Тарихтан – тағылым

zal Қоғам

«Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

зал

Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі қасиетті орындары мен кешендерінің толық тізіміне кірген нысандар, яғни, республикалық мәнге ие 23 тарихи және мәдени ескерткіштерге ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары өткізілді. Атап айтқанда, Шақпақ ата, Қараман ата қорымдары, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелері, Ақыртас, Аппақ ишан күмбездері, Ескі Түркістан, Сауран, Сығанақ, Ескі Тараз, Талғар қалашықтары жөнделді. Алдағы уақытта мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайларының «Ұлытау», «Отырар» және «Таңбалы» атты үш бірдей қабылдау орталықтарының құрылысы жүреді деп күтілуде.

Қазақстаннан шыққан танымал тарихи тұлғалармен байланысты шетелдегі қасиетті жерлерді зерттеу және тану жұмыстары басталады. Атап айтқанда, аталмыш жоспардың басты бағдары Ресей және Өзбекстан елдеріне негізделеді.

Бүгінгі таңда «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында еліміздің барлық өңірлерінде бірқатар жұмыстар жасалуда. Мәселен, бір ғана Атырау облысында ұзындығы 33 шақырым болатын  «Ақмешіт» кешеніне Құлсары қаласынан жол құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды және сараптамаға ұсынылды. Бүгінде көрсетілген нысанға дейін электр желісі және қабылдау орталығы салынды.

Қазіргі таңда «Жалпыұлттық және өңірлік қасиетті жерлер бойынша нысандардың әрқайсысының толық сипаттамасы мен 3D турлары көрсетілген интерактивті, виртуалды карталар жұмыс істеп тұр. Қазақстанның қасиетті нысандары туралы әлеуметтік желілерге арналған ұялы форматтағы отыз бейнеролик, ҚР Ұлттық мұражайында «Рухани жаңғыру» залы ашылды.

«Туған жер» бағдарламасы аясында жас буынның танымдық көзқарасын кеңейту, еліміздегі тарихи маңызы зор орындармен таныстыру, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін арттыру мақсатында мектеп оқушыларының Қазақстанның қасиетті орындарына саяхатын ұйымдастыру жөніндегі республикалық акция бастау алды. Арнайы белгіленген графикке сәйкес, Қазақстанның әр аумағынан 70 оқушы республикамыз бойынша өлкетану турларына шықты. Аталмыш турларға аз қамтылған отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі балалар, оқу озаттары, жарыстар мен бәйгелердің жүлдегерлері қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Еліміздің тарихи және рухани өмірінен сыр шерту, әрі туризм саласын дамыту мақсатында BBC World News телеарнасының қатысуымен «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы», «Алтын батыр», «Қожа Ахмет Яссауи және Айша бибі кесенелері» фильмдер жинағы жарық көрді. Сондай-ақ,  «Күлтегін. Жаңа көзқарас» атты деректі тарихи фильм, танымал актер Марк Дакаскостың қатысуымен «Номадтар жері» фильмі жарыққа шықты.

Баян Жанұзақова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз