ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕДІ

немесе  бірлескен  рейд  нені  көрсетті?

Елімізде республика жолдарындағы инфрақұрылымды жан-жақты дамытуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынды. Елордадан басталған автомобиль магистралі республиканың әр түкпіріне жетеді. Әйтсе де, осы жолды барынша күту де керек емес пе? Оның бойымен үздіксіз жүйткіген ауыр жүк көліктері артық салмақ салып жатқан жоқ па? Жол қозғалысы ережелері сақтала ма?

Атырау облысы бойынша «Нұр Отан» партиясы Исатай аудандық филиалымен, көліктік бақылау инспекциясымен, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен, көлік прокуратурасымен және «Атырау» газеті редакциясымен бірлесіп рейд өткізді.

Жалпы, біздің облыста барлық жол бағыттары тұрақты бақылауда. Бұл ретте, әсіресе, алыс сапарға шыққан үлкен көліктердің артық жүкпен жүрмеуіне назар аударылады. Өйткені, салынған жолдың бұзылмауы, ұзақ сақталуы соған байланысты. Міне, осы мәселені ҚР инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы  басшысы Самат Гилимов үлкенді-кішілі басқосуларда тұрақты айтып келеді.

Инспекция өз тарапынан мүмкін шаралардың бәрін жүзеге асыруда. Мекемедегі жылжымалы көліктік бақылау бекеттері үнемі жол үстінде. Олар өткізген кезекті «Жолдағы қабылдау» акциясы да осы мақсатта ұйымдастырылды. Инспекцияның автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің басшысы Аманжол Хабдешовтің айтуынша, бекет мамандары республикада ратификацияланған халықаралық шарттарға сәйкес ел аумағында автомобиль тасымалына рұқсат беру талаптарының орындалуын қадағалайды. Тез бұзылатын жүктерге және жол қауіпсіздігіне қатысты шараларды тиісті құзырлы орындармен бірлесіп атқарады. Бекет жұмысы тәулік бойы жүзеге асырылады.

Әйтсе де, алысқа жүк тасымалдаушылар шешілуін күткен кейбір мәселе де бар. Рейд кезінде тоқтатылған украиндық азамат Алексей Ручей іргелес Өзбекстаннан сонау Днепропетровск қаласы мен Қап тауындағы Арменияға көлік алып барады екен. Айтарлықтай заң бұзушылық жоқ, бірақ, жүк өлшегіштің ел территориясында емес, шекарада болғанын қалайды. Әйтпесе, шекарадан өткен көліктер 250-300 шақырымда тоқтатылып, артық жүк алғаны үшін жауапқа тартылып жатады екен. Әрине, мұны олар жүк тиегенде ойластырғаны да жөн еді. Дегенмен, заң бұзушылық шекарада анықталса, сол жерде-ақ реттеуге болар еді ғой.

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Беларусь Республикасы, Ресей мен Қазақстанда бір автокөлік түріне рұқсат етілген салмақ мөлшері әртүрлі. Бұл да алысқа жүк тасушылар үшін қосымша проблема.

Әйтсе де, облыстық көліктік бақылау инспекциясы өз құзыры деңгейінде заң бұзушылықтың жолын кесіп жатыр. Мәселен, инспекцияның бас маманы Думан Қуатбаевтың айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда-ақ 93 млн. 351 мың теңге айыппұл салынған. Тексеру барысында ірі көлемді және ауыр салмақты жүк тасымалы ережесін бұзған 57 факті тіркелген. Ал, 22 рет қауіпті жүкті тасымалдау тәртібі сақталмаған. Олардың ішінде отандық та, шетелдік те көліктер бар.

Осы орайда ірі көліктерді қоятын арнайы айып тұрағының  жоқтығы да  қосымша проблема. Әзірге «Арнаулы автобаза» мекемесінің территориясы пайдаланылып келеді. Бірақ, кідірілген көліктер оған да сыймай барады. Демек, осы өзекті мәселенің де түйіні тарқатылғаны жөн.

 Амандық АБДОЛОВ.

 Суретті түсірген автор.

Атырау-Аққыстау-Атырау.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз