«Байдаға» мінген браконьерге тосқауыл болмай тұр

brakon Құқық

Қазіргі таңда каспий теңізінің экологиялық жүйесінің бұзылуына бекіре тұқымдас балық қорының азаюы тікелей әсер етіп отыр. Бүгінгі күннің ащы да болса, ақиқаты сол. Осылайша, қазыналы өлкеміздің басты табиғат байлығының бірінен саналатын бекіре тұқымдас «су маржандарына» жойылу қаупі төнді. Ал, бұған бірінші кезекте браконьерлер, яғни балықты рұқсатсыз, заңсыз жолмен аулаушылар себепші болып отырғаны анық.

Қанша жерден «браконьерлікпен күресті күшейтеміз» деп жыл сайын арнайы операция ұйымдастырып, басқа да іс-шараларды жүйелі жүргізгенімізге қарамастан, балық барымташыларының әрекетіне тосқауыл қойып, тамырына балта шабу мүмкін болмауда. Сайып келгенде, бұл экожүйе мен табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына, сөйтіп, биологиялық түрлілігінің азаюына әкеліп отыр. Бүгінде осы ахуал бүкіл адамзаттың, табиғат жанашырлары мен қоғам белсенділерінің алаңдаушылығын туғызды.

Халық қалаулыларының, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттарды да осы жайт мазалағаны анық. Сол себептен олардың атынан Мәжіліс депутаты, фракция мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға браконьерлікпен күресті күшейту, оған Үкімет тарапынан қолдау көрсету жөнінде депутаттық сауалын жолдаған болатын. – Елімізде экологиялық жүйелер мен биологиялық түрлердің алуан түрлілігі бар екені белгілі. Біздің ортақ міндетіміз – осы табиғи байлықтарды сақтау және қорын молайтуға ықпалдасу.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында басымдық берілген бағыттардың бірі де осы, қазақстандықтардың болашақ ұрпақтары үшін қоршаған ортаны қорғауды нығайту және талан-таражға түскен, тепе-теңдігі бұзылған, баға жетпес табиғи байлығымызды қалпына келтіру мақсатында батыл шаралар қабылдау екені де заңды құбылыс. Жасыратыны жоқ, өңірдегі, қалаберді елдегі ихтиофаунаның алуантүрлілігіне урбанизацияның, минералды ресурстарды өндірудің, браконьерліктің, қоршаған ортаны ластаудың және т.б. факторлардың тікелей әсер етіп, залалын тигізуі оған қауіпті одан әрі күрделендіре түседі. Сондықтан, бұл жағдай бізді де бейжай қалдырмасы кәміл, – дейді Дүйсенбай Нұрбайұлы Үкімет басшысының бірінші орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында.

өзекті мәселе саналатынын ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев та атап өткен болатын. Әсіресе, Каспий теңізінде белең алған браконьерлік фактілерін мысалға келтірген мемлекет басшысы: «Балық қорын сақтау үшін уәкілетті органдар браконьерлікке қарсы күресті күшейтуі тиіс», – деп атап өткен еді былтырғы қараша айында Атырау облысы жұртшылығы өкілдерімен жүздесуінде. Өкінішке қарай, бүгінгі браконьерлер оларға қарсы күресетін табиғат қорғау инспекторларына қарағанда жақсы жабдықталған. Осы орайда, ондаған жылдар бойына неше мәрте көтерілсе де оң шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – заңсыз жолмен балық аулап, жеңіл жолмен олжа табуға «еттері үйренген» браконьерлердің арнайы қолдан жасалған суда жүзу құралы – «байда» қайығын қолдануына үзілді-кесілді тыйым салынбауы еді. Оның үстіне былайғы су кемелеріне қарағанда, бұлардың жылдамдығы да бірнеше есе жоғары көрінеді. Содан да шығар, жоғары жылдамдықпен жүзіп келе жатқан «байданы» бірден тежеп, тоқтату да мүмкін емес екен. Тіпті, бұл аспалы қайықтардың кейбіреулерінің қозғалтқышының қуаттылығы 200 аттың күшіне тең. Ал, жылдамдығы сағатына 70-90 шақырымға жетеді.

Тәжірибеде дәлелденгеніндей, мұндай қолдан құрастырылатын «байдалар», Атырау облысына көршілес Ресейдің Астраханынан жеткізіледі. Олар серуендеу мақсатында пайдаланылатын су көлігі ретінде көліктік бақылау инспекциясында тіркеліп, заңдастырылады. Ал, шындығына келгенде, бұл «байдаларды» пайдаланушылар заңнамада қарастырылған нормаларды өрескел бұзып, заңсыздыққа барады. Ең бастысы және аса қауіптісі – бұл қайықтар бекітілген қауіпсіздік техникасының талаптарына сай жабдықталмаған. Жолаушылар сыйымдылығы, жүк көтеру қабілеттілігі, шекті (рұқсат етілген) қуат және қозғалтқыштар саны, жүзу аумағы бойынша белгіленетін шарттар, нормалар мен техникалық талаптар ескерілмейді. Өртке қарсы күрес құралдарымен, дабыл қағу шамдарымен, навигациялық, басқа да құралжабдықтармен жарақтандырылмаған.

Осындай келеңсіздіктерді арқау еткен депутат сауалында бұдан өзге де біраз дерек пен дәйек келтірілген. Соның ішінде су айдындары мен қоймаларында еркін жүзген «байда» мінген браконьерлердің көзсіздігінен қызметінде жүрген азаматтар мен қарапайым адамдардың өміріне үлкен қауіп төнетіні айтылған. Б ұ ғ а н д е й і н д е б ұ қ а р а л ы қ а қ п а р а т құралдарында баяндалғанындай, браконьерлік «байдалар» балық қорына қол сұғушылардан қорғайтын мемлекеттік инспекторлардың қайықтарымен соқтығысу жағдайлары да әлденеше рет тіркелген. Оны аз десеңіз, балық барымташылары мінген «байдалар» бірнеше мәрте басқа да балық аулау және серуендеу кемелерімен бетпе-бет келіп, қауіпті сәттердің туындауына себепші болғанынан да хабарлымыз. Тізбелей берсек, облыстың құқық қорғау органдарында есепке алынып, тіркелген мұндай деректердің статистикасы шынымен «жаға ұстатарлық» екеніне көз жеткізу қиын емес. Осы жылдың басынан бері осындай оқиғалардың салдарынан 7 адам қаза тауып, үшеуі соқтығысу кезінде ауыр дене жарақатын алған. 4 адам суға батып кеткен, оның ішінде 1 полиция қызметкері де бар.

Тағы да статистикалық деректерге жүгініп көрелік. Мысалы, Атырау және Маңғыстау о бл ы с т а р ы б о й ы н ш а к ө л і к т і к ба қ ы л а у инспекцияларының деректерінде бүгінде екі өңірде қуаты 200 және одан да көп ат күшіне тең 120-дан астам «байда» тіркелгені келтірілген. Бұл қайықтар расыменен браконьерлік аулауға арналған. ЖайықКаспий бассейнінің су айдынында бекіре тұқымдас балықтарды аулауда заңсыздыққа ұрынып, ұсталатындардың аз емесін де осындай ақпарлар айғақтағандай. Көптің көкейінде ұялаған, мәжілісменді мазалаған осынау күрделі мәселенің күрмеуін шешіп, түйінін тарқату үшін ең әуелі браконьерлерге пайда әкелгенімен, қоғамға зиянын тигізіп отырған «байдалардың» қолданылуына қатаң түрде тыйым салып, тосқауыл қоятын кез жетті. Осындай оң шешім, батыл қадам ғана браконьерлерге қарсы күрестің пәрменділігін арттыра алады. Қанша жерден тыйым салынса да, осы «байда» сияқты рұқсат етілмеген жүзу және аулау құралдарын қолдануға қызығушылығын тудыратын жайттың бірі – олардың мейлінше қолжетімділігі мен бағасының арзандығы екенін де сарапшы мамандар ашық айтуда. Экология министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың өткен кезеңінде еліміздің су айдындарынан (негізінен біздің өңірімізден) барлығы 240 шақырымға жуық иесіз балық аулау торлары тәркіленген.

Тыйым салынған балық аулау құралдарын пайдалануға, әкелуге және өткізуге заңнамалық тұрғыдан тыйым салу жеткіліксіз. Бұған қоса, аталған құралдарды тасымалдауға, сатып алуға, сақтауға және жасауға да үзілдікесілді тыйым салу қажет. Браконьерлікпен күресте табиғатты қорғау мекемелерінің инспекторларын материалдық-техникалық жарақтандырудың да қаншалықты маңызды екенін ескеруіміз керек. Мәселен, 2021-2023 жылдары балық шаруашылығы инспекцияларының жарақтандырылуына, яғни материалдық-техникалық базасын нығайтуға жалпы сомасы 897 млн. теңгеге 44 автомашина, 14 қайық, күнделікті және далалық киімкешектердің 718 жиынтығы, 327 планшет және 327 бейнетіркегіш сатып алыныпты. Тұтастай алғанда, биылдың өзінде осы мақсатқа 1,9 млрд. теңге бөлінген. Басталған оң үрдісті одан әрі жалғастыру үшін балық қорғау инспекцияларын теңіз кемелері, қайық қозғалтқыштары және басқа да техника бойынша тиістілік нормаларына дейін толық жарақтандыру үшін алдағы кезеңде қосымша 3 млрд. теңге қажет. Осылардың негізінде Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов браконьерлікпен күресті күшейту үшін төмендегідей ұсыныстарын да білдіріпті. Біріншіден, еліміздің аумағына «байда» үлгісіндегі қолдан құрастырылатын жүзу құралдарын әкелуге, тіркеуге және есепке қоюға, сондай-ақ Жайық-Каспий бассейнінің қорық аймағы аумағында қуаты 40 ат күшінен асатын жеке тұлғалар үшін (уәкілетті органдарды қоспағанда) аспалы моторларды пайдалануға тыйым салу. Екіншіден, пайдалануға тыйым салынған балық аулау құралдарын тасымалдауға, сатып алуға, сақтауға және жасауға рұқсат бермеу. Үшіншіден, табиғат қорғау мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруды тиістілік нормаларына дейін жеткізу деңгейінде шаралар қабылдап, жүзеге асыру. Міне, депутаттық сауалда күн тәртібіне қойылған өзекті мәселе оң шешімін тауып, Үкімет тарапынан пәрменді шаралар алынып, жүзеге асырылғанда ғана бағалы балық барымташыларының әрекетіне тосқауыл қойылатынына сенім мол.

…СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕРГЕ ЖҮГІНІП КӨРЕЛІК. МЫСАЛЫ, АТЫРАУ ЖӘНЕ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТАРЫ БОЙЫНША КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯЛАРЫНЫҢ ДЕРЕКТЕРІНДЕ БҮГІНДЕ ЕКІ ӨҢІРДЕ ҚУАТЫ 200 ЖӘНЕ ОДАН ДА КӨП АТ КҮШІНЕ ТЕҢ 120-ДАН АСТАМ «БАЙДА» ТІРКЕЛГЕНІ КЕЛТІРІЛГЕН. БҰЛ ҚАЙЫҚТАР РАСЫМЕНЕН БРАКОНЬЕРЛІК АУЛАУҒА АРНАЛҒАН. ЖАЙЫҚКАСПИЙ БАССЕЙНІНІҢ СУ АЙДЫНЫНДА БЕКІРЕ ТҰҚЫМДАС БАЛЫҚТАРДЫ АУЛАУДА ЗАҢСЫЗДЫҚҚА ҰРЫНЫП, ҰСТАЛАТЫНДАРДЫҢ АЗ ЕМЕСІН ДЕ ОСЫНДАЙ АҚПАРЛАР АЙҒАҚТАҒАНДАЙ.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз