«ХИУАЗ – ЕРЛІКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ»

Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясында жазушы, публицист, өнер сыншысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сара Ләтиевамен кездесу кеші өтті. Онда қаламгер өз шығармашылығы, бүгінгі әдебиет әлемі мен өнердің өзекті мәселелері туралы әсерлі әңгіме айтты. Кештен кейін жазушымен сұхбаттасып, өзі жазған әйгілі өнер саңлақтары, қоғам қайраткерлері туралы тың ақпараттарға қанықтық. Белгілі өнер сыншысымен болған әңгімені оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

 

– Сара Шәріпқызы, Сіз жаз-ған алты алашқа ардақты есімдердің қатарында «Қанатты қыз» атанған Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова да бар. Батыр қызбен кездесіп, әңгімелескен шақтарыңызға оралып көрсек…

– Иә, биылғы жыл – Ұлы Жеңістің 70 жылдығының жылы. Сол бір 18 жасында қан кешіп, елі үшін жанын аямаған нағыз батырдың бірі – Хиуаз Доспановамен көзі тірісінде бірнеше рет кездесіп, сұхбаттасқаным рас. Ол кісінің мен өте қатты бағалаған қасиеті – өмірде қаншама қиындық көрсе де жеңе білгені, рухының мықтылығы.

Иә, ол Кеңестер Одағының Батыры, ұшқыш Марина Раскованың 588-ші ұшқыштар полкының құрамында қанқұйлы неміс фашистеріне көктен қырандай шүйіліп, талай ерлік жасады. Жанып, құлаған ұшақтың ішінде қалып, бірнеше жерінен жарақат алған уақытында да қайтадан тұрды және өзі қызмет еткен полкқа оралып, ұшақты қайта басқарды.

Ол кісі негізі соғыс туралы әңгімені көп айтпайтын. Сұрай алған жағдайда: «Соғыс біздің бала кезімізде өтті ғой.Әуедегі талай шайқастарға қатысқаным рас. Бірақ, ол сол кездегі жастардың, оның ішінде менің де міндетім Отанды қорғау, фашистік басқыншыларға қарсы қолдан келгенше күресу басты парызымыз болатын. Мен тек сол ғана борышымды өтедім… Енді ол заман қайталанбасын. Ел тыныш, жұрт аман болсын»,- деп қысқа қайыратын.

Соғысты көріп, азабын шеккен ардагерлердің бәрі сияқты, ол да бұл тақырыпқа қайта оралғысы келмейтін. Бәлкім, алаңсыз жастық шағының ойранын шығарған сол бір алапат майданды еске алғысы келмеді ме екен?! Әлде, ендігі ұрпақ соғыс деген қасіретті естімей, көрмей өссінші деген тілектен бе екен?! Әйтеуір, сол зұлматты айтқысы жоқ еді.

Тіптен, 2004 жылы 7 желтоқсанда өзіне «Халық қаһарманы» атағын берген салтанатты жиында да : «Бұл маған не үшін керек?» деп сұрағаны есімде. Иә, Хиуаз Доспановаға ол атақ керек емес еді! Өйткені, соғыс біткелі қаншама жыл өтті?! Жиырмадан жаңа асқан балаң қыздың ұшаққа отырып, қандай жарақат алса да тайсалмай, әуе арқылы жауға қырғидай шүйілгені нағыз ерлік дастаны еді! Алайда, одан бері де 60 жылдан астам уақыт өтті. Ол аз уақыт емес. Соншама жыл бойы қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыздың тарих шаңына көміліп, ұмытылып қалуы әділеттілік емес.

Хиуаз апамыз соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында да аянбай еліне еңбек етті. Алматы қаласы партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған жылдарында салдырған дәрігерлік клиникасы, басқа да ел үшін қажетті нысандарды ашуға үлес қосты.

Бірақ, сол кездегі коммунистік партияның асыра сілтеу саясатының салқыны Хиуазды да шарпыды. Сөйтіп, бір күнде қызметтен шеттетілді. Міне, содан кейін де 40 жыл уақыт бойына оны ешкім іздемеді. Тек Бауыржан Момышұлы сияқты батыр ағаларының ғана қамқорлығын сезінді сол бір қиын сәттерде.

Елбасымыздың көрегендігі сонда, Хиуаз Доспанованың көзі тірісінде «Халық қаһарманы» атағын берді. Бұл атақ ерлікке деген тағзым, оны үлгі ету еді. Ол жас өрендерді Отансүйгіштікке баулу үшін керек еді! Хиуаз апай да соны түсінді, сондықтан, өзін аласартпаған күйі, төмендетпеген күйі өтті өмірден.

Соншама уақыт ішінде «Мен – Хиуаз Доспанова едім» деп ешкімнің есігін қақпады, ерлігін бұлдамады, еңбегін сатпады!

Соңғы рет телефон арқылы сөйлестік. Сонда: «2008 жылы мамырда мен 86 жасқа толамын»,-деп еді. Және сол сөзін бірнеше рет қайталады. Оны жайдан жай айтқан жоқ менің түсінуімше. Тағдыр оғының жақындап қалғанын сезгендіктен айтты деп ойлаймын. Ол кісі бақилық болғаннан кейін естеліктерді жинақтап «Хиуаз» деген кітапты құрастырдық. Қолымыздан келген жақсылығымыз сол болды.

– Сіздің «Бұлбұл» деген кітабыңыз СССР Халық әртісі Күләш Байсейітоваға арналған. Күләштің өмірінде де, өлімінде де үлкен бір жұмбақ сыр бар деп ойлайды халық. Сіз Күләштің араласқан ортасын зерттеген қаламгер ретінде не айтар едіңіз?

– Күләш Байсейітова – қазақ халқының даңқын әлемге жайған адам. Өзі жастайынан тағдыр тауқыметі мен жоқшылық азабын көріп өскен қаршадай қыз бір-ақ сәтте атағы аспандап шыға келді. Ол СССР Халық әртісі атағын алған кезде небәрі жиырмадан жаңа асқан балауса жас еді. Бірақ, оған үлкен жүк артылды. Ол оны қаласын, қаламасын, көтере білді, атағына сай болуға тырысты. Күләштің даусы музыка теориясымен айтқанда «сопрано». Күләшқа дейін де, одан кейін де бұл дауыс қайталанбады. Ол – жалғыз!

Қазақтың музыка театрын құруға себепкер болған жалғыз адам – Күләш! Оның алдында үлгі алатыны, соңында ақылдасатыны болмады. Өзін ешкіммен салыстыра алмады. Алайда, Сталиннің өзін таң қалдырған бұндай дауыс, талант ғасырда бір адамға ғана беріледі дер едім! Күләш туралы жазған кезде мен көптеген қиындыққа кездестім. Онымен бірге жүрген, дос болған адамдар ол туралы айтудан, әңгімелесуден ашықтан-ашық бас тартты. Тек маған көптеген мәселелерді айтқан жазушы Ғабит Мүсірепов болды. Ол кезде өзі ауырыңқырап жүрген екен. Телефон шалып, бұйымтайымды айтқаннан кейін, кездесуге келіскен уақытта үйіне келдім. Төрт сағаттан асқан сұхбатта көп мәселелер айтылды. Кетерімде Ғабең: «Гүлаш туралы айтылатын әңгіме көп. Бүгінгі айтқаным бәрі емес, менің ол туралы айта алатыным ғана – осы», – деген еді.

Сол әңгімелерді темірқазығым етіп, көптеген мұрағат материалдарын ақтарып «Бұлбұлды» жазып шықтым. Повесть-эссе жанрымен жазылған туынды. Күләштің өліміне себеп болған оның үстінен он адамның қолы қойылып, жоғарыға кеткен жалаға толы хатты жазған адамдарды да білемін. Олардың көбі бүгінде о дүниелік. Бір-екеуі ғана тірі. Бірақ, мен оларды атай алмаймын. Өйткені, олар да – қазақ өнерінің белгілі өкілдері. Өнерде өз орны бар адамдар.

– Күләш туралы жуықта көркем фильм түсірілді. Ол көрермендерден өз бағасын алып та үлгерді. Осы фильм туралы ойыңыз қандай?

– Бұл фильмді мен де көрдім. Бірақ, қандай адамдардың түсіргенінен бейхабармын. Пікірімізді сұраған еш адам жоқ. Мен оған ренжімеймін. Ал, фильмге келетін болсақ, шынын айту керек, менің көңілім толмады. Өйткені, Күләш бізде біреу ғана! Оны күнделікті күйбең өмірмен араластырып,тірлік шырғалаңына көміп қойғаны дұрыс емес деп есептеймін. Сонымен қатар, Қанабек пен екеуінің арасында фильмде көрсетілгендей, келіспеушіліктер болмаған. Оны Күләштің көзін көргендердің бәрі де айта алады. Жалпы, халық санасынан берік орын алған, ұлттық өнерді дамытуда еңбегі сіңген сахна майталмандары туралы жазған кезде және кино түсіргенде сақ болған дұрыс. Күләш сияқты саф алтындай дарындарымызды төмендетіп алмайық дер едім.

– Әңгімеңіз үшін рахмет. Шығармашылық табыстар тілейміз.

Әңгімелескен

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз