Мақат ауданындағы 24 жел генераторының құрылысы қыркүйек айында аяқталады

79c8d0d1ed78ccf121b9b1eb7dd376b5 l Қоғам

Мақат ауданында желдің күшімен электр энергиясын өндіретін стансаның құрылысы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.

Осыдан 2 жыл бұрын басталған жоба қазір мәреге таяп қалды. Жылдың 7-8 айында толассыз қызыл жел есетін өңірден жаңа қуат көзін өндіру арқылы аудан экологиялық тұрғыдан таза, шығыны аз энергия көзін тапты. Сағатына 48 мың киловатт электр энергиясын өндіре алатын 24 жел генераторының құрылысы қыркүйек айында аяқталады. Бұған дейін Исатай ауданына қарасты «Манаш» елді мекені маңайынан 36 мегаватт сағат қуат өндіретін осындай жоба жүзеге асқан еді. енді міне, Мақат ауданында жел электр стансасы бой көтерді. Қазір 500 гектардан астам аумаққа 24 жел генераторының қадасы қағылып, қаңғалақтары орнатыла бастады.

– Стансаның басты артықшылығы экологиялық тұрғыдан таза және электр қуатын өндіруге шығын шықпайды. Мына қондырғылар үшін 5-6 м/секунд жел жылдамдығы жеткілікті. Қазір барлық қондырғы тұғырына орнатылды. Енді электр қуатын жинайтын станса мен диспетчерлік орталықта шамалы жұмыс қалды. Оны биылғы шілде айына дейін іске қосамыз, – дейді учаске басшысы Берлікбек Айтқожаев.

32 мыңға тарта тұрғыны бар, 3 елді мекен мен 2 кент орналасқан ауданда электр қуатына деген сұраныс жоғары. Әсіресе, жаз айларында теміржол бекеттерінде орналасқан шағын ауылдарда электр қуаты жетіспейді. Сосын соңғы жылда еліміз бойынша шағын және орта бизнеске жаппай қолдау көрсетілуіне байланысты ауданда кәсіпкерлік нысандар көптеп іске қосыла бастады.

Қазір аудан тұрғындары сағатына 12-15 мегаватт электр энергиясын тұтынады. Энергия тарифі жыл санап көтеріліп келе жатқаны да жасырын емес. Енді жаңа жоба жүзеге асса, шағын және орта бизнес нысандары үшін айтарлықтай жеңілдік болары сөзсіз. Жалпы, бүгінде электр энергиясына деген тапшылық күшейіп келеді. 2021 жылдың 10 қаңтарынан бастап аудандар мен облыс орталығындағы ықшамаудандардың жарықсыз қалуы жиіледі. Апаттық жағдайға байланысты жедел іске қосылатын баламалы қуат көзінің жасақталмауы салдарынан өндірісті өңір тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Оның үстіне 2022 жылдан бастап электр энергиясын өндіретін компаниялар үшін табиғи газ тасымалдау тарифі көтерілді. Бұл облысты жылу және жарықпен қамтып отырған «АтырауЖарық» кәсіпорны үшін өте өзекті проблемаға айналатын түрі бар. Атырау жылу электр орталығының да қуаты өлшеулі. Оның үстіне өткен ғасырдың 60-жылдары салынған кәсіпорын нысандары үнемі жаңғыртуды қажет етеді.

Тағы бір мәселе, былтырдан бастап жылу орталығы тұтынатын табиғи газды тасымалдау бағасы көтерілуіне байланысты облыстағы негізгі электр энергиясы мен жылу өндіретін компания орасан шығынға батқан. Бұрын 1000 текше метр газдың бағасы 2370 теңге болса, 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап ол 4551 теңгеден бір-ақ шықты. Бұл өндірілетін электр қуатының қымбаттауына әкеледі. Атырау жылу электр орталығы сағатына 414 мегаватт электр қуатын өндіреді. Егер облыстың қажеттілігі 732 мегаватт екенін ескерсек, ол, әрине, жеткіліксіз. Соның салдарынан мұнайлы өңір қалған қуат көздерін Маңғыстау облысы мен Ресейден алып келеді. Бірақ, сырттан тасымалданатын электр қуатының бағасы өте қымбат.

– Біз орасан шығынға қарамастан шамамыз келгенше тұрғындар үшін тарифті көтермеуге ұмтыламыз. Бірақ, біздің де қуатымыз өлшеулі. Мысалы, Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр өңіріндегі ауылдар үшін электр энергиясын Ресейден 29 теңгеден сатып алып, оларға 4,73 теңгеден беріп отырмыз. Себебі, 29 теңге тұрғындар үшін ауыр екені даусыз. Атырау жылу электр орталығы тұтынатын көгілдір отынды ТШО компаниясынан алады. Оны тасымалдайтын газ құбыры «Интергаз Орталық Азияға» жатады. Олар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзінің бағасын 2 есеге көтерді. Соның салдарынан Атырау ЖЭО шығыны 2 млрд. теңгеден асты, – дейді энергетика саласының ардагері Оразғали Қаршегенов.

Осыған орай мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің батыс өңірін электр қуатымен жабдықтауға арналған бағдарлама жасақталған болатын. Ол жобада облысымызға келетін қуат көздерінің қосымша жолдары қарастырылған. Өңірде «КЕГОК» ұлттық компаниясы және «Атырау-Жарық» кәсіпорны негізгі электр энергиясын тасымалдаумен айналысады. Үкімет бекіткен жоба бойынша енді жаңа баламалы қуат көздері тартылатын болады. Атап айтқанда, Жезқазған арқылы Орталық өңірден, Ақтөбе облысы арқылы Оңтүстіктен және Маңғыстау облысынан тартылатын желі Атырауда тоғысатын болады. Оған қосымша өңірдегі ірі мұнай-газ компаниялары газ-турбиналық электр стансаларын іске қоса бастайды.

Қазірдің өзінде «Болашақ» мұнай дайындау зауытындағы станса 200 мегаВТ қуат өндіріп тұр. Енді қосымша жел электр стансалары көбейсе, мұнайлы өңір алдағы 10 жылда электр энергиясына деген тапшылықтан құтылары анық. Жел электр стансасының басты артықшылығы, шығынсыз, тек жел қуатымен жұмыс істейтіндігінде. Егер Атырау аймағында жылдың 7-8 айында азынаған жел соғатынын ескерсек, экологиялық тұрғыдан таза, экономикалық жағынан тиімді осындай баламалы қуат көздерін көбейтуді қолға алу керек. Бұл әсіресе, облыс орталығынан 600, Құрманғазы селосынан 300 шақырым шалғайда жатқан Азғыр өңірі үшін өте пайдалы болар еді. Демек, Мақат пен Исатай аудандарында бой көтерген жел электр стансалары күткендегідей нәтиже берсе, келесі кезекте Құрманғазы ауданы тұр.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз