ҚАЗАҚТЫҢ ҚАДЫРЫ

немесе «өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»

Өзінің бүткіл саналы ғұмырын туған халқына арнап, перзенттік адал махаббат, ыстық ықыласымен оның ар-намысын поэзия көгінде Ту қылып көтеріп өткен дарабоз ақын Қадыр Мырза Әлі шығармалары – халқымыздың келешегі үшін қаншама ғасырлық өлшеммен қызмет етерліктей, теңдесі жоқ құндылық.

 

Қадыр поэзиясының ерекшелігі – тіл шұрайы, жазылу шеберлігі деген шарттылықтарды былай қойғанда, тақырып ауқымының кеңдігі мен талғамының биіктігінде, айтар ой-өрімдерінің салмақтылығы мен саналылығында, философиялық тұжырым өресінің биіктігінде. Жылт етпе жеңіл сезімдерге өлең құрастырып, әншейін ұйқас қуалап, көңілге желік ұялату – Қадыр болмысына жат нәрсе. Ол нені жазса да, алдын ала зерттеп, зерделеп, қозғағалы отырған мәселесінің бас-аяғын түгендеп алып барып жазады.

Қадыр туындыларының өзге біреулердің өңдеуіне, қайта жасауына көнбейтіндігі сондықтан. «Өлең  сөздің патшасы, сөз сарасы,  теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы», – деген Абай өсиеті осы Қадыр өлеңдері үшін айтылғандай болады да тұрады бізге.

Біздің бұл пікірімізді растауға Қадыр поэзиясын тұтастай алып зерттеп, болмыс-бітімін ашып, оның шығармаларының түр-сипатына, мазмұндық тұтастығына, сұлу да әсем симфониялық үндестікте құрылған композициялық талғамына қайран қалып, оны, яғни, Қадыр Мырза Әліні қазақ әдебиетіне келген ерекше бір тосын құбылыс деп таныған филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Зейнолла Қабдоловтың төмендегідей пікірлерінің өзі жеткілікті болар дейміз:

«Асылы, адам әдебиетке сұлу қыздың қос бұрымындай қатар өрілген екі мақсатпен келеді: бірі – өзінен бұрын ешкім айтпағанды айту; екіншісі – ешкімге ұқсамай, тек қана өзінше айту. Осы екі мақсат орындалған жағдайда ғана шын мәніндегі әдеби туынды бар деп біліңіз. Яғни, шығармашылықтағы негізгі принцип: мазмұн жағынан – жаңалық ашу, пішін жағынан – өнер табу».

Ендеше, мүбәда қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың орта тұсынан өте бере келіп, соңғы отыз жылда өзіне ғана тән өзгеше мазмұн, өзіне ғана тән өзгеше пішін тапқан шын мәніндегі шынайы талант, екеу болса – бірі, біреу болса – сол біреудің өзі – осы Қадыр Мырза Әлі.

«Бабамыздың шоқ басқан

табанымен, –

бірдей екен жақсысы

жаманымен:

бір жаманы – тынымсыз

көше берген,

бір жақсысы – қимаған

даланы кең;

бір жаманы – жел сөзге

ерген екен,

бір жақсысы – тілге

ерік берген екен;

бір жаманы – кетпенге

орашолақ,

бір жақсысы – найзагер,

мерген екен;

бір жаманы – кешігіп

әліппе ашқан,

бір жақсысы – күйлері

көбік шашқан;

бір жаманы – қыздарын

малға сатып,

бір жақсысы – сүйгенін

алып қашқан;

бір жаманы – шаруасын

мандытпаған,

бір жақсысы – қулықпен

жанды ұтпаған;

бір жаманы – үйленіп

жеңгесіне,

бір жақсысы – жесірін

қаңғытпаған;

тату-тәтті көршілер

шыр бұзбаған,

бірге тоңып суықта,

бір мұздаған,

бір жаманы – сонда да

үй салмаған,

бір жақсысы – абақты

тұрғызбаған».

 

Ғажайып өлшемдер! Сырттай қарап тұрсаңыз, – бір-бірімен ғұмырда бастары тоғыспайтын қарама-қайшы параллельдер. Сол параллельдер бойында, қақ жарылып, бөлек-бөлек көгенделген жақсылы-жаманды екі түрлі қазақы мінез-құлықтар. Әрине, сөз жоқ, мінез-құлықтың жаманы жиренішті болмақ. Демек, одан жерінуің керек. Ал, жерінейін десең, алқам-салқам жаратыла салған қайран қазекемнің әлгі мінез-құлқының төркінінде баладай ашық «аңғалдық», «ақ көңілділік», «сенгіштік», «шарасыздық» секілді, иманнан әрі ұзап кете қоймайтын игілік ұшқындары жатады. Ендеше, оны осынысы үшін кінәлауға бола ма? «…Қалың мал төлеуге дәулеті жетпеген соң, сүйген қызын алып қашыпты…», – деп жазалаймыз ба? Әлде, «бауырынан айырылып, оның артында жетім қалған балаларын жат босағасында тентіретпес үшін, жеңгесіне үйленіпті», – деп жазалаймыз ба?! «Тынымсыз көшіп-қонып, салтанатты сарай салдыра алмады, соның ішінде шалқасынан түсіп жата алмады» деп пе?! Бәлкім, түрме салу дегеннің не екенін білмей өткендігі үшін шығар?! Жоқ, әлде, есеп білмей, ұтылып, әр кімге бір алданғаны үшін бе?! Жоқ, әрине!!!

 Ендеше, қазақ деген халқымыздың бойынан Қадыр ақынның қаламымен шұқылап жүріп тапқан жаман мінез-құлқымыз осы ғана болса, онда бұл қазақтың «жаман» дегенінің өзі жақсыға бергісіз болғаны ғой. Ал, кемшілік кімде жоқ?! Қадыр көтеріп отырған идеяның төркіні – осы!

Қадырдың азаматтығы сол – ол бұл тақырыпты сонау 1960 жылдардың орта шенінде-ақ, яғни, осыдан аттай жарты ғасыр бұрын, анықтаңқырап айтқанда, түкірігі жерге түспей ысқырынып тұрған кеңес билігінің орыс ұлтынан басқаны мадақтата бермейтін жымысқы саясаты тұсында қозғаған. Сөйтіп, «Қазақ!» деген халық «мінез-құлқында еш кесірлігі жоқ, ата-баба салтын берік тұтынған, қулық-сұмдық дегеніңіздің не екенін де білмейтін мәрт те еркін жаратылыс», – деп,  ақындық тілмен қорғаныс қамалын соғып берген. Пай-пай, шіркін!Поэзиядағы тақырыптық салмақ, азаматтық үн, пайым мен парасат дегеніңіз осындай-ақ болсын!

Қазақ әдебиеті көшбасшыларының бірі, академик жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов Қадыр ақынды өзімен бірге сапарларға ала шығып, барған жерде шыңға біткен шынардай шаншылып тұрып, мінберлерден өлең оқыған оған қайта-қайта қолқа салып, осы өлеңді оқытуы – еріккендіктен емес шығар, сірә. Ал, енді, сұңғыла сыншы Зинолла Қабдолов ағамыз: «Япырмау! Расында да, ұлан байтақ далада ғасырлар бойы ғұмыр кешкен тұтас бір қазақ деген халықтың бір алуан мінез-құлқы осындай-ақ еді ғой», – деп тамсанса, бірі – атақты жазушы, бірі – атақты сыншы, – ағалы да інілі қос буынды Қадыр ақынның сол кездің өзінде-ақ әбден мойындатып үлгергені емес пе…

«Адалдықтың ақ жолына

 бұрғандай,

Алаңдаған кісіні,

Ардың Елін қарауылдап

тұрғандай,

Ақындардың мүсіні.

 

Құлазыған шөлмен бірдей

гүл өңір,

Құмар бұлбұл қонбаса.

Қайтер еді, қайтер еді бұл өмір,

Жырдың бағы болмаса?!

 

Осы бақтың арасынан өзіне

Орын іздеп өлеңім,

О заманның, бұ заманның

 сөзіне

Ой жүгіртіп келемін.

 

Бирунидің, Науаидің,

Пушкиннің

бағытымен келемін.

Бірақ, ізін қайталамай

ешкімнің,

Бой жетпекші өлеңім.

 

Ұлылық пен даналықтың

дастаны,

бізден үміт күтеді.

Қайдан бірақ жырдың

бағы басталып,

Қай арада бітеді?!

 

Ақындардың көбі көзден

жас тамып,

арманымен қоштасқан…

Жырдың бағы сұлулықтан

басталып,

Мәңгілікке ұштасқан!

Иә! Бұл өлең жолдарын оқып отырып ел үшін, жер үшін қалың дұшпанымен найзаласып өткен қазақ халқының бұрынғы тарихын былай қойғанда, ел ішіне іріткі салып, ақынның өз сөзімен айтар болсақ, «бір қошқарды бір қошқарға қарсы қойған» сонау отаршылдық заманның жымысқы саясатының не бір құйтырқы әрекеттерінен ел-жұртымыздың қаншалықты зардап шеккенін өлең сөзбенен сығымдап, тарының қауызына сыйып кетердей етіп жеткізген Қадырдан басқа кім бар екен?!» – демеске лажымыз жоқ.

 

Тауысып барлық амалды,

күрсініп дала дем алды.

Мақалдың көбі сотталды,

эпостың көбі қамалды.

 

Күресіп

өлген хандармен,

хандарға жақын жандармен.

Қалдық та бардық бір ғана

қара қасқа атты Қамбармен.

 

Сақалын сыйпап шалдарым,

колхозға берді малдарын.

Қалжыңсыз және күлкісіз

қанша жыл жүрді Алдарым?!

 

Ақтарып көне көріңді,

аруақтан ұрпақ жерінді.

Алыпқа тұсау салынды,

халыққа сөгіс берілді.

 

Көз алдымызда, апырмай,

тарихым болды тақырдай!

Сүмпиіп қалды фольклор,

сүзектен тұрған пақырдай.

Мұқағали Мақатаев, өзі дүниеден өткеннен кейінгі жарық көрген «Қош, махаббат» атты кітабында Қадыр Мырза Әлі жайлы былай депті: «Тапқыр, аз сөйлеп, көп аңғарту, оқушысын өзінше ойлауға мәжбүрлеу, ашуын артқа тастаған суыққанды сарказым, өмірдің күнгейі мен теріскейіне ашық көзбен жасқанбай, жалтармай үңілу, елге, жерге, халық қанымен жаралған өнер мен дәстүрге тойымсыз құмарлық – міне, Қадыр поэзиясының дені осылар. Оның поэзиясы – тұтас, бүтін… Ол – найзағайлы ақын! Қалай да бір жалт беріп, тіліп өтпей, тыншымайды Қадыр».

Пай-пай, шіркін! Осыдан артық қандай баға берілуі мүмкін?! Өсер елдің баласы бірін-бірі, тек, осылай дәріптесе керек-ті!!!

Ия! Қадыр поэзиясын пір тұтқан жыр сүйер қауым, енді бір сәт ақын қаламынан өрілген мына бір жолдарға назарыңызды аударыңызшы:

«Күншілдер өледі,

көңілін от қарып;

батырлар өледі,

борышын атқарып;

бұзықтар өледі,

пышаққа құлшынып;

сұлулар өледі,

құшақта тұншығып;

арғымақ өледі,

артында шаң қалып;

ақындар өледі,

бәріне таң қалып!»

«Ғажап!!! Не деген ғажап параллельдер! Не деген сұлу да сәнді салыстырулар! Мынандай поэтикалық фигураларды асқан шебер ақыннан басқа кім жасай алады! Эпифора!!! Эпифора болғанда да, әсем құйылыс, мөп-мөлдір сезім, ақиқат пен шындыққа құрылған, кең де шалқар тынысты ғажайып эпифора!!!». Міне, кәнігі маман, сұңғыла сыншы Зейнолла Қабдоловтың берген бағасы!!! Еріксіз қостайсыз!!!

Қадыр ақынның бұл өлеңіндегі оқырманын тәнті етер тағы бір шеберлігі – құйындай үйірілген не бір сиқырлы сезімдер мен қорғасын салмақты философиялық ойларды бар болғаны мосының үш бұтындай ғана үш шумаққа көтертіп қойғаны. Бар болғаны – үш-ақ шумаққа!!! «Ғажап!» – демей көріңізші! Тағы да – Ғажап!!!

 

Айсұлу ҚАДЫРБАЕВА, ақын.

Р.S. Белгілі ақын Айсұлу Қадырбаеваның «Атырау» газетіне жолдаған Қадыр Мырза Әлі туралы туындыларының ішінде «Қадыр эссесі» деген тақырыпта тамаша танымдық материалы да бар. Біз алдағы уақытта оны да оқырман назарына ұсынатын боламыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз