ТОҒЖАН «ҰЛТ ДАУЫСЫ» АТАНДЫ

Өткен жексенбіде қалалық жастар ресурстық орталығы мен «Рауан» жастар қоры» қоғамдық бірлестігі жастарға арнап нағыз өнер додасын ұйымдастырды. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қала әкімдігінің қолдауымен алғаш рет «Ұлт дауысы» атты аймақтық фестиваль өтті.

 

Мақсат – әртүрлі жанрда ән салатын қала тұрғындарына қолдау білдіру, оларды көпшілікке таныстырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Бәйгенің бас жүлдесіне пианино синтезаторы, екінші орынға музыкалық орталық, үшінші орынға ұялы телефон және көрермендер көзайымына гитара тігілді.

Айта кету керек, бұған дейін 29 шілде «Роял» пабында байқаудың іріктеу кезеңі өтіп, оған барлығы 35 орындаушы қатысқан болатын. Содан ақтық кезеңге 14 үміткер жолдама алған еді.

Он төрт пен отыз жас аралығындағы жастар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бір-бір әннен орындап шықты. Әрқайсысының сахналық кейпі, актерлік шеберлігі және ең бастысы – вокалдық дарыны басты назарға ілінді. Атыраулықтардың өнерін жергілікті өнерпаздар Әсет Алиев, Венера Манасова, Елена Ералина және «Рауан» қорының төрағасы Ербол Рыспаевтан құралған қазылар алқасы сарапқа салды.

Нәтижесінде биыл қаламыздағы дарын мектебін тәмамдаған Тоғжан Сүндетова биік тұғырдан көрініп, бірінші орынды жеңіп алды. Сөйтіп, оған ақшалай сертификатты және ән жазбасы мен бейнебаян түсіріліміне жолдаманы калмыкиялық продюссер Рустам Боджаев өз қолымен табыстады. Элиста қаласынан арнайы келген мейман «Легато мюзик продакшн» орталығына басшылық жасайды. Одан кейінгі екінші орынды Зарина Қабдолова иеленсе, үшінші орынды Айбар Ғаниұлы қанағат тұтты. Ал, ең жас сайыскер Талғат Қаленов көрермен көзайымына айналды.

Теміржолшылар отбасынан шыққан Тоғжан бұған дейін де «Жарқын болашақ» республикалық өнер додасында бас бәйгемен қоса, білім грантын да ұтып алған. «Болашақта журналист болуды армандаймын. Жанұямда кәсіби түрде музыкамен айналыспағанымызбен,анамнан бастап бәріміз ән салуды ұнатамыз. Інім Тілекқабыл Дәулет «Bala Turkvizyon Қазақстан» байқауының облыстық іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. Енді республикалық кезеңде жеңіске жетсе, Ыстамбұл қаласында ел намысын қорғайтын болады. Ал, мен ұлт дауысы болып таңдалғаныма әлі сенбей тұрмын» – дейді толқыныс үстіндегі Тоғжан.

Амандық АБДОЛ.

Суретті түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз