Жансель олимпиадаға барады!

Атыраудың тағы бір спортшысы Олимпиадаға қатысады. Филиппин елінің Манила қаласында таэквондо спортынан Азия құрлығының іріктеу турнирі өтті. Жарыс жолына шыққан Жансель Дениз чемпион атанып,  төртжылдықтың басты додасына жолдаманы ұтып алды.

– Турнир ережесі бойынша, алтын және күміс жүлдені еншілеген спортшылар Олимпиадаға баруға мүмкіндік алады. Финалға дейінгі жолда Жансель пәкістандық, вьетнамдық спортшыны ұтты. Ақтық сында өзбектің спортшысын 6:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Аталмыш додаға қатысуға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Арман Тоғаев бастаған облыстық таэквондо федерациясы үлкен қолдау көрсетті. Бүгінгі таңда Жансель жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәрбиеленуде, жеке жаттықтырушысы – Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов, – дейді аталмыш спорт мектебінің директоры Аманбай Қыздарбаев.

Жиырма төрт жастағы жерлесіміз өткен жылы Түркиядан өз Отанына  оралып, байрақты бәсекелерде Атыраудың абыройын асқақтатып жүр. Енді Рио-де-Жанейрода өтетін Жазғы олимпиадада ел намысын қорғайды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз