылы» шағынаудандарына барып, тасқыннан үйі зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Кейін олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, шығынды өтеу механизмін түсіндірді.

«Жадырасын» тұрғындары егер үйі апатты жағдайда деп танылса, ақшалай өтемақы алу мәселесін көтерді.

– Егер үйіңіз апатты деп танылса, сіз оны бұзған жағдайда төлемақы ала аласыз. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында жасалады. Біз сіздің шығынды нарық бағасына сәйкес толық өтейміз, – деді Серік Шәпкенов.

Өңір басшысы тұрғындарға келтірілген шығынды төлеудегі ерекшеліктерді түсіндірді:

– Барлық зардап шегушіге бірдей соманы беру мүмкін емес. Бағалау кезінде көптеген параметр, атап айтқанда, құрылыс материалдарының сапасынан үйдегі есіктің санына дейін ескеріледі. Сондықтан апаттық үйді жөндеу және төлеу сомасы әртүрлі. Қазір үйді тұруға жарамсыз деп таныған кезде орташа өтемақы  бір шаршы метр үшін шамамен 200-240 мың теңге, – деді Серік Шәпкенов.

Үйлерді аралаған соң аймақ басшысы аудан әкіміне тұрғындарды бағалау қорытындысымен таныстырғанда жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Қазір комиссия 2 940 өтініш қабылдады, 2 727 өтініш қарауға жолданды. 2 624 үйге бағалау, 2 671 үйге техникалық тексеру жүргізілді. 756 үй апатты жағдайда деп танылды. 100-ден астам тұрғын бағалау қорытындысымен танысып, өтемақы сомасына келісті.  Бағалау мамандары тәулік бойы жұмыс істейді.

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button