Өнеге тұнған өмір

Өнеге тұнған өмір Қоғам

Майдангер, еңбек ардагері Қабдыраш Төремұратұлының туғанына – 100 жыл

Елім деп туып, халқы  үшін еңбек етіп, оны азаматтық парызым, Отаныма берер қарызым деп санаған қадірлі азаматтың  бірібіздің әкеміз Қабдыраш Төремұратұлы  болатын.1916 жылы дүниеге келіп, әкеден бір жасында, анадан екі жасқа жетпей қалған ол жетімдіктің зілбатпан салмағын ерте көтерді.

%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d0%b3%d0%b5-%d1%82%d2%b1%d0%bd%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d3%a9%d0%bc%d1%96%d1%80

Бар болғаны 7 класс және алты айлық бухгалтерлік курс бітіріп, кейін партия, кеңес  білім жетілдіру курстарына қатынасқан ол Индер ауданының көлемінде  шаруашылық және атқарушы органдарда ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте жұмыс жасады.

Бүкіл саналы өмірі Есбол жерімен біте қайнасып, 1934-1940 жылдары Гребенщик селолық кеңесіне хатшы болып жұмысқа орналасады. Ұлы Отан соғысы басталған мезгілде аудандық жер-су бөлімінде нұсқаушы болып, комсомол ұйымының хатшысы қызметін қоса атқарып жүрді. Соғыс басталған сәтте  «Мен ең соңғы тамшы қаным қалғанша Герман фашизмін талқандау үшін күресемін, сондықтан мені бүгіннен бастап ұлттық құрамаға алуларыңызды сұраймын» деп әскери комиссариатқа арыз береді (Гурьев облыстық партия мұрағаты, ф 483, оп 5, ед.хр.4 л.37). 1942 жылдың қазан айында Отан қорғау үшін майданға аттанып, 1942-1944 жылдар арасында Герман фашизміне қарсы соғысқа қатысады.1944 жылдың аяғынан 1945 жылдың соңына дейін Жапон милитаристерінің Қарулы күштеріне қарсы ашылған соғыс майданына араласып, 1946 жылдың қаңтар айында үшінші топтағы мүгедек болып елге оралды. «Ұлы Отан соғысы» ордені, Германияны, Жапонияны жеңгені үшін медальдары күні бүгін жанұя мұрағатында сақтаулы.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі уақытта, соғыстан мықтап зардап шеккен аудан шаруашылығының барлық саласында аянбай еңбек етіп, өзінің бар күш-жігерін халыққа қызмет етуге арнады. Өзіне де, өзгеге де темірдей талап қойып, қоғамдық еңбек мүддесін өмірінің соңына дейін қорғап өтті. Әкеміз өтірікті жаны сүймеген адам. Ел ішінде, ол кісінің айтқан өткір сөздері көп тараған. 1946-1948 жылдары «Красин» колхозында басқарма басшысының орынбасары, кейін 1948-1950 жылдары «Передовик» колхозында төраға болды, ал 1950-1954 жылдары «Красный Октябрь» колхозын басқарады. 1954-1963 жылдары Гребенщик селолық кеңесінің төрағасы, 1963-1973 жылдары Горы селолық кеңесінің төрағасы қызметтерін асқан жауапкершілікпен атқарып, кеңес жұмыстарын жоғарғы деңгейге көтере білді.

Әкеміздің ел алдында істеген еңбектері жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, Гурьев облысы партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасымен екі рет марапатталып, есімі облыстық партия комитетінің және облыстық атқару комитетінің Құрмет кітабына енгізілді. Алты рет аудандық кеңес депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі болды.

1973 жылы облыстық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Елтай сауда бірлестігін басқарды. Ауыл, аудан көлемінде тәртіп, мәдени-ағарту, денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, жас кадрларды дайындауда айрықша жұмыс жасады.

Елімізде Жеңіс туының желбірегеніне 50 жылдық мерекесіне байланысты, соғыс және еңбек ардагері атанған азаматтың еңбегі ескеріліп, өзінің туып-өскен, еңбек жолын бастаған Гребенщик (қазіргі Ынтымақ) ауылының орталық көшесіне Қабдыраш Төремұратұлының есімі беріліп, мемориалдық тақта ілінді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Елтай ауылында 16 жыл тұрған үйіне де мемориалдық тақта қағылды.

Әкеміз артына саналы, білімді, өнегелі ұрпақ қалдыруға айрықша назар аударды. Анамыз Аққалжан ерте өмірден өткен  тұңғышы Мәрияштың қайғысын көтере жүріп, жұбайы Қабдыраштың елге аман-есен оралуын күтті. Елдегі қиындықтарға төзе білген Аққалжанның тілегін Алла қабыл етіп, жұбайы Қабдыраш майданнан аман оралды. Одан соң екеуі үзеңгілес жүріп ауыл шаруашылығын өркендетуге өзіндік үлес қосты. Бір-біріне ақылшы тірек бола білді. Өмірде он үш құрсақ көтеріп, оның ішінде жұбайымен бірге тәрбиелеп өсірген тоғыз ұрпағынан көзі тірісінде сексеннен аса немере, шөбере сүйді. Соғыс уақытындағы тылда атқарған еңбектері бағаланып, Кеңес үкіметінің 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы айбынды, қажырлы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50, 60 және 65 жылдығы медальдарымен, сондай-ақ, көп бала тәрбиелеп өсірген Құрметті ана есебінде «Алтын алқа» медалімен марапатталып, Батыр ана атанды.

Бүгінде ұл-қыздары өмірден өз жолдарын тауып, барлығы да жанұялы болып, қалаған мамандықтарымен еңбек етуде.

Еліміз үшін елеулі іс тындырған әкеміз Қабдыраш Төремұратұлының ғұмыры міне, осындай.  Біз, Қабдыраш әулетінің ұрпақтары, әкеміз арман еткен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын  оның 100 жылдығымен қатар атап өтетінімізді мақтаныш етеміз.

 

  Сәрсенғали  ТӨРЕМҰРАТОВ,

денсаулық сақтау

қызметінің үздігі, зейнеткер.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз