Жарнама
Құқық

Тәртіп күзетіндегі егіздер

Атырау полицейлері арасында түр-келбеті қос тамшыдай егіздердің үш жұбы еңбек етіп жүр. Облыстық полиция департаментінде үш егіздің бар екенін білгенде, таңырқап қалдық. Олар – исатайлық Дулат пен Дамир Нұрмұханбетовтер, Олжас пен Жалғас Сыдиқовтар және атыраулық  Амир мен Дамир Бисенбайұлдары.

– Бір отбасынан шыққан ағалы-інілі, ағалы-қарындасты немесе отбасылық династияны жалғастырып жүрген тәртіп сақшыларын кездестіруге болады. Ал, егіз жандардың есейгенде бірге оқып, бір жерде қызмет атқаруы жиі кездеспейтін жағдай. Дегенмен, үш отбасынан шыққан егіз- полицейлер  облыс ішкі істер органдарында қызмет атқаруда,-дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Атыраулық  Амир мен Дамир Бисенбайұлдары – қарапайым отбасында дүниеге келген егіздер. Олардың анасы Әлия Адиятқызының айтуынша, сақшы болу қос егіздің бала кезден арманы екен. Қайда жүрсе де бір — бірінен ажырамай, бірге жүретін әдемі қылықтарын еске алған аналары Амир мен Дамирдың «бұзықтықтарына» дейін бірдей болғанын айтады. «Отбасында бес баламыз бар, аға-апаларынан   ерекшеліктері – бір-бірін іздеп жүреді, өте бауырмал» — дейді егіздердің анасы Әлия Адиятқызы.

Амир мен Дамир орта мектепті бітіріп, әскер қатарына бірге барып, 2018 жылға дейін бір бөлімде әскери борыштарын өтейді. Бала армандарына асыққан қос ұлан басқа мамандықты таң­дау туралы ойланбастан, бірден ішкі істер органдарына келеді.

Бүгінде Амир – департаменттің Айдауыл қызметі взводының арнайы тобының полицейі, ал Дамир Жылыой АПБ-нің жедел уәкілі. Алға қойған мақсаттарына берік, қиындыққа қайысып, еңсесі түспейтін, өзгерістерге ұмтылудан бір тынбайтын егіз­дер туралы ұжымдастары да оң пікірде. Олардың айтуларынша, әңгіме кейіпкерлері жүктелген міндеттерін жауапкершілікпен орындайды. Екеуі де қызметтеріне адал, уақытпен санаспайды.

Өз­деріне сеніп тапсырылған учас­кеде қызмет жа­уап­­кершілігін ерекше сезініп, бі­лімді де білікті тәртіп сақ­шы­лары қатарынан көрініп жүрген құрманғазылық егіз полиция капитандары Олжас пен Жалғас Сдыховтар.

«Жас кезімізде ауылдағы­лар бізді шатастырып алып жататын, «Олжас-Жалғас» деп қатар айтып, шақыра­тын. Қазір де киген киіміміз бірдей болғандықтан, жұмыста да ажырата алмайтындар бар. Күштік құрылым саласына ке­луіміз – бөлек әңгіме» деген олар қалай студент атанғандарын күліп еске алды. Тіпті кейде, арыз-шағым жасаған тұрғындар да Олжас пен Жалғасты шатастырып жатады екен.  

Қос бозбаланың «полицей болсақ» деген арманына қос иығына шен таққан нағашылары қозғау салыпты. Жоғары шенге дейін көтеріл­ген ел азаматына еліктегендері сон­шалық, 2014 жылы мектеп бітіріп, М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түседі. Оны үздік аяқтап, туған жерде еңбек етуді мақсат етіп, Құрманғазы аудандық полиция бөліміне қызметке келген. 

Айтпақшы, егіздер отбасында ортаншылар, бір аға және бір қарындастары бар.

Қазіргі таңда Олжас – облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, ал Жалғас – Құрманғазы аудандық полиция бөлімі экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының аға жедел уәкілі. Олар көз майын тауысып, қыл­мыстық істерді тексерумен айналысқан, күдіктілер­дің кінәлары дәлелденген том-том іс материалдары архив сө­ре­­лерінде қаттаулы тұр.

Бүгінде егіздердің өз алдына шаңырақтары бар. Олжастың көз қуанышы кішкентай екі қызы, ал Жалғастың бір қызы бар. Қос бірдей полиция капитаны бұл саланы таңдағандарына ешқашан өкінген емес. Нәтижелі жұмыстарының арқасында мақтаулы маман атанған егіздер «Қазақстан полициясына 30 жыл», «Қылмыстық іздестіру қызметіне 100 жыл» медальдарымен марапатталған. 

Құқық қорғау саласында кәсіби біліктілігі мен сертіне берік тәртіп сақшылары аз емес. Соның ішінде полиция капитандары Олжас пен Жалғас өздеріне артылған сенімді ақтауда алдымен патриоттық сезімді, әділеттікті, абыройлы болуды негізгі ұстаным санайды.

Адамға көмектесу – олардың өмірлік ұстанымы мен басты борышы. Сол себепті де исатайлық егіздер Дулат пен Дамир Нұрмұханбетовтер жұптары жазылмай бір саланы таңдаған. Дулат Болатұлы – Исатай аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, ал Думан Болатұлы – Исатай аудандық ПБ тергеу бөлімшесінің тергеушісі.

Ағайындылар біріне тапсырылған істі күн-түн демей бірлесе орындайтын әдетінен әлі күнге жаңылған емес.

– Полицей – жауапты мамандық. Тәртіп сақшысы – үнемі қоғам мүддесі, ондағы тәртіп пен тыныштық үшін қызмет ететін жан. Халық әр түні ұйқыға жатарда өзінің қауіпсіздігі мен тыныштығына сенімді болуы керек. Олай болса, біз бұл саланы таңдағанымызға өкінбейміз. Одан соң бір салада еңбек еткеннің артықшылығы – қашан да бір-бірімізге көмектесе аламыз. Өйткені, илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы ғой. Үйде де, жұмыста да бірге келеміз,-дейді шен таққан егіздердің бұл жұбы.

Дулат пен Дамир әртүрлі учаскелерде қызмет етеді. Алайда, егіздер бір-бірімен үнемі ақылдасып, тәжірибе алмасады. Бауырларына қамқорлық танытып, ата-анасының мақтанышына айналып отырған жігіттердің бағындырар биігі әлі алда.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button