ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ЖАНАЙҚАЙ

Соңғы кезде жол бойында жантүршігерлік оқиғалар көбейді. Мұның себебін полицейлер жүргізушілердің жол ережелерін сақтамайтындығымен, көліктің жылдамдығын шектен тыс арттыратындығымен байланыстырады. Осы жағдайға бүгінде ауа райының қолайсыздығы да қосылып отыр. Сондықтан, облыс көлеміндегі негізгі трассаларда көліктердің жүруіне шектеу қойылып, сақтық шаралары күшейтілуде. 

 Қара жолдың бойындағы қатер

Былтыр облыстағы жол апаттарының саны 13,5 пайызға азайды. Қаза тапқандардың қатары да арғы жылмен салыстырғанда 127-ден 91-ге, жарақат алғандар 626-дан 530-ға кеміді. Дегенмен, бұл деректер көпшіліктің көңілін жайландырмаса керек. Өйткені, ақпан айы басталғалы Атырау көлемінде естіген жанның төбе шашын тік тұрғызатын оқиғалар жиілеп кетті. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, бірінде көліктердің бетпе-бет соқтығысуынан үш адам тілге келместен қаза тапса, келесісінде ауыр жүк техникасы алдыңғы дөңгелегінің жарылуынан жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. «Қазіргі күні облыстық ішкі істер департаментінің тергеушілері осы жағдайлардың себебін анықтауда» дейді құзырлы органның баспасөз қызметінің жетекшісі. 

Тар жол, тайғақ кешу…

Қара жолдағы қатер осылайша талай отбасын қан жұтқызып отыр. Мұндай оқиғаның алдын алуда облыста жүйелі жұмыстар қолға алынып, Атырау – Астрахан, Атырау – Орал бағытындағы жолдар уақытша жабылды.

– Автожолдарда 5-6 см мұз қатуына байланысты өткен апталарда көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Қазір трасса бойындағы жағдай зерделеніп жатыр. Көліктерді топтап, жол-патрульдік көлік ілесіп, елді мекенге дейін жеткізудеміз, – дейді облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлімше бастығы Талғат Марденов.   

Аталған департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, негізгі жолдар бойымен жүруге уақытша тыйым салынған күндері жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ІІД әкімшілік полиция басқармасының жол-патрульдік жылжымалы блок бекеттері қойылған. «Атырау – Астрахан автокөлік жолындағы елді мекендер (Атырау қаласы, Х.Ерғалиев, Аққыстау, Зинеден, Ганюшкин, Котяевка ауылдары) және Атырау – Орал бағытындағы елді мекендер (Атырау қаласы, Алмалы, Бейбарыс ауылдары, Махамбет поселкесі, Көктоғай ауылы, Индербор поселкесі) аумағында транзиттік көліктер жинақталды. Бұл бағытта жергілікті атқарушы орын өкілдерімен бірлесіп, оларға көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды. Медициналық мекемелер, өрт сөндіру бөлімшелері мен өзге арнайы құрылымдардың уақытында хабардар ету шаралары жасақталған» делінген арнайы таратылған хабарламада.

Қазіргі күні аталған жолдар қайта ашылып, көлік қозғалысы қалпына келтірілуде. Бұл бағытта жол сақшылары «Қазавтожол» қызметкерлерімен бірге шаралар алып жатыр. 

Жаңа бекет – шұғыл көмек

Жол-көлік апаты кезінде адамдарды жедел құтқару, өмірін сақтап қалу бәрінен маңызды. Дәрігерлердің пікірінше, көлденең жағдайға ұшырап, ауыр жарақат алған жанға дәрігерлік көмек жедел, уақыт өткізбей көрсетілуі тиіс. Сонда ғана оның өмірін сақтап қалуға шыныменен мүмкіндік туады. Бұл сындарлы сәтті ақ халаттылар «алтын сағат» деп те атайды.  Осы мақсатта қазір еліміздің негізгі трассалары бойында 40 медициналық-құтқару бекеті құрылған. 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс жасап жатқан «Доссор» бекеті – соның бірі, әрі Атыраудағы әзірше жалғыз құрылым болып тұр.

– Трасса бойындағы медициналық-құтқару бекетінің мақсаты   жол-көлік апаттары мен табиғаттық, техногендік сипаттағы орын алған өзге төтенше жағдайлардың зардабын азайту, зардап шеккендерге шұғыл медициналық-құтқару көмегін көрсету болып табылады, – дейді ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің «Медициналық апат орталығы» мемлекеттік мекемесінің Атырау облысы бойынша филиалының жетекшісі Миржан Әлжанов.

Көліктер соқтығысқан немесе басқа жағдайлар орын алған кезінде оған дәрігерлік-фельдшерлік бригадалардың тез арада жетуі – басты мақсат. Штаттық кестесі 10 қызметкерден тұратын топ сондықтан тәулік бойы кезекшілік етеді. Олар 15 күндік вахталық әдіспен жұмыс жасайтынын да естіп білдік. Мұндағы арнайы реанимобиль осы заманның құрылғы-жабдықтарымен толық жабдықталған, жарақаттанған адамға шұғыл көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар.

Өткен жылы «Доссор» медициналық-құтқару бекеті 20 рет шұғыл шақырту бойынша жолға шықты. Соның 16-сы жол көлік апатынан болған жағдайға байланысты. Сындарлы сәтте 43 жанға жедел медициналық көмек көрсетілген, оның үшеуі – бала. Сонымен қатар, оқиға орнынан 45 адам құтқарылыпты.  Мұның бәрін айтып отырғанымыз, қоғамымыздың басты байлығы – адамның өмірін сақтау үшін қазір кешенді жұмыстар қолға алынуда. Құтқарушылар «халықаралық Ақтөбе – Атырау – Астрахан трассасын салу кезінде жол бойында медициналық-құтқару бекеттері салынады» деген үмітте. 

Екі күнде ­– 900 заңсыздық

Заң қатайып, жүргізушілерге талап күшейсе де, оған немқұрайлы қарайтындар азаймай тұр. 13-15 ақпан күндері жүргізілген екі күндік рейд кезінде 900 жол ережесін бұзу дерегі тіркеліп отыр. Оның ішінде 25 адамның көлік руліне мас күйінде отырғаны белгілі болды. «Темір тұлпарды» тізгіндегендердің 18-і қарсы бағытқа шығып кеткені, 214-і жылдамдықты арттырғаны, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 121-і жауапкершілікке тартылды. Көлікте келе жатып, телефонмен сөйлесетіндерді күнделікті өмірден жиі көреміз. Полицейлер мұндайларды да жиі тәртіпке шақырып жатыр. Яғни, аталған шара кезінде 48 адам осы себепті айыппұл төлеуге мәжбүр болуда.

Жолдың бойы қауіп-қатерге толы. Сондықтан, көліктің рулін ұстаған адам өзімен бірге өзге жолаушылардың да өміріне жауапты екенін жете сезінгені дұрыс. Біздің бүгінгі әңгімеміздің түйіні де осы.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз