УАҚЫТ ТУДЫРҒАН ӨЗГЕРІСТЕР

Елімізде құрылымдық өзгерістер болып жатыр. Оның бірқатары күштік құрылымдарға қатысты. Басты тоқталары, қаржы полициясы екіге бөлініп, жартысы жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің құрамына енді. Қалған бөлігі Мемлекеттік қызмет агенттігінің иелігіне өтті.

 

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің ресми өкілі Айсұлу Телеушеваның айтуынша, жаңа құрылым бұрынғы салық, кедендік бақылау департаменттерін және қаржы полициясын біріктіреді. Тегеурінді орган басшысының үш орынбасары бар. Жергілікті қаржы полициясының жетекшісі болған Мұрат Төлеубаев соның бірі. Осындай қызмет Маржангүл Күнтуароваға да жүктелген. Департамент басшысының міндетін әзірге орынбасар Жәнібек Нұржанов атқаруда. Ал, Атырау облысының кедендік бақылау департаментін басқарған Құрманғали Тасмағамбетов бүгінде Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары қызметінде. Айта кетейік, республикамыздағы жаңа құрылымның басшысы болып негізінен салық департаментінің бұрынғы жетекшілері тағайындалды. Алматы облысында ғана бұл лауазымды қызметті кеденші иеленген.

Республикалық ақпарат құралдары ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстардағы департамент басшылығына үміткерлер аз болмағандығын жазуда. Атыраудағы жаңа қызметтің тізгінін ұстап жатқан Марат Ахметжанов сол көптің ішінен іріктеліп шыққан азаматтардың бірі. Ол бұған дейін еліміздің Бас прокуратурасында, Әділет министрлігінде қызмет етіпті, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарының прокуроры болған. 2009 жылдың қараша айынан ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы, соңғы екі жылдан бері республикамыздың қаржы полициясы төрағасының орынбасары лауазымды қызметтерін атқарып келіпті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының екі орынбасары тағайындалды. 2006 жылдан бері ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша басқармасының бастығы – тәртіптік кеңестің төрағасы болып келген Мұхит Ізбанов енді жаңа қызметіне кірісіп жатыр. Екінші орынбасар –Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары бойынша қаржы полициясына жетекшілік еткен Нұрлан Қамбатыров. Тәжірибелі мамандар жаңа құрылымның қызметін өрге сүйрейді деген сенім бар.

Тағы бір кадрлық өзгеріс: Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының қызметіне Руслан Әділов келуде. Ол бұған дейін департаменттің көші-қон полициясына, Жылыой аудандық ішкі істер бөліміне басшылық еткен еді. Айта кетейік, әкімшілік полициясының бұрынғы жетекшісі Жәнібек Шәріпов қарауындағы полицейдің тапаншасын жоғалтуына байланысты қызметінен кеткен-ді.

Құрылымдық және кадрлық өзгерістер жұмысты жүйелей түсу, нәтижеге қол жеткізу мақсатында қолға алынғаны анық. Үлкен істің басы-қасында жүргендер тың бастаманың жалғасын таба түсетінін айтып отыр.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз