ТАКСИ БАЛАДАН ҚАШАДЫ…

Балалардың автокреслосына қатысты редакцияға хабарласушылардың саны көп. Соның бірі Хамит Ильясов өзін толғандырған пікірін айту үшін бізге арнайы келіпті. Атырау қаласының тұрғынын жол қозғалысы туралы жаңа ережедегі жаңа талап қиналдырғанға ұқсайды.

 

– Қазір үйімде екі немерем ауырып жатыр. Дәрігер шақырып, берекеміз кетті. Олардың науқастануының себебі не дейсіз ғой, …балаларды автокреслосыз көлікке отырғызуға болмайды деген талап. Кеше келінім екі баламен үйге жете алмай қиналыпты. Қол көтерген таксилердің бәрі де балалы әйелдің жанынан тоқтамай өте шығатын көрінеді. Ал, қоғамдық көлікке мінейін десе, оның аялдамасы тым алыс. Мұндай берекесіздікке шыдай алмай, сіздерге әдейі келіп отырмын. Біздің үйіміз бар, жер теліміміз бар, қала берді көлігіміз бар. Осылардың қайсысының болмасын, салығы көтерілсін, пайдаланып отырған дүниеміз ғой, ақшасын төлейміз. Алайда, төбеден ұрғандай мынадай талаптың мәнісі неде? Біз осы арқылы жемқорлықтың көбеюіне жол ашып беріп отырған жоқпыз ба? – дейді ашынған әке.

Тағы бір оқырман Наташа Мусағалиеваның да айтары осы мазмұндас болды.

– Расын айтсам, кімге хабарласарымды білмей отырмын. Бұрын жолдағы таксилер қол көтерсең болды, жаныңа тоқтай қалатын. Ал, қазір балалы адамнан айналып өтетінді шығарды. Сол себептен, екі немеремді балабақшаға кешіктіріп апардық. Тәрбиешілер «уақтылы неге келмейсіздер?» деп жатыр. Айтып тұрса, олардікі де жөн. Ал, біз баратын жерімізге жете алмай қиналудамыз. Сонда алдағы күндері не істейміз? – дейді Атырау қаласының тұрғыны.

Жол қозғалысына қатысты заңдылықтар такси жүргізушілерін де біраз қиындыққа тіреген. Ресми түрде жолаушы тасымалымен айналысатын құрылым өкілі жаңа заң күшіне енгелі өздеріне талап күшейгенін айтады. Алғашқыда олар балалы жолаушылардан тапсырыс алмаған, бірақ, жағдай бірте-бірте реттеліп жатыр екен. Ал, көшенің бұрышында тұрған такси жүргізушісінің бірі, аты-жөнін айтуды қаламаған жас жігіт автокресло алмағанын, жолаушыны бұрынғыша тасымалдап жүргенін жеткізді.

Балалардың автокреслосы туралы әңгіме алдағы күндері жалғасын таба түсетін секілді. Егер осыған қатысты айтар ойыңыз, ұсыныс-пікірлеріңіз болса, тыңдауға біз дайын.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз