«АҚТӨБЕ – АТЫРАУ – АСТРАХАН»

тас жолының құрылысы биыл басталады! 

«Атырау – Астрахан! » Тозығы жеткен осы жол бойындағы жанайқай талайдан бері айтылып-айтылып, жауыр болған тақырыпқа айналды. Сүйінші жаңалық сол, биылғы жылдан бастап, халықаралық маңызға ие «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» тас жолының құрылысы басталады. Стратегиялық жолдың жаңаруы – аудан өміріне жаңаша рең, өзгеше тыныс береді деп күтілуде. Бұл жаңалық облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қатысуымен өткен Құрманғазы ауданының басшысы Амангелді Барақатовтың есеп-беру жиынында белгілі болды. 

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАЛАРЫ:

Аудан экономикасына инвестиция тарту;

Кәсіпкерлердің несие алуын қолдау;

Шағын және орта бизнесті дамыту;

«Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына шаруа қожалықтарын көбірек тарту;

Егін көлемін арттыру, тамшылатып суару әдісін кеңейту, картоп өсіруге ден қою;

Дәрігер мамандардың жетіспеушілігі проблемасын шешу;

Білім сапасын көтеру.

 

Даму перспективалары:

«Ақтөбе – Атырау – Астрахан» тас жолының құрылысы басталады;

  Азғыр өңіріне газ тартылады;

  Сүйіндік, Теңіз ауылдық округтерінде екі орта мектеп салынады. 

Аудан үшін өткен жыл нендей оқиғаларымен есте қалды? Атап өту керек, Қоянды топтық су құбырының пайдалануға берілуі – Азғыр өңірі үшін зор жаңалық болды. Оның көмегімен жер асты суын тиімді пайдалану арқылы, бүгінде Сүйіндік, Балқұдық елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуге қол жетіп отыр. Ендігі кезекте, Азғыр өңіріне газ тартылады деп күтілуде. Есепті жиын барысында белгілі болғаны, бүгінде газ тартуға байланысты жобалау-сметалық құжаттар дайын тұр. «Газ тартылғаннан кейін, өңір электр тәуелсіздігіне қол жеткізеді» дейді аудан басшысы Амангелді Барақатов. Дәл қазір Азғыр электр қуатын көршілес Астрахан облысынан алып отыр. Газдандыру мәселесі шешілген жағдайда, Азғырда газ электр стансасы салынып, өңірді электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашылады деп күтілуде.

Тағы бір атап өтерлік мәселе, Құрманғазы өңірі асыл тұқымды мал өсіру бойынша облыстың ішкі рейтингінде лайықты орын алып отыр. Мәселен, «Құрманғазы» өндірістік кооперативі еділбай қойын түрлендіріп, аққарабас қойды өсіріп отыр. Айыр өркешті түйені де асылдандыруда. Бұл – республикада кездесетін некен-саяқ құбылыс. Бүгінде 14-15 мыңға жуық мал өргізіп отырған кооператив иесі, «Құрмет» орденінің иегері Сабыржан Сұлтановтың малды асылдандыру тақырыбында диссертация қорғағандығын да атап өту парыз.

Балық шаруашылығында да бұл өңір жаңалықсыз емес. «Каспий балық», «Каспий таңы» кооперативтерінде және «Сәрсембаев» шаруа қожалығында ауланған балықтың 80 пайызы осы ауданның өз ішінде өңделеді. Тұздалған, кептірілген, салқындатып, қатырылған балықтар ауданның сұранысын толық қамтамасыз етуде. Артылғаны, көршілес Ресейдің Астрахан облысына да сатылуда. 

Атқарылған жұмыс та, кейбір кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, аудан 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі дайындықпен қамту көрсеткіші бойынша облыстың ішкі рейтингінде соңғы орында. Жалғызапанның мектебі сын көтермейді. Жасталап ауылындағы мектеп апатты жағдайда тұр. Алтын медальға үміткер деген 27 шәкірттің екеуі ғана білімін дәлелдеген. «Үздік аттестат» деген белгі атымен жоқ. Кәсіпкерлік саласы бойынша несие беру – 5-ақ пайыз. Құрылыс қарқыны төмендеп кеткен. Азғыр ауылына алып келген дәрігер маман әлі күнге дейін баспанасыз отыр. Өзге де мәселелерге тоқталған облыс әкімі кемшіліктерді жедел түзеуді міндеттеді. 

«Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ Атырау өкілдігі арқылы есепті кезеңде:

– «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 10 адамға 22,2 млн. теңгеге;

– «Ауылдық жерлердегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 5 адамға 23,8 млн. теңгеге несие берілді.  

«Өрлеу» шартты ақшалай көмегі бойынша 6 отбасынан 41 адамға 1998,6 мың теңге қаржы төленіп, нәтижесінде 2 адам ақылы қызметке, 4 адам жұмысқа орналасты. 

Бүгінгі таңда «Сарсенбаев Е.» шаруа қожалығына қарасты «Әуесқой балық аулау және туристік базасының», «Бисенов А.Т.» шаруа қожалығына қарасты «Туристік демалыс базасының» құрылысы аяқталып, лицензия алу жұмыстары жүргізілуде. 

 

Денсаулық сақтау саласы

   Аудан бойынша алғаш рет туберкулезбен ауру көрсеткішін төмендетуге қол жетті. Мәселен, 2014 жылы 59 адам тіркелсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш екі адамға кеміген;

   Есепті мерзімде Дәшін, Приморье, Котяев дәрігерлік амбулаториясы тапсырылды. Ақкөл дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтті.

 

Жиын барысында сөз алған жергілікті азаматтар бірқатар проблемалық мәселелерді де көтерді. Мәселен, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Мансұр Қуанышәлиев алыс елді мекендерден қатынап оқитын оқушыларды тасымалдайтын автокөліктердің жетіспейтіндігін атап өтті. Ал, Алға ауылының тұрғыны, «Құбашев Е.» қожалығының жетекшісі Есболат Құбашев мал шаруашылығын дамыту үшін, Көкарна өзегіне су жеткізуді, шаруашылығы орналасқан жерді газбен, электр жарығымен қамтамасыз етуді сұрады.

Стратегиялық қақпа саналатын Құрманғазы ауданына іссапары барысында облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов  «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Асқар ҒҰМАРОВ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз