ОТБАСЫНЫҢ ЖАН ЖЫЛУЫ

оған ештеңе де жетпейді

Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына асырап алу, патронатты тәрбие беру бүгінгі күні балалар үйінің азаюына септігін тигізуде. Осы орайда «Қазақстанның Тәуелсіз ұрпағы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылы «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен «Жаңа өмір» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылған болатын. Жоба аясында атқарылған жұмыстар да аз емес. «Асырап алушы ата-аналар мектебінің» жұмыс нәтижелерін қорытындылау мақсатында «Ренессанс Атырау» қонақ үйінде арнайы жиын өтті.

Шараны «Қазақстанның Тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықбек Тіналиев ашып, жобаның мақсат-міндеттерімен таныстырды. Ол өз сөзінде балаларды асырап алушы ата-аналарға қолдау, балаларға тәрбие беруде кездесетін қиындықтардың шешу жолдарын көрсетуге бағытталған жобаның маңызын түсіндірді.
«Ағымдағы жылдың ақпанынан бастап іске асқан «Жаңа өмір» жобасы шеңберінде интернат мекемелеріндегі психологтар, тәрбиешілер, бала асырап алуға ниет білдірген ата-аналар мен интернаттағы балалар арасында бірнеше кездесу өткізіліп, пилотты жыл жақсы көрсеткішке ие болды. Балаларды отбасы жағдайында тәрбиеленуге бейімдеп, атап айтқанда, оларды асханада тамақ пісіріп, шеберханада тігін тігіп, ағаш кесіп немесе сурет салып, отбасылық жағдайда өмір сүруіне жағдай жасауға қол ұшын беріп, нәтижесінде базалық кабинеттер құрылды. Кейін асырап алушы ата-аналармен де бірнеше жұмыстар атқарылды. Оларға арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылып, бірнеше дәрістер өткізілді» деген Ұ.Тіналиев мұндай жұмыс барысында психологтар өздерінің бар шеберліктерін қолдануға тура келетінін айтты.
Мамандар балалармен сабақтар, іскерлік ойындар өткізуде өмірде кездесетін қиыншылықтарды жеңіп, дұрыс жолда өмір сүруге тәрбиелейді. Балалық шақтары берекетсіз отбасында өткен немесе ата-анасынан мүлдем айырылған жетімдермен жұмыс оңай емес. Дегенмен, қиындыққа қарамастан оларды өмірге бейімдеп, кейін отбасында тәрбиеленуіне үлес қосу – әр азаматтың парызы. Осы орайда «Теңізшевройл» ЖШС-нің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Гүлнар Айтжанова сөз алып, жетімдерге қолдау көрсетуде мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Сондай-ақ, «Болашақта балалар отбасында тәрбиеленіп, жетімдер үйі мүлдем болмаса екен» деген тілегін білдірді.
Бұл пікірді қоштаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи аталмыш үкіметтік емес ұйымның осы бағытта жасап жатқан жұмысына қолдау білдірді.
Шара барысында жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, жобаға қатысушыларға «Асырап алушы ата-аналар мектебінің» семинарынан өткендігі жөнінде сертификат пен жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілді. Бес баланы отбасына алып, өсіріп, жеткізіп, бүгінде алтыншы баланы бауырына басып отырған Индер ауданының тұрғыны Қалы Ғұмарова қазақ жетімін жылатпаған халық екенін баса айтып, балалардың отбасында тәрбиеленуіне қоғам болып жұмылу керектігін жеткізді.
Одан әрі балаларға жаңа жылдық ойындар ұйымдастырылып, кеш мерекелік көрсетілімдермен жалғасты. Балалардың жүздері жадырап, көңілдері көтеріңкі болды. Бұл – баланың отбасында тәрбиеленіп, ата-ананың жылуын сезінуінің көрінісі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз