Тәртіпке бас иген құл болмайды

Облыстық прокуратура биылғы жарты жылдағы жұмыстары туралы есеп берді. Басқарма басшылары өз салалары бойынша не жасап, не қойғандығын журналистерге баяндады. Олардың арасында жұрт назарын аударған тұстар да бар еді. 

Облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы Ғани Тынымовтың айтуынша, тексеру барысында 12 мың заң бұзушылық дерегі тіркелген, 21 қылмыстық іс қозғалған. Прокурор кейбір кәсіпорындардағы қалыптасқан жағдай турасында кеңінен тоқталды. Сөйтсе, осынау құрылымның иелері еңбеккерлерінің жалақысын уақтылы беруді ұмытыпты. Қарыз қордаланып, жағдай ушыққан. Прокуратураның араласуынан кейін ғана ахуалдың айыққан жайы бар.
– Күнделікті жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде бірқатар кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы жалақы қарыздары анықталды. Сол бойынша прокуратура орындары қабылданған шаралар негізінде 191 млн. теңгеден астам еңбекақы өндірілді. 2996 жұмысшының конституциялық құқығы қорғалды, – деді Ғани Қабиболлаұлы.
Осы тұста прокуратура өкілі жақында «Қашаған» кен орнында туындаған еңбек дауынан да айналып өтпеді. Оған «Атырау» газеті тілшісінің мәселеге қатысты қойған сауалы себеп болды.
– «Қашаған» жобасы бойынша ауқымды қызметтің жүзеге асқаны белгілі. Кеніш басында қазіргі күні 20-дай мекеме жұмыс жасауда. Үш мыңға жуық адам еңбекке тартылған. Жуырдағы ағылшындық «Кейп Индастриал Сервисиз Лимитед» компаниясы филиалы мен отандық «Манпоуер Сервисез» құрылымы жұмысшыларының наразылық көрсетуіне кеңірек тоқталсам, прокуратура осы орайда тексеру жұмыстарын қолға алған болатын. Өйткені, адамдардың бірқатары жұмыстарынан қысқарған, өз еріктерімен кеткен. Олардың конституциялық құқықтарының қорғалуына байланысты біраз қарекет жасалды. Дегенмен, прокурорлық тексеру әлі аяқтала қойған жоқ. Ол осы айдың соңында бітеді деген ойдамыз. Қорытындысында заң бұзушылықтар анықталса, онда тиісті жауапты адамдар жауапкершілікке тартылады, – деді Ғ.Тынымов.
Прокурордың айтуынша, «Қашаған» жобасы ауқымындағы жұмыстардың аяқталуына байланысты азаматтардың тарапынан түрлі түсініспеушіліктер орын алуы ықтимал. «Сондықтан мүддем ескерілмеді, құқығым тапталды» деген адамдар шықса, прокуратураға арыздануына болады» деді сұхбаттасушымыз.
Айтпақшы, теңіз басындағы жұмыстарға қатысты тағы бір дерек: прокуратураның экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізген жұмыстарының нәтижесінде «НКОК» компаниясынан 204,9 млн. теңге экологиялық төлем өндіріліп алынды.
Облыстық прокуратураның қылмыстық процестің сотқа дейінгі заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Балнұр Есенгельдинов тиісті орындардың қылмыс туралы арыздар мен хабарламаларды тіркеу кітабына 24730 дерек тіркелгендігін баяндады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 21,9 пайызға өскен көрсеткіш. Айта қаларлықтай мәліметті жариялағанымен, басқарма басшысы журналистердің қобалжымауын өтінді. Айтуынша, қоғамның алаңдауына ешқандай негіз жоқ. «Облыстағы қылмыстық ахуал тұрақты. Өскені тек қағаз жүзіндегі деректер ғана».
Үстіміздегі жыл басынан бері аса ауыр қылмыстардың саны, оның ішінде адам өлтіру 16-дан 14-ке, қарақшылық 22-ден 19-ға азайған.
Атқарушылық өндірістің заңдылығын қадағалау бойынша облыс прокурорының аға көмекшісі Нұрсұлтан Саппаевтың айтқан әңгімесінен ұққанымыз, прокурорлық тексерудің нәтижесінде 90 лауазымды тұлға тәртіптік, 35-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2 млн. теңгеден астам алимент берешегі өндіріліпті.
– Уәкілетті органдармен бірлесе отырып, алименттен бережағы бар 65 борышкер жұмыспен қамтамасыз етілді. Борышкерлерге Қазақстанның аумағынан шығуға шектеу қою түріндегі мәжбүрлеу шарасын қолдану сот актілерінің орындалуына тиімді әсер етуде. Осындай шектеу шаралары 44 борышкерге қойылған, – деді Нұрсұлтан Маратұлы.
Заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орын өкілдері өз салалары бойынша журналистердің өзге де сауалдарына жауап берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз