Қадір деген ағамыз болған…

Screenshot 2 1 Қоғам

Қай саланың да майталман маманы, өз ісінің шебері болады. Қызылқоға ауданының ауыл шаруашылығында, дәлірек айтсам, аудан кеңшарларында ферма басқарушы, ғалым-зоотехник болып жұмыс жасаған білікті де білгір маман Қадір Ізімұлын білмейтін адам жоқ десем, қателеспеспін. Өйткені, ол – ата-бабасы сол топырақта өсіп-өнген, өнегелі әулеттен шыққан азамат. Бұл күнде арамызда болмаса да, өзінің өнегелі өмірімен көпке ой сала білген жан.

Screenshot_2

Қадір ағамызды ойлағанда, сонау 1960-1970 жылдардағы «Абай» совхозының ферма орталығы Бесқала елді мекені еске түседі. Ағаның әкесі Ізім атамыз өз заманының парасаты мен пайымы мол, өте әңгімешіл көнекөз қарты болатын. Біздің әкемізбен заманы бір, өмірдің ащы-тұщысын бірге өткізген сыйлас жандар-тұғын. Ізімдей ақылды адамнан тәлім алған оның тұңғышы Қадір Қаракөл орта мектебін бітіргеннен кейін екі жыл колхозда шопан болады. Содан 1959 жылы сол кездегі Талғар қаласындағы (Алматы облысы) ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, одан зоотехник мамандығын алып шығады. Елге келіп, ферма зоотехнигі болып істейді. «Білімді жетілдіру керек, қайткенде институтқа түскен жөн» деп шешкен ағамыз 1964 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, бітірген соң оқу орны жолдамасымен Гурьев ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке тұрады. Ал, 1972 жылдан бастап Тасшағыл кеңшарына зоотехник болып орналасады. Өзі бас зоотехник, ферма басқарушысы болған 1978-1990 жылдары қой санын арттыру, төл басын көбейту, аман сақтау жұмыстарына тікелей араласты. Жергілікті мамандармен қоян-қолтық жұмыс жасаудың арқасында өзінің №1 фермасында түйе, жылқы малының төл басын көбейтті. Өнімділік сапасы артты.

Қадір ағамыздың жаратылысы бөлек-ті. Бойы ұзын, кейін қайырған қою қара шашы болатын. Жүзінен ылғи жылылық есіп тұрушы еді. Ол кісіні танымайтын адам көрсе, ауыл топырағынан шыққан кісі деп ойламайтын. Отыз жасында жарығы мен жылуы жоқ малшы ауылдарын салт атқа мініп, ферма қызметкерлерімен бірге аралайтын. «Айғыр», «Шағыл», «Бүйрек», «Сейтқали» қыстақтарындағы малшыларды түгел қамтып, олардың хал-жағдайларын білетін. Қай малшының нан-суы таусылды, қайсысының ұны мен қанты азайды, қайсысының балалары жылы киімге мұқтаж, міне, осының бәрін өз көзімен көріп, құлағымен есітіп, ауызба-ауыз сұрайтын. Бір сөзбен, ауыл экономикасын өрге бастыруда біздің Ізімов Қадір ағамыздың еңбегі өлшеусіз болды.

«Пендеге тағдырдың жазуынан озу жоқ» деген сөз өте орынды айтылған. Қадір ағамыздың жастай қосылып, бірнеше ұл-қыз сыйлаған асыл жары Сәния апамыз өмірден ертерек өтті. Ол аға жоғары білім алуға кеткенде, оның ата-анасына қара болған, пана болған, отбасынан жан жылуын аямаған өте тамаша адам еді. Үйелмелі-сүйелмелі бала-шағаны жетілдіру ниетімен ағамыз екінші қайтара шаңырақ көтеріп, Ажар есімді ақжаулықты үйге әкелді. Бұл жеңгеміз де тәлімді тәрбие көрген жан екен, анасыз қалған балаларға ана бола білді. Олардан жан жылуын аямады. Ағамыз ауырып, төсек тартып қалғанда, оны жас балаша мәпеледі. Ақтық сапарға кетерінде Қадір аға зайыбы Ажарға риза боп: «Әулетімнің ұйытқысы бол!» – деген тілегін айтып, көз жұмған.

«Орнында бар оңалар» демекші, бүгінде Қадір ағамыздың түрлі мамандықты меңгеріп, ел экономикасының өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген ұл-қыздары бар. Біз соларға қарап, ағаның кейбір қырларын көргендей боламыз. «Адам ұрпағымен көрікті, солармен мәңгі» деген осы болар…

 

Ұлдай ӘЙТІШЕВА,

Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. ДАМИР

    Қазіргі жастарға оқып дәріптеп жүрген ел ағаларымыз шамалы. Ел азаматы ретінде үлгі алатын тұлға. Жастарға алатын дүние көп. Азаматтылық, кәсіптік шеберлік басқа да көптеген қасиеттер бойында бар адамдар қазіргі өмірде сирек кезігеді.