ҚАЗАҚСТАН – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ МЕКЕНІ

Облыстық әкімдік жанындағы Бейбарыс алаңында «АрАРУ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақстан – ұлы достық мекені» атты ұлттар жәрмеңкесімен қатар, этномәдени бірлестіктер мен өнерлі жастардың концерті өтті.

 

Ұлттар жәрмеңкесіне қатысқан этномәдени бірлестік өкілдері өздері дайындаған ұлттық тағамдарды көпшілікке үлестірді. Қазақтың бауырсағы мен көжесі де осында.

Жәрмеңкеден соң әсем ән мен биге де кезек келді. Халықтар достығына арналған концерттік бағдарлама «Шашу» биімен ашылды. «Арабеск» би тобы «Борбарики» биін билесе, «Россияночка» халықтық ансамблі орыс әндерінен попурри орындады. Татар халқының «Сапожки», Кавказ халқының «Лезгинка» биі де көпшілік көңілін бір серпілтіп тастады. Жас әнші Асхат Жалғабай да әсем әндерімен жастардың қошеметіне ие болды. «Довира» украин этномәдени бірлестігі мен «Хуторянка» ансамблі украин әндерінен попурри орындады.  Сондай-ақ, сахна төрінде «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігінің «Со куан» би ансамблі «Пиульги» биін биледі. Атыраулық жас әнші Әсет Әлиев «Байтақ жерім – Атырауым» әнін шырқады.   

Шара барысында «Инстаграмм» әлеуметтік желісінде қызықты фотосуреттерге байқау жарияланып, жүлдегерлерге  кинотеатрға билет және мейрамханаға кешкі асқа сертификат беруге уәде етілген болатын. Орал қаласынан келген «Назар аудар» КВН құрама командасының жігіттері жеңімпаздардың осы бәйгелерін табыс етті.    

«Таңшолпан» балабақшасының бүлдіршіндері «Әрқашан күн сөнбесін» әнін шырқап,  ақ көгершіндерді аспанға ұшырды. Шара соңында  білім беру саласындағы жоғары кәсіби іскерліктері үшін қаламыздағы бір топ оқу орнының басшыларына  қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтың Алғыс хаты табыс етілді. Жиналған көпшілік «Назар аудар» жайдарманшыларының өнерін тамашалады.  

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз