ЖОЛДАҒЫ ЖАНАЙҚАЙ БОЛМАСА ДЕП…

Жаңа «Жол қозғалысы туралы» заңның күшіне енуіне байланысты тұрғындарда туындаған сауал көп. Көпшілік, шындығында, жаңа құжаттың ерекшеліктерін біле бермейді. Сондықтан, біз толғандырған мәселелерді облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВТЫҢ алдына тарттық. Оның «Атырау» газетіне берген жауабы төмендегідей болды:

– «Жол қозғалысы туралы» заңның ерекшелігі көп. Ол көптен бері айтылып, қордаланған мәселелердің шешімін табуына себепші болмақ. Жол сақшысының жүргізушіні тоқтатуына қатысты ахуал – соның бір көрінісі. Инспектордың қандай жағдайда көлікті тоқтататындығы құжатта анық атап көрсетілген. Менің айтқым келгені, енді жол сақшысының рұқсатынсыз жүргізушінің көліктен шығуына рұқсат етілмейді. Техника тоқтатылғаннан соң жүргізуші оның ішінде отыруы керек. Сыртқа шығуы сұралса ғана тысқа шығады.

Жаңа заңда арнайы белгі болмаса жол жиегіне көлік қоюға болмайтындығы баяндалған. Әрине, бұл – күрделі мәселе, оның шешімі де кешенді түрде қолға алуды қажет етеді. Арнайы жол белгісі орналастырған жерлер облыс көлемінде жоқ дей алмаймыз, бар, бірақ, өте аз. Сондықтан, бізге Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің басшысы Игорь Лепеханың атынан нұсқау келіп жатыр. Соған сәйкес әрекет етудеміз, яғни, әзірге «Тоқтауға тыйым салынады» деген белгі орнатылмаса, жүргізушінің жол жиегіне тоқтай беруіне болады. Осы мәселеге байланысты біз жергілікті әкімшілікке ұсыныс жолдаудамыз. Соның нәтижесінде көшелер зерттеліп, сарапталып, заңға сәйкес тиісті шешімдер алынады, белгілер қойылады.

«Әдемі» нөмірлер туралы баяндасам, қазіргі күні облыс бойынша бес нөмір өз иесін тапты. Анықтай айтқанда, 001, 002, 777 және 111, 333 деген мемлекеттік нөмірлерді көлік қожайындары көрсетілген сомасын төлеп, сатып алды. Одан мемлекетке 1 миллион 774 мың теңге түсіп отыр.

Облыста жол апаттарының саны азайып келеді. Биылғы жыл басынан 27 қазанға дейінгі уақыт аралығында 348 жол апаты орын алды. Одан 69 адам қаза тапты, 415-і жарақат алды. Ал, былтыр  осы мерзімде 391 апат болған еді. 97 жанның өмірі мезгілінен бұрын үзілді, жарақат алғандардың қатары 482-ге жеткен. Әрине, жол бойындағы жағдай бүгінде түбегейлі жақсарды деу қиын. Әйткенмен, осы мақсатта қызметкерлеріміз күні-түні еңбек етуде. Үлкен трассалардың бойында 18 топ кезекшілік етуде.

Жылдамдық өлшегіштер туралы. Бүгінде Атырау қаласы бойынша Red Speed деп аталатын 7 жылдамдық өлшегіш бар. Оның біреуінен өзгесі қазір жұмыс жасап тұр. Яғни, Махамбет көшесінің бойындағы құрал  жолдың жөнделуіне байланысты әзірге пайдаланылмауда. Дегенмен, ол жақын күндері қызметін атқаруға кіріспек.

Түйіндей айтқанда, «Жол қозғалысы туралы» жаңа заң тұрғындардың өмірін сақтау, қауіпті оқиғалардың алдын алуда үлкен міндет атқарады деп сенемін.

Жазып алған

Азамат Сансызбайұлы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз