Қарабатандағы жаттығу

c9a25bad 160b 4c7b a081 05c3c73e5b5c Құқық

Қаладан 30 шақырым жердегі «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Қарабатан» оқу полигонында 41433 барлау полкі әскери бөлімінің сарбаздары тактикалық арнайы жаттығу өткізді.

Оқу-жаттығу барысында күндізгі және түнгі уақытта әскерилердің қорғаныс, шабуыл, басқа да арнайы әскери әрекеттері бойынша жаттығулар жасады. Сондай-ақ онда жеке құрамның дұрыс тактикалық іс-қимылына, қару-жарақты қолдану және бөлімшелердің атысын басқаруды шебер және тиімді ұйымдастыруға, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға басты назар аударылды.

Осылайша жас әскери қызметшілер заңсыз қарулы диверсанттарды қарусыздандыру үшін қажетті практикалық дағдыларға ие болып, тәжірибелі әскери қызметшілер білімдерін одан әрі арттыруға мүмкіндік алды. Бөлімше командирлері өздерінің дағдылары мен шеберліктерін, шешім қабылдауда ғана емес, жауынгерлік міндеттерді орындау барысында да бөлімшелерді басқара алатындарын дәлелдей білді.

d94e0fde dfbb 4998 915a a9a341b3dc6f

Түрлі қашықтағы нысандар жойылып, қол гранаталары лақтырылып, түнде көру құрылғылары арқылы оқ атылды. Командирлер жаттығуларды ұйымдастырудың бастапқы мәліметтерін анықтау, оқу аймағын таңдау, барлау және дайындау, жауынгерлік құжаттарды әзірлеу дағдыларын жетілдірді. Жеке құрам жауынгерлік дайындықтың алғашқы кезеңдерінде алған білімдерін іс жүзінде бекітті.

Барлаушы ротамен өтетін оқу-жаттығулар жауынгерлік дайындықтың ең жоғары және тиімді формасы саналады. Осылайша жауынгерлік үйлесімділік артып, әртүрлі ұрыс түрлерінде барлау тапсырмаларын орындау дайындығы жетіледі.

– Барлаушылардың негізгі қасиеттері – ақыл, күш, төзімділік, кез-келген қалыптасқан жауынгерлік жағдайда ойлаудың жеделдігі. Оқу полигонында барлаушылар өз әрекеттерін жауынгерлік жағдайға жақын түрде пысықтайды. Мұнда олар тікұшақпен суда, су астында жұмыс істейді, кепілге алынған адамды босату үшін ғимаратқа шабуыл жасайды. Оқу-жаттығу жиыны – барлау бөлімшелері жұмысының аз ғана бөлігі. Осы дағдылардың барлығын дамыту үшін командирлік құрам бағдарламасын ойластырды. Әр минут барлаушылардың тапсырмаларды орындауына арналды, – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің өкілі.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз