БАСТЫ ИММУНИТЕТ – БІЛІМДЕ

immunitetbolim«Облысымызда салафилік, уахабилік ағымдар белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бір жағынан оған айыпты өзіміз. Сондықтан да, имамдар мәдениетімен, жан-жақтылығымен, көркем мінезімен, тахуалығымен, шариғаттағы жоғары білімділігімен қашанда қоғамның алдыңғы қатарында болуы тиіс» деп атап өтті Дін істері департаментінің бастығы Еркінбек Шоқаев имамдардың біліктілігін арттыру курсының ашылуына орай өткен баспасөз-мәслихатында.
Төрт күнге созылатын курстың басты ерекшелігі – оқу барысында имамдар отандық саясат, әлемдік саясат, құқықтану, философия, ІТ технология пәндері бойынша да білім алатын болады. Курстың жаңалығы да осы.

«Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында өткен конференция барысында Еркінбек Шоқаев курстың бір жағынан имамдармен пікір-алмасу мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын да айтты. «Фиқһ, намазды қалай оқу керек, мәзһабты ұстану мәселесі, балақты қысқарту керек пе, жоқ па?» деген секілді теологиялық тақырыптардағы көкейтесті мәселелер талқыланатын болады. Ең бастысы біздің, яғни имамдардың шариғаттағы дәлелі дәстүрлі емес ағымдағылардан жоғары болуы керек. Жамағатты біз сонда ғана өзімізге қарата аламыз» деп атап өтті ол. 
Облыстық «Иманғали» мешітінің наиб-имамы Еркебұлан Қарақұлов курсқа әшейін бір саяхатқа келіп-кету деп қарамау керектігін айтты. «Шариғатта көрсетілгеніндей, білетін адам мен білмейтін адам ешуақытта бірге бола алмайды. Және Құранда барлық аяттар «Оқы!» деп жазылады. Қарапайым хадистен қателесетін болсақ, бұл бізге сын. Сондықтан, әсіресе жастар арасында жайлап жатырған теріс ағымдағы идеологияға қарсы тұру үшін, білім, білік артуы керек» деді ол. Өз кезегінде оқу курсының басты тренерлерінің бірі, Дін істері департаментінің теолог-маманы Ерғали Алпысбаев «білім бүгін өте қажетті мәселенің қатарынан көрініп отыр. Қазір бұрынғыдай жамағат та, заман да жоқ. Бұрын жамағат имам не айтса, соны орындап, имам уағыздарының барлығын ақ деп қабылдайтын. Ал, қазіргі жамағат білімді. Сол жамағаттан Құран, иә фиқһ жағынан қалыс қап жататын болсақ, онда біз тыңдаушыларымыздан айрыламыз. Сондықтан, жамағатты сақтап қалу үшін имамдарымыздың ілімі де, білімі де, көркем мінезі де жоғары болуы керек» деп атап өтті.
Иә, қалай десек те, буыны енді қатайған жас мемлекетіміз дінді жамылған дінсіз топтардың қыспағында қалып отыр. Ендігі жол жамағатты хақ ілім мен біліммен баурап алу арқылы, қоғамды тазарту. Біз әңгімелеп отырған біліктілік курсын да осындай игі мақсатқа жасалған алғашқы қадам деп қабылдау керек.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз