МЕРЕКЕ СУРЕТШІГЕ ДЕ ШАБЫТ СЫЙЛАДЫ

Қала күні мерекесінде атыраулық суретшілер де өз қолтаңбаларын қалдырды. Олар «Ақ желкен» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен облыстық әкімдік жанындағы Бейбарыс алаңында сол маңдағы қала көріністерін бейнелеп, этюд салудан пленэр өткізді.

 

Пленэрге қатысқан жеті суретшінің арасынан облысымызға танымал қылқалам шебері Әділхайыр Жантасовты алыстан жазбай танисың. Студент кезінде-ақ достары «Ураган» деп атап кеткен суретшінің жаңа туындысы әп-сәтте дайын болды.  

Жеңістің жетпіс жылдығына арналған облыстық суретшілер байқауында бірінші орынды иеленген Елеуғали Дәукенов те (суретте) өз еңбегінде Бейбарыс алаңындағы субұрқақтың табиғи реңін дәл беру үшін қолындағы майлы бояуларын жиі ауыстырып әлек. Тимур Қоесов, Мәди Нұрхиев және Асылжан Қожантаевтар да өз қиялдарымен іштей сырласып, таза ауада еркін шығармашылыққа алаңсыз берілген.

Көз жетер жердегі қала элементтерін кенеп бетіне түсіруге асыққан жас суретшілер А.Тілекқабыл, Н.Галиева және  А.Қасымова – Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының шәкірттері. Олар ұстаздары Әділхайыр Жантасовты өздеріне үлгі тұтады.  Әсем Атырауды бейнелеген қылқалам иелерінің сиясы кеппеген бүгінгі жұмыстарын таяуда «Ақ желкен» шығармашылық орталығында өтетін көрмеден тамашалайтын боламыз.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз