БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕ ЗАҢМЕН ШЕШІЛЕДІ

Президенттің  берген  тапсырмасы  да осы

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің жеке қабылдауына жазылған он бес шақты азаматтың бәрінің де айтар арызы, шағар мұңы бар. «Шешімін тапса екен» деген үкілі үмітпен табалдырықтан аттайды. Әйтсе де, атқарушы биліктің де мүмкіндігі шектеулі. Тұрғындар тілегіне қаншама түсіністік танытқанымен, қолданыстағы заңдылықтарды да аяқасты етуге болмайды.

alogo1223333334Мәселен, Дариға Қонысова әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын осал отбасы ретінде пәтер сұрайды. Қазір кезекте 227-ші болып тұр екен. Соның сақталуына сенбейтін секілді.
– Мен келгелі заң бұзғаным жоқ, – деді оған аймақ басшысы, – алдағы уақытта да бұзбаймын. «Бүгін-ертең пәтерлі боласың» деп ешкімге бос уәде де бермеймін. Кезекте тұрғандар сол бойынша баспанасын алады.
Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылы пәтер кезегі мардымды жылжымағаны рас. Өйткені, шұғыл түрде байырғы Байшонас тұрғындарын көшіруге тура келді. Осы әбден тозған мұнайшылар мекенінің отбасылары үшін 800 пәтер бөлінді.
Ал, биыл 1000 пәтер пайдалануға берілуі күтілуде. Келесі жылы тағы да 2000 отбасының баспаналы болу мүмкіндігі бар. Қазір құрылыс қарқыны жақсы. «Нұрсая» ықшамауданының ар жағында тұтас елді мекен бой көтермекші. Міне, соның бәрі өзінің болашақ тұрғындарын күтіп тұр. Оның үстіне, мамандардың пайымдауынша, салынып жатқан үйлердің сапасы әлдеқайда жақсы.
Облыстық балалар ауруханасының дәрігері Арыстан Алмағамбетовтің үлкен ұлы Қытайда медицина университетінде оқиды, ал кішісі сонда тіл үйрену колледжінде екен. Қаржыдан тарыққан азамат екінші курс студенті Еркебұлан Сенғалиевтің оқу ақысын төлеуге көмектесуді өтінді.
Оның бұл тілегі құп алынды. Өйткені, қазір Аджип ҚКО компаниясының демеушілігімен 250 атыраулық жастың оқу ақылары төленуде. Тек бір ғана талап бар, ол – студенттердің «жақсы» және «өте жақсы» бағалармен оқуы. Әйтпесе, шетелдік компания қаражат аударуды күрт тоқтатады.
– Тағы бір мәселе, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы, – өзіміз оқытып жатқан жастар міндетті түрде туған еліне оралуы тиіс. Олармен осындай келісім жасалуы керек.
Облыс әкімінің қабылдауына келген бір топ тұрғынның тілегі – апатты үйлерін жаңа пәтерлермен ауыстыру. Қазір мұндай 270 ғимарат тіркеліпті.
Аймақ басшысы ешкімге де бас тартпады. Бәрі де кезегімен алады. Тек бір ғана шарт бар. Апатты үйдің тұрғыны ескі баспанасын жер телімімен қоса мемлекетке тапсыруы тиіс. Сонда жайлы да жаңа пәтерге ие болады, оны еш кідіріссіз жекешелендіру мүмкіндігі де туады.
Нұрбек Есбосынов – Атырауға алдыңғы жылы арнайы шақырумен келген дәрігер. Келіншегі де осы салада қызмет істейді. Бүгінде екеуі пәтер жалдап жүр. Қазіргі кезегі 5564-ші. Бірақ, жас маман одан әрі білімін жетілдірмек ниетімен қызметтен өз еркімен босапты. Облыс әкімі оған пәтер кезегі сақталатынын, оқуын тәмамдаған соң қайтып келуіне болатынын айтты.
Мақаттық Бағытжан Тәжікенованың үйі былтыр жартылай құлап қалыпты. Тұруға жарамсыз. Қазір кейуана туыстарын сағалап жүр. Арқа сүйер ұлы да қайтыс болыпты. Нағыз жәрдем қолын созар жан. Әттең, тағы да қолданыстағы заңдар кезексіз баспана беруге рұқсат етпейді.
Әйтсе де, облыс әкімі ардақты ананың ұзақ жылдар темір жол саласында қызмет істегенін ескеріп, осындағы басшылар арқылы көмектесетіндігін жеткізді. Көшеде қалмайтындығын айтып, көңілін демдеді.
…Облыс әкімі алдына кімдер келмейді десеңізші? Егілгенде көз жасына етегі толатын ақ жаулықты аналар да, тығырыққа тірелген еңгезердей азаматтар да, келешегіне көз жүгірткен жастар да, егде тартқанда тіреусіз қалған қарттар да үкілі үміт жетегімен жетеді. Барлығына пәтер беріп, үйлерін жөндеп, қаражатпен қамтып, жұмыспен жарылқап риза етуге болар еді. Тек соның бәрі, қайталап айтқанда, қолданыстағы заңдылықтар аясында жүзеге асуы тиіс.

М. ЕЛЕМЕСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Е. АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз