СЫЙЛАСТЫҚ СЫРЫ НЕДЕ?

Жуырда Бизнес және құқық колледжінің кең залында  «Атырау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, аталған колледж директоры Нұрлы Әйтиеваның ұйымдастыруымен «Отбасы жарастығы» атты семинар-тренинг өтті. Оған психологтар, ата-аналар қатысып, тақырыпты кеңінен ашуға тырысты.

Атамыз қазақ «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, адам өмірінде отбасы тәрбиесінің мәні мен маңызын баса айтады. Расында да, отбасы – өмірге жаңа келген сәбидің тұңғыш ұясы, алғашқы ұстазы. Аяғын апыл-тапыл басқан ол ненің ыстық, ненің суық, бір сөзбен, ненің жаман, ненің жақсы екенін осы өзі өмірге келген отбасынан біліп өседі.

Семинар-тренинг барысында колледждің бірінші курс студенті Ж.Нұриденов «Отбасы – ұлы мекенім» өлеңін оқыса, колледж оқытушысы Ақмарал Қазиева «Отбасы үндестігі» тақырыбында баяндама жасады. Қатысушылар үшін бейнеролик көрсетіліп, сол туралы көпшілік ойы сұралды. Ал, осы колледждің психологы Жанна Тагиева түрлі психологиялық жаттығулар өткізіп, отбасы тірлігіне қатысты сұрақ-жауап пен пікірталастар ұйымдастырды. Психологтар ата-аналарға «Өз отбасыңызды суретпен бейнелеп, екі ауыз сөзбен жеткізіңіз» деген тапсырма бергенде, олардың бірі ошақты, екіншісі – тау мен өзенді, үшіншісі – әсем табиғат пен үлкен жүректі бейнеледі. Өздері салған сурет жайында айту қажеттілігі туғанда, бір ана: «Ошақтың үш бұтағы – әке, ана, бала» десе, екіншісі: «Тау – жолдасым, қазан – өзім, тал – ұлым, гүл – қыздарым» деп түсіндірді.

Әңгіме тақырыбы отбасы мәселесі, бала тәрбиесі болғандықтан шақырылған ата-аналар көсіле сөйледі. Айталық, Әсия Рсалиева көбіне аналар баланың кемшілігін, болмаса жіберген азын-аулақ қателігін әкеден жасыратынын, сөйтіп жүргенде оның барған сайын күрделеніп кететінін тілге тиек етсе, Көпберген Күншығарұлы қазіргі әкелердің отбасындағы ролінің біраз төмендеп кеткенін жасырмады. – Бүгінгі бірқатар әкелер жастарының үлкейіп кеткендігінен жұмыссыз. Ал, үйіне кіріс әкеле алмайтын адамның сөзі де өктем болмайды. Осыдан келіп, әке мәртебесі біртіндеп құлдилай береді. Меніңше, әр шаңырақтың әйел-аналары балаларына «әкең айтты…», «әкеңнен сұра…», «әкеңді тыңда…» – деп, отырулары керек. Сонда ғана шаңырақта түсіністік пен береке, шаттық пен бақыт орын алады»,-деді ол.

Семинар-тренинг соңында оны ұйымдастырушылар бәрімізге шиыршықталып оралған бір парақ ұстатты да: «Үйге барған соң ашып оқыңыздар. Қызық», – деді. «Мұнда не бар екен?» деген оймен парақты ашып қарасам, ішінде орыс тілінде жазылған аңыз бар боп шықты. Соны баяндасам, былай болады:

«…Баяғыда бір ерлі-зайыпты тату-тәтті өмір сүріпті. Отасқандарына отыз жыл толғанда әйелі: «Нанның үстіңгі бөлігін осынша жыл бойы еріме беріп, оны үнемі өзімнен жоғары ұстап келдім. Отыз жылдан бері менің де бір еңбегім сіңген болар, осы жолы нанның үстіңгі бөлігін өзіме қалдырайын…» – деп, нанның астыңғы бөлігін күйеуіне ұсыныпты. Сонда күйеуі:

– Мен отыз жыл бойы нанның астыңғы бөлігін жеуді армандап едім. Себебі, мен бала күнімнен күйіп, қытырлап піскен бөлікті сүйсіне жейтінмін. Саған мың да бір рахмет, бүгін сен маған үлкен сый жасап отырсың! – деп, әйеліне риза болыпты».

Бұдан қандай қорытынды шығады? Ол – ерімен әйелі, әйелімен ері бір-бірімен сыйласып, соған жақсы болса екен деп тілеп, өзін екінші орынға қою. Сөйтіп, алдымен өзінің қарақан басын емес, сыңарының жағдайын ойлау. Аңыздағы әңгімеде ері әйелі үшін өзінің жақсы көретін нанының астыңғы бөлігінен бас тартып келген. Ал, әйелі өзінің сүйіп жейтін нан бөлігін өзі жемей, үнемі күйеуіне ұсынумен болған. Шынымен де, әр шаңырақта осындай сыйластық, түсіністік болса, ренжісу, ажырасу дегендер мүлде орын алмас еді. Бұл күнгі семинар-тренинг көп көкейіне осындай жылы ой салуымен құнды болды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз