ТІЛГЕ ДЕ – ТЕГЕУРІНДІ КӨЗҚАРАС

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма алқа мәжілісін өткізді. Онда тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылға межеленген міндеттер жайлы айтылды. Басқарма басшысы Қилымғали Қайненов аймақта тіл саласында ауқымды жұмыстар атқарылғанын, оған тек мемлекеттік органдар ғана емес, оқу орындары, ірі кәсіпорындар, соның ішінде бірлескен, шетелдік компаниялар да атсалысқанын атап өтті.

 Өткен жылы басқарма тарапынан 16 нысанға тіл заңнамасының орындалуына ресми тексеру жүргізілген. «Нәтижелері облыстық үйлестіру кеңесінің, ономастикалық комиссияның отырысында қаралып, шаралар алынды, орындалуы қатаң бақылауда болды. Мемлекеттік тілді қолдану бағытында түсінік, насихат жұмыстары жүргізіліп, мәдениет және тіл бөлімдері 562 мекемені қамтыды, – деді Қ.Қайненов. – Өткен жылы облыс әкімдігінен орталық басқарушы органдарға жолданған құжаттардағы мемлекеттік тіл үлесі 99,5 пайызды құрады. Ал, жергілікті басқару жүйесінде – облыс әкімдігі мен қала, аудандар, жергілікті басқармалар арасында құжат алмасу 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіліп келеді». 

Басқарма өз құзыреті шеңберінде орталық министрліктерге, комитеттерге тікелей бағынатын бірқатар мемлекеттік органдарды тексерді. Оларда мемлекеттік тіл әлі де болса толық қолданылмай, бірқатар хаттар тек орысша жолданатыны, кейбір құжаттар тек орыс тілінде дайындалатыны анықталды. «Осындай мекемелерді облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен тіл заңнамасының орындалуын қадағалау жөніндегі үйлестіру кеңесінде талқылап, заң талабын орындау жөнінде ресми ескертулер берілді, соның нәтижесінде анықталған олқылықтар жойылды», – деді басқарма басшысы.

Аймақтағы тілдік ахуалды анықтау үшін басқарма әлеуметтік зерттеу жүргізген. Зерттеу қорытындысы облыстағы ересек халықтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі жоғары екенін көрсетті. Мысалы, олардың ішінде түрлі деңгейде қазақ тілін меңгергендердің үлесі 96,7 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, «тұрғындардың 92,1 пайызы орыс тілін, 7,8 пайызы ағылшын тілін меңгерген» деген мәлімет алынды. 

Басқарма басшысы баяндамасында іс-шаралар жоспарын жасақтаудағы өзекті мәселе – қаржыландыру екеніне тоқталды. «Қаржы бөлінбесе, ауқымды, сапалы шараның өтуі мүмкін емес, – деді Қилымғали Қайненұлы. – Өткен жылы Индер, Исатай, Құрманғазы, Мақат аудандарында тіл бағдарламасына арнайы қаржы бөлінген жоқ. Қызылқоға ауданында небары 160 мың теңге бөлінген. Атырау қаласында, Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат аудандарында биылға да қаражат қаралмаған. Осы мәселені көтеріп, бюджетті нақтылау кезінде тіл саласы бойынша қалалық, аудандық іс-шаралар жоспарына қаражат қаралуын жүзеге асыру қажет».

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры, алқа мүшесі Ерсайын Ихсанов Елбасы биылғы Жолдауында «Қазақ тілі бүгінде ғылым-білімнің, интернеттің тіліне  айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар: ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады. Оны ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», – деп атап көрсеткеніне тоқталып, өзі басшылық ететін оқу орнындағы тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар жөнінде баяндады. 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры Аққали Ахмет өткен жылы тіл мәселесінде атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді. «Қазақ тілі» қоғамы облыстық бөлімшесінің  төрағасы, алқа мүшесі Әбілхан Төлеуішов тіл саясатын жүзеге асыруда қоғамдық ұйымдар елеулі үлес қосып отырғаны жайында баяндады. 

Индер аудандық мәдениет және тіл бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева да өткен жылы атқарған шаралары жайлы сөз қозғады. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев Елбасының алдағы он жылда толық қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағын қалыптастыру міндетін қойғанын, барлық білім беру ұйымдары осы мақсатта жұмыс жасап жатқанын айтты. Ал, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева мемлекеттік тілмен бірге өзге тілдерді де дамыту шараларын жандандыру керектігі жөнінде ұсыныс білдірді. 

Алқа мәжілісінде, сондай-ақ, тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың биылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. 

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз