Игерілмеген қаржы, жөнделмеген аурухана, салынбаған мектеп…

щl Қоғам

Былтыр облыс бюджетіне бөлінген қаржының 97,3 пайызы ғана игерілген. Яғни, 19 млрд. теңгеге тарта қаражат кәдеге жаратылмай қалып отыр. Республикадағы динамика бойынша мұнайлы өлкенің көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Ал, қазына қаражатын игілікке жұмсай алмағандардың көшін Атырау қаласы мен облыстық құрылыс басқармасы бастапты. Ендеше, қай жерден ұтылып, қалайша кемшілікке бой алдырдық? Жақында облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің қатысуымен өткен қоғамдық кеңес отырысында осы мәселе қаралып, пысықталды.

Құрылыс қарқыны неге бәсең?

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасовтың айтуынша, бюджеттің 2,7 пайызының игерілмей қалуы проблеманың күрделілігін көрсетеді. Өйткені, өңірдің өркендеуіне бөлінген қаржыны жарата алмауымыз өзімізге сын. Демек, жұмысты жүйелеп, пысықтау керек.

Облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары Шынар Елеусінованың айтуынша, республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер бойынша қалдық 4 млрд. 975 млн. теңгені құраған. Оның ішінде 629 млн. теңгесі кері қайтарылып, қалған сомасын биыл қайта пайдалануға рұқсат етілген.

– Айталық, құрылыс басқармасы бойынша бірнеше нысанның дер кезінде пайдалануға берілмеуі салдарынан 1 млрд. 937,4 млн. теңге игерілмеді. Бұл қаражатқа Атырау қаласында  мүгедектерді оңалту оралығы, Исатай ауданы Томан ауылында 80  орындық, Бесікті ауылында  280  орындық, Нарын ауылында 80  орындық, Құрманғазы ауылында 280 орындық балабақшалар салынуы тиіс болатын, – деді Шынар Елеусінова.

Сондай-ақ, Құлсары қаласындағы №20 мектепке 180 орынға арналған жапсаржай салу, Нұрсая шағынауданында 250  келушіге,  Өркен шағынауданында 250 науқасқа арналған емханалардың құрылысы аяқталмаған. Исатай ауданы Аққыстау ауылында ФАП, Махамбет ауданында Сарайшық іссапар орталығына бөлінген қаржы игерілмегендігі белгілі болып отыр.

Аппарат сатып алына ма?

Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, мұндай кемшілік басқа басқармаларда да орын алған. Әсіресе, әлеуметтік нысандар мен білім беру, медицина ұйымдарына қаралған қаражаттың пайдаланылмауы халықтың тұрмысы мен әл-ауқатына әсер етері сөзсіз.

 – Білім беру басқармасында 467,5 млн. теңге – білім беру мекемелерінің күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталмауынан және тауарлардың уақытында жеткізілмеуінен, 553,9 млн. теңге – басқа да шығындардың мемлекеттік сатып алулар бойынша аудиттің тоқтатылуынан толық жаратылмаған. Ал, денсаулық сақтау басқармасы бойынша 419,9 млн. теңге медицина ұйымдарын материалдық техникалық жарақтауға бөлінген қаржылар есебінен игерілмей қалған. Мәселен, облыстық балалар ауруханасына МРТ аппаратын сатып алуға келісім-шарт жасақталғанымен, өнім өндірушінің бас тартуы себепті шарт бұзылған, – дейді Шынар Мақсотқызы.

Ал, Индер аудандық ауруханасын күрделі жөндеу техникалық қадағалау қызметі бойынша мемлекеттік сатып алудың қорытындысы жұмыс уақытының ұзартылуына байланысты кешіктірілген. Соның салдарынан, 89 млн. теңге игерілмей, келісім-шартқа қосымша өзгерістер енгізіліп, биылға ұзартылыпты.

Уақытында жеткізілмеген арнайы автокөліктер

Ал, төтенше  жағдайлар департаментінде екі арнайы автокөліктің уақытында жеткізілмеуінен 202 млн. теңге игерілмепті. Мақат поселкесін электр желісімен жабдықтау құрылысы бойынша жобаға түзетулер енгізілгенімен мердігер мекеме бекітілген жұмыс кестесін ұсынбаған. Осылайша, құрылыс жұмыстары жүргізілмеуінен 114 млн. теңге кері қайтарылған.

Осындай өрескел кемшіліктер орын алғаны үшін өткен жылдың соңында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес нақты шаралар қабылданыпты. Облыстық экономика және қаржы басқармасының ұсыныстары негізінде облыстық басқармалар басшылары мен аудандар әкімдері жауапкершілікке тартылған. Атап айтсақ, Құрманғазы ауданының әкіміне «сөгіс», Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарының әкімдеріне «ескерту», он облыстық басқарманың лауазымды тұлғаларына  «ескерту», «сөгіс» берілген.

Әлеуметтік тапсырыстар әділ өте ме?

Десек те, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов күрделі мәселенің күрмеуі тек сөгіс жариялаумен шешілмейтінін атап өтті. Ол үшін жүйелі жұмысты жандандыру қажет. Сайып келгенде, мұның барлығы халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік ахуалына айтарлықтай әсер етіп отыр. Ал, қоғамдық кеңеске қатысқан қоғам белсенділері әлеуметтік тапсырыстардың әділ өтетіне сенімсіздік білдірді.

Мәселен, өңірдегі әйелдер көшбасшылығын дамыту бағытында үкіметтік емес ұйымдарға қыруар қаражат бөлінген. Ол қаржыға екі-үш күндік семинар-тренинг қана өткізіледі екен. Есесіне, ауылдағы нәзікжандыларға өз-өздерін жұмыспен қамту, түрлі кәсіптерге баулитын курстарға өте аз мөлшерде ақша бөлінетініне қынжылыс білдірді. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов бұл мәселеге де айрықша назар аударылатынын жеткізді.

Сапалы қызмет – халық игілігі үшін

Облыстық қоғамдық кеңес отырысында қаралған тағы бір мәселе – мемлекеттік қызмет сапасын арттыру. Мысалы, өткен жылы өңірдегі көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 16,3 пайызға артқан. Ал, олар тұрғындарға дер кезінде берілді ме?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті тексеру жұмыстары барысында 2117 заңбұзушылықты анықтаған. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары және сәулет және қала құрылысы салаларына қатысты болып отыр. Осыған байланысты қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов қызмет сапасын арттыруға бейжай қарауға болмайтынын атап өтті. Қызмет мерзімін кешіктіріп көрсету, құжаттар топтамасы толық болмаса да қабылдау секілді заң бұзушылықтарға жол берілмеуі тиіс.

Аталған департаменттің басшысы Ерлан Ермаханбетов мониторинг барысында 20 қызмет алушының құқығы бұзылып, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылғандығы анықталғанын айтты.

Мәселен, Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі қызмет алушылардың техникалық құралдарға қатысты фото-материалдарды ұсынбауына байланысты мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартып отырған. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен өзгерістерге сәйкес, бұл талап жойылғандығын ескеру қажет. Осыған қарамастан, бөлім қызмет алушыларға мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан. Мұндай кемшіліктерді қалпына келтіру бағытында біраз жұмыс атқарылды, – деді Е.Ермаханбетов.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз