ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАП, САЛТЫН АРДАҚТАҒАН…

Атырау өңірі елдің арын арлап, амандығын тілейтін, жұртының қамын ойлайтын азаматқа кенде емес. Сондай ел ардақтыларының бірі – Өнербек Жанбала. Жылқы жылы желтоқсанның 23-і күні Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында «Ақжайықтың ақтаңгері» атты шығармашылық кеші өткен бұл азаматтың Атырау өлкесіндегі ұлттық өнер өрнектерін жоғалтпай, сақтап қалып, оны жас ұрпаққа мұра ету үшін жасап жүрген еңбегі зор. 

Күмбірлеген күймен басталған дүбірлі мерекеге «Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар» оркестрінің қатысуының өзі үлкен мерей болғаны рас. Кеште Өнербек Жанбалаұлының сөзі мен әуенін өзі жазған әндері, жан дүниесінен бұлқына өрекпіген күйлері, сондай-ақ, қазақ композиторларының шығармалары да шеберлікпен орындалды. Атырауға ғана емес, бүкіл Қазақстанға аты мәлім дәулескер күйші Ғатау Ібішев өзінің «Өнербектау» деген күйін осы кешке тарту етті.

Кешке Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сәлемін жеткізді: «Қазақ негізі балаға ат қоярда көп ойланып-толғанады. Есімге ерекше мән беретін халқымыз оның болашағына әсерін де білгені шүбәсіз. Сондықтан да, «Өнербек» деп есім берген ата-анаңыз тағдырыңызды өнермен сабақтасын деп үміттенген де шығар, бәлкім!

«Жігітке жеті өнер де аз» деген даналық сөздің мағынасын бүгін тым тереңінен ұғынып тұрғандаймын. Өзі әнші, күйші, гитара аспабында шебер орындаушы, сазгерлігі тағы бар ағамыздың атбегілік, саятшылық өнері, ол аз десеңіз аймағымыздың экономикасын көтеруге жұмыстанып жүрген кәсіпкерлік қызметі бір басында тамаша жарасым тауып тұр.

Атырауда ат спортының дамуына үлес қосып жүрген жанкештілік еңбегінің бір парасы бізге де таныс. Ол тұрғызған талай құрылыс ғимараттары жерлестеріміздің игілігіне жарап, алғысқа да бөленіп жүргені баршаға мәлім. Мен Өнербек Жанбаланы көптен білем деп айта алмаймын. Қызмет бабында таныс болғанымызға екі жыл жарым уақыт. Алайда, осы уақыт ішінде бұл кісінің жан дүниесінің байлығына, азаматтығына көзіміз жетті.

Сырбай ата Мәуленовтің алаштың ардагері Сәкен Сейфуллинге арнаған өлеңінде: «Қазақ қайсы дегенде көрсетуге, Жер жүзінің алдында ұялмайтын…», – деген жолдар есіме түсіп отыр. Сондықтан, өнеріңіз өрісті, еңбегіңіз жемісті бола бергей! Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан мына Алғыс хатты табыстауға рұқсат етіңіз»,- деп кеш иесін марапаттады.

Өнердің осы бір мерекесіне жаны сырлы саздан, ғұмыры парасат пен ізгіліктен тұратын сазгер, жазушы, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан мен Қырғызстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Илья Жақановтың қатысуының өзі көрермен жұртшылыққа жағымды әсер етті. Қалың қабағын бір сілкіп, ақ бас шыңдардай ақ күміс тұнған шашын салалап жіберіп толғанған осы бір ақылы-дана, өзі-дара, жаны-бала дарын иесі көпшіліктің құлақ тұндырған қошеметімен сахнаға шықты.

Ақ Жайықтай толқып, қарт Каспийдей буырқанып: «Мен Өнербекпен және оның отбасымен 1996 жылдан бері танысып, араласып келемін. Ең алғашқы таныстығымыз Атырау қаласына өнер сапарымен келіп, «Самал» шипажай-қонақ үйіне орналас-қанымнан басталды. Сонда мені осы шипажайдың иесі, өзі де, зайыбы да дәрігер жылы жүзді жігіт қарсы алды. Адамның ішкі байлығы жүзінен көрініп тұрады ғой. Бірден араласып, дастархандас болып, сол отырыстарда ән шырқап, күй тартып бір-бірімізге жан дүние ұқсастығын байқадық.

Зайыбы Алтынай да өзіне сай, ақылды, көрікті, ерге – ер, серіге–сері болатын жан. Содан бері тонның ішкі бауындай, бір-бірімізден қол үзбей келеміз. Өзі дәрігер, кәсіпкерлікті қолға алған әнші, күйші жігіттің намысқойлығы да мықты екен. Оны байқағаным былай болды. 2003 жылы Махамбеттің 200 жылдығын бүкіл ЮНЕСКО көлемінде тойлап, дүбірлетіп жатқан тұста, бәйге жарияланды. Сөйтсе, Атырауда бәйге аттары кемшін екен. Осы Өнербек Атыраудың намысы үшін тозығы жеткен машинамен сонау Кавказ асып, соғыс болып, ойраны шығып жатқан Шешенстаннан бірнеше сәйгүлік алып келді.

Сол сәйгүліктердің бірі – Силуэт есімді тұлпар Махамбеттің 200 жылдығында бас бәйге алды. Мына сахнадағы бейне – сол Силуэт. Оны өздері кейін Айқоңыр атады.

Ал, қыран құс баптауының өзі де бір жүректі тебірентерлік оқиға. Сонау Нарын құмын кезіп жүріп, айдалаға ұя салған дала бүркітін аңдып, тауып алып, ұябасарының жұмыртқа салған кезін күтіп, балапандарын алып келді. Сол баптаған бүркіті де осында бүркітшілер сайысында қасқыр алып, ел-жұртты таңырқатты»,- дегенде көрермендер де теңіздей тербелді.

Осы кешке Орал қаласынан арнайы ат басын бұрған «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атан-ған «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева, күйші Ғабдрахим Маралұлы келді.

«Осыдан екі апта ғана бұрын осы театрда менің шығармашылық кешім өткен еді. Міне, бүгін тағы да қуанышпен орталарыңызға келіп қалдық. Менің сүйікті қайным –Өнербек Жанбаланың шығармашылық кеші. Мен бұл қайнымды қатты қадірлеймін. Әңгіме сыйластықта. Мені «ақ жеңгем» деп атайтын бұл қайнымның қазақтың салт-дәстүрін қатты сақтайтыны таңдандырады. Күйшілігі, әншілігі – елінің өнеріне қосқан үлкен үлесі. Ал, қыран құс баптап, тұлпар сақтаған Өнербек саятшы, баяғының сал-cерісі деуге әбден болады. Менің оған қойған атым – «Бозқұлын».

Ол үнемі өнер адамдарының жанын түсініп, жанында жүреді. Бірде  Атырауға бармақ болып жолға шықтық. Көңіл-күйіміз пәстеу болатын. Біздің Атырауға келе жатқанымыздан хабардар болған Өнербек пен Асқар Харесов алдымыздан күтіп алды. Жолдың шетіне дастархан жасаған. «Сіздерге сая жасап қойдық» дейді өздері ағынан жарылып, мәз болып. Біз де көңіліміздегі кірбіңді ұмытып, ән-күймен рухтанып, шабыт шақырдық. Менің жақында ғана шыққан үш томдық жинағымда осы қайныма арнаған өлеңім бар еді, соны тарту етейін», – деп ақын жүрек шабыт шақырды.

Осы кештің құрметті қонағы, алашқа аты жайылған, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулетов ақындық жүрекпен шалқып тұрып:

«Мен Өнербек Жанбаланы көптен білемін. Ақынжанды, сезімтал, өнер десе, жанып тұратын жігіт. Бір басына жаратушы өнерді аямай берген екен. Оны ұстап тұру үшін де ақыл, парасат керек. Мен білетін Өнербек – еліне, жеріне ерекше жаны ашитын патриот жігіт. Жаңа Ақұштап апай әдемі айтып кетті оның адамгершілік бейнесін.

Сонау Бірінші дүниежүзілік соғыста Сена өзеніне атын суарған батыр бабаларымыздың жалғасы осындай нар жігіттер! Олардың өмірі – қыран тектес! Ол – Күйкентай тіршіліктен биік самғау деген сөз! Мен де досыма жаңа шыққан үш томдық кітаптарымды сыйлаймын, өлең арнап келдім, оқып беруге рұқсат етіңіздер»,-деп достық туралы керемет өлеңге көрерменді ұйытты.

Астанадан әдейілеп осы мерекеге уақытын арнап келген аты әйгілі жазушы, «Ақ Жайық» республикалық әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы Рахымжан Отарбаев: «Бұл Өнербек Жанбала сияқты жігіттер қазақта аз. Ай, айналайын  жылқы деген жануарды баптап, жүйрігін сақтап жүрген атбегілер жоқтың қасы! Ал, осы біз қазақ дейміз, көк түрік дейміз, сайын дала дейміз! Сол сайын даламызды сақтап қалғанымыз – жылқының арқасы!

Асылында, қазақ жылқыға қарыздар! Егер жылқы болмаса, кең даланы жаяу, найзаны қолына алып жүріп қорғай алар ма еді? Сол ен дала төсінде еркін жайлаған заманда қазақтар жылқыны адамнан бетер құрметтеді! Ата-бабаларымыз атқа шапқанда жауы дірілдеп, жанын аузына тістеп тұратын! Үзеңгіні де ойлап тапқан – түркі халқы! Еуропалықтар әлі күнге аяқтарын салаңдатып мінеді. Атқа жайлы отыру үшін шалбарды да ойлап тапты.

Анау Атилла-Еділ батыр Еуропаның нақ жүрегінде ойран салған емес пе?! Ал, біздің ата-бабамыз бармаған шотландтықтар әлі етекпен жүр! Енді қараңыз сонау Римнің қақпасын қақыратқанда, жаулары қалтырап тұрып: «Екі басты кентавр келе жатыр» деп қашқан ғой, олардан. Атқа отырғанда еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін жылқымен тұтасып кеткен ғой! Шеберлік деген сол!

Мен сонау Пекиннен қытай тілінде кітабымды шығардым. Сонда екі қытай, біреуі – редактор, біреуі – аудармашы, мені Пекиннің түбінде қазақша қонақ етті. «Сен – қазақсың, ата-бабаларың аттың құлағында ойнаған» деп сәйгүлікпен қыдыртты. Әлгі екі қытай атқа мініп келе жатып, жалп-жалп құлайды. Содан біреуін артыма мінгестіріп,белімнен құшақтатып, біреуін алдыма алып шаптым!

«Сендердің ата-бабаларың менің ата-бабамнан қорыққандарынан Ұлы Қытай қорғанын салып алып, алаңсыз жатып, сандарыңды көбейте берген ғой! Менің ата-бабаларым Ұлы даланы қорғаймын деп қанын төккен»,-деймін әлгілерге! Жылқыға қазақ ескерткіш орнату керек! Міне, сондай жүйрік баптап, жылқыны серік еткен бабалардың жалғасы – осы Өнербектер!

Ақын Нұралы Әжіғалиев ағамызды – «Нарынның наркескені» деп жүрміз, ал, Өнербекті – «Атыраудың Ақтаңгері» деп төлқұжат берсе болмас па! Сонау қырғын майдан болып жатқан шешендерге қаймықпай барып, шешеннен ат әкелген екен. Бәрекелді! Алайда, кешегі Құлагердің тұқымы құрып кетті ме сонда?

Бірақ, көңілге қонатыны – сол алып келген тұлпарлардан тұяқ алып, оны баптап, қазақтың қаны, Атыраудың ары үшін күресіп жүргені! Досым туралы жарқын ой санамда сәулеленіп тұр! Үлкен бір еңбек жазып, жариялап, республикалық журналымның әр санында ұлттық спортты көркейтудегі еңбегің туралы жарнама беремін!», – деп құнды ой тастады көпшілікке.

Ұлттық спорттың мемлекеттік жаттықтырушысы Рамазан Сәттібаев Сарыарқаның төрінен арнайы келгенін айта отырып:

«Мұстафа Өзтүрікпен достығының өзі – Өнербектің рухани биіктігі. Жастарға ұлттық өнерді насихаттауда еңбек сіңіргені үшін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдының атынан Құрмет грамотасын табыстап, «Елімжан» медалімен марапаттауға, Мәдениет және спорт министрі  Арыстан Мұхамедиұлының атынан «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етуге, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханның атынан арнайы Алғыс хат, шапанын табыс етуге рұхсат етіңіздер» – деді.

Сахнаға құсбегілер шыққанда жиналған жұртшылықтың таңданысында шек болмады!

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің арнайы жіберген «Ықылас» гүлі осы мәдени шараға көрік бергендей. Әсіресе, шығармашылық кештің әрі режиссері, әрі жүргізушісі, белгілі өнерпаз Сәйпеден Сидеғалиевтың еңбегін бөле-жара атаған жөн.

Міне, Атырауда осындай өзіндік нақышы мен сәні бар мереке өтті. Ата-баба аманатын арқалап жүрген нар жігіттерімізді ардақтағанға не жетсін!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз