СЕКСЕН ЖЫЛ – БҰҚАРАНЫҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Өз дәуірінде Ахмет Байтұрсынов атамыздың «... Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деп жазғаны белгілі. Халық арасында сондай қажеттілікке, құрмет пен беделге ие болған іргелі басылымның бірі – сөз жоқ, алыс ауылдағы «Дендер» қоғамдық-саяси газеті. Ол сексен жылдан бері замана үнімен үндесіп, тәуелсіздікті ту етіп келеді.

Бүгін біз шыға бастағанына 80 жыл толып отырған Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай АМАНТУРЛИНМЕН арадағы әңгімені ұсынып отырмыз.
– Аудан өмірінің шежіресін шертетін «Дендер» газеті алғаш рет «Социалистік мал шаруашылығы» деген атаумен 1934 жылы Кулагин (қазіргі Есбол) селосында жарық көрген болатын. Газет 1958 жылы – «Коммунизм туы», 1963 жылы – «Малды өңір», 1965 жылы – «Индер», 1993 жылдан аудандық «Дендер» қоғамдық-саяси газеті болып шығып келеді, – деді бас редактор Жанай Амантурлин. – Ал, газеттің алғашқы редакторы Ғабді Аманғалиев деген азамат болды. Кейіннен ол облыстық газетте, соңынан республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген. Бұдан кейінгі жылдары газетке Шайдолла Молдабеков, 1936 жылы Қыстауов, одан кейінгі жылдарда Сүндетқали Ерғалиев, Қабдол Қарабалин, Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған газет санына Ізни Нұрқасымов қол қойған. Сондай-ақ, Атырау өлкесінің ақиық журналисі саналған Дошу Шененов, Ғилымғали Сайханов, Махамбет және Есбол аудандары қосылған тұста Теңдік Жауыров, аудан қайтадан шаңырақ көтергенде Уажит Машанов, Төлеубай Ысқақов, Мүтәлі Шәріпов, Ізтелеу Көпбаев, Ерсайын Көшек, Сансызбай Базарбаев, Сүйеу Халықов бас редактор болды. Ал, қазіргі күнде Кеңес Сахиев, Себекбай Үмітқалиев, Сансызбай Базарбаев, Ақбілек Бектұрлиева сынды аға-апаларымыз – біздің ардақты ардагерлеріміз.
Газет редакциясында талантты шығармашылық еңбектерімен оқырмандарға кең танылған журналистер Қуандық Батыров, Ләззат Қаражанова, Азамат Базарбаев бүгінде облыстық түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етсе, өрелі өлеңдерімен республикаға танымал болған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қойшығұл Жылқышиев, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Нәсіпқали Сейітовтер – осы қарашаңырақтан қанаттанған абзал азаматтар.
Сонымен бірге газеттің мазмұнды шығуына терең ойлы да өткір мақалаларымен ел жадында қалған марқұм Мақажан Қабиев, Мұрат Қазиханов, ақын Меңдекеш Сатыбалдиев, Қуаныш Мұқамбетәлиев, Әнуар Нәбиев, Базарғали Суханқұлов және басқаларының есімдері редакцияның «Құрмет кітабында» жазулы. Партия тапсырмасына сәйкес Мақат ауданынан Индерге, біздің редакцияға жұмысқа келген Қуаныш Мұхамбетәлиев жауапты хатшы, бас редактор орынбасары ретінде газеттің көркем де мазмұнды шығуына үлкен үлес қосты. Жалпы мәртебелі мамандық иелері ел ішінде ескерусіз қалған емес. Айталық, Мақажан Қабиев, Мүтәлі Шәріпов, Ғилымғали Сайханов және Ізтелеу Көпбаев есімдері көше атауларына берілсе, бірқатар ағаларымыз «Ауданның Құрметті азаматы» атағына ие болды.
«Дендер» газеті – Бүкілодақтық М.Ульянова атындағы сыйлықтың бес дүркін лауреаты, республикалық, облыстық дәрежедегі бірнеше салалық марапаттың иегері. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай өткен «Жапанға біткен бәйтерек» атты облыстық конкурста жүлделі бірінші орынды иеленді.
– Бәрекелді! Жаңа қоғам қандай ма болсын ақпараттың жедел жетуін міндеттейді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүруде?
– Оныңыз рас, қазіргі заман талабы тың міндеттер жүктейді. Осыған орай оқырмандарымыз www.dender.kz сайты арқылы газетіміздің электронды нұсқасымен танысса, ол арнайы сайт көмегімен тағы бірнеше тілге аударылады. Редакцияда Сүйеу Халықов, Арал Байжігітов, Саламат Базарбаев және Сұңқар Көшеков сынды білікті мамандардан құралған ұжымның шығармашылық әлеуеті жоғары. Олардың қаламынан шыққан қай тақырып та қоғам көзқарасымен үндесіп жатады. Сондай-ақ, корректор Ақмарал Бокирова, дизайнер Лаура Халина, менеджер Айкенже Бигайрова, әріп теруші Ардақ Базарбаева мен жүргізуші Сағындық Аюповтардың да сапалы газет шығаруда өзіндік үлестері мен еңбектері басым. Оқырманның газет туралы ойын білу мақсатында редакцияның шығармашылық қызметкерлері жолға шығып, елді мекендерде болып тұрады. Сөйтіп, «Жұмадағы жүздесу» айдары аясында сан түрлі кездесулер өткізеді.
Сонау жетпісінші жылдары дәстүрге енген «Бет алмасу» тәжірибесі жаңартылып, көрші Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетімен тәжірибе алмасылса, енді Батыс Қазақстан облысы Қазталов аудандық «Ауыл өңірі» қоғамдық-саяси басылым тілшілері арнайы келіп, тәжірибе бөлісті. «Дендер» газетінің редакциясына «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Жанболат Аупбаев пен «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбайдың арнайы келіп, мазмұнды кездесу өткізуі журналистерге ерекше әсер қалдырды.
Мұндай кездесулер аудандық редакцияда жиі өтіп тұрады. Сонымен қатар, облыс аудандарында болмаған үрдіс – тұңғыш рет «Дендер» газетінің жүлдесі үшін кіші аяқдоптан аудандық турнир ұйымдастырылды.
– Енді авторлармен арадағы байланыс, газет мерейтойына байланысты шаралар жайына тоқталсаңыз…
– Уақытпен үндес басылым қашанда өзінің оқырманына арқа сүйейді. Олармен тұрақты түрде байланыс жасау, жолданған мақалаларды саралап, тақырыптарына қарай қорытып отыру басты міндет болып табылады. Жалпы, жыл сайын редакция қоржынына бір мыңнан астам хат келіп түседі. Осының өзі газеттің оқырманға қажеттілігін білдірмей ме?!
Ел мен жер тарихын тереңдете жазудың шебері Ғабдысамат Әйіп пен Тасқали Темірболатов, Жексен Жұлқаров, Самиғолла Ғалым, Махамбет Көргенов, Бисен Аталық, Тілек Халин, Сағынтай Керешов, басқа да көптеген авторлар газет редакциясымен тығыз қарым-қатынаста. Сондай-ақ, газетімізге Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау мен Оралдан хат жолдаушылардың қатары көбейіп келеді. Тіпті, шалғай жатқан Австралия, Малайзия елдерінде оқып жүрген аудан жастарынан сұхбат алып, ол елдің озық үлгілерін газет арқылы халыққа таратуды жөн санап отыр. Редакция жанынан «Жас қаламгерлер» клубы құрылып, оған Бөбек Қабдырашева мен Әнуарбек Мүтиғоллаев, Аромат Серіктегі, Астанай Бақытова, тағы басқалары белсене қатысқан болатын. Бұл оқушылардың біразы бүгінде жоғары оқу орнында әдебиет бағытын таңдап, өз болашағын шығармашылық жұмыспен байланыстырғысы келетіндерін көрсетті.
Сексен жылдыққа жақсы дайындықпен келдік. Облыстық БАҚ арасында спорттың бірнеше түрінен сайыс, Батыс аймақтық ақындар айтысы өтті. Редакция мен баспахананың алғашқы орны – Есбол ауылына белгі орнатылды. Бұдан басқа да бұқаралық шаралар баршылық. Мұның бәрі ел бірлігін талмай жазып, мемлекет саясатын халыққа жеткізіп келе жатқан журналистерге көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз. Дұрысында, газет тойы – елдің тойы. Ендеше, тойымыз құтты болсын!

Әңгімелескен Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз