ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛIСIМ: МЕЖЕ МЕН МҮМКІНДІК

Еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің  мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, төзімділік, бірлік және конфессияаралық келісім идеяларын насихаттау – биылғы жылдың басты талабы. Осы мақсатта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанынан Қазақстан халқы Ассамблеясының институты құрылды. Жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет ашылған институттың бүгінде жаңалығы да аз емес.

 Ғылыми  жобаларға жол  ашық

Қазақстан халқы Ассамблеясының институтына қазақстандық, ресейлік және әзербайжандық ғылым және мәдениет орталықтарының,  әлеуметтік зерттеулер зертханасының базасы кіреді. Университет ректоры Бейбіт Мамраевтың айтуынша, бұл саяси институтта ұлттар достығын нығайту бағытында бірқатар шаралар қолға алынған.

– Мұнда түрлі этнос өкіл-дерінің қатысуымен студенттер арасында кездесулер өтеді. Оларға Қазақстандағы түрлі этностардың мәдениеті мен тілі, дәстүрі мен азаматтық бірегейлігі кеңінен насихатталады. Бұдан басқа, бизнес, ауыл шаруашылығы, индустрия салаларындағы инновациялық-индустриялық жобаларды қолдау бағытында да белсенді жұмыстар атқарылуда, – дейді Б.Мамраев. 

Оқу орны басшысының айтуынша, биыл Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстан – Ресей – Әзербайжан телекөпірі ұйымдастырылып, оған өңірдегі этномәдени бірлестіктер өздерінің мерекелік бағдарламаларын ұсынды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының құрылу идеясы тектен-тек қолға алынған жоқ. Оның құрылуына дайындық жұмыстары үш жыл бұрын жүзеге аса бастады. Дәлірек айтқанда, 2012 жылдың мамыр айында Қалмақ мемлекеттік университетінің базасында қазақстандық өнер және тарих орталығы ашылды. Одан әрі бұл бастама Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жалғасын тауып отыр. Бүгінде орталықта екі елдің ғылыми өкілдері арасында білімі мен өнері, жеткен жетістіктері сараланады.

Сондай-ақ, қазақстандық және ресейлік жоғары оқу орындарының студенттері тәжірибе алмасып,  инновациялық жобаларды талқылауға көптеген мүмкіндіктер алуда. 

Институттың әлеуметтік жауапкершілігі

Орталықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын құру бағытындағы бірқатар еңбектері, отандық ғалымдардың ғылыми жұмыстары, еліміздің тарихы мен мәдениеті туралы толық мәліметтер орын алған. Бұдан басқа, Қазақстан халқының ауызбіршілігіне қатысты дайындалған электронды оқулықтар да бар.

Ассамблея институты құрылғаннан бері атыраулық студенттерге өзге ұлттардың жүріп өткен жолдары, жалпы тарихы туралы бірқатар мәліметтер алуға жол ашылған. Әсіресе, магистранттар мен аспиранттар, докторанттар үшін көптеген құнды деректер қолжетімді болды.

Тағы бір жаңалық, Астрахан мемлекеттік техникалық университеті мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері арасында телекөпір ұйымдастырылып, онда екі елдің инновациялық даму бағыттары көрсетілді.

Ерекше айта кетерлігі, институт құрамында ғылыми-зерттеу зертханасының ашылуынан бастап зертхана қызметкерлеріне этносаралық татулықты насихаттаудан бөлек, бірқатар міндеттер жүктелді. Олар гендерлік саясатты дамыту, оралмандарды жергілікті жерге бейімдеу, экономикалық-әлеуметтік дамуға мониторинг ұйымдастыру, көші-қон саласындағы шетелдіктердің мәселелері, басқа да бағыттар бойынша жұмыстар атқаруда.

Ассамблея институтына жүктелген міндеттердің ішінде үш тұғырлы тіл саясаты да бар. Сондай-ақ, Ассамблея институты мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде маңызды рөл атқарады. Қоғамның радикалды үндеулер мен арандатушылыққа қарсы тұруына ықпал ету бағытында да жанды  жұмыстар қолға алынған. 

Дипломатиялық салаға  да  араласады

  «Ассамблея жылы – қатардағы бірқатар мерейтойлардың бірі емес. Бұл – Елбасының айтқанындай, той тойлайтын емес, ой толғайтын жыл. Еліміз Қазақстандағы түрлі мәртебесі бар, сан алуан қоғамдық немесе мемлекеттік институттардың мерейтойларын мемлекеттік деңгейде атап өтпейді. Десек те, Ассамблеяның орны ерекше» деген Бейбіт Баймағамбетұлы елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтап, дамытудың бірегей құрылыммен тікелей байланысты екенін айтады. Осы тұрғыдан алғанда, университет жанындағы Ассамблея институтының алдағы уақытағы жоспарлары да аз емес.

 – Бүгінде әлемде ұлтаралық, конфессияаралық және аймақтық дау-дамайлар, жанжалдар орын алуда. Қазақстанға оның салдары тимесі үшін тәуелсіздік жылдары еліміз этносаралық келісімнің дүние жүзіне үлгі боларлықтай өзіндік моделін қалыптастырды. Игі істерді әрі қарай жалғастыру маңызды. Яғни, елдегі бірлікті бекемдей түссек, ұтылмасымыз анық. Сол себепті, оқу орнындағы Ассамблея институтының жұмысы одан әрі жандана түседі. Алдағы уақытта Ассамблея институты Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы әріптес елдермен арадағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету бойынша жүйелі жұмыс тізбесін қалыптастырмақ. Бұл қадам Қазақ елінің дипломатия саласын жаңа белестерге көтеруге ықпал етеді, – деді Бейбіт Мамраев бізбен әңгімесінде.

Тағы бір айта кетерлігі, жоғары оқу орнында Әзербайжан орталығының ашылуы да биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі болды. Орталықта құнды материалдар қоры сақталған. Бағалы кітаптар мен әзербайжан ұлтының тарихынан, жүріп өткен жолдарынан сыр шертер қабырғалар жасақталған.

Сондай-ақ, мұнда халықтар арасындағы татулықты нығайтуда түрлі мәдени-танымдық   шаралар ұйымдастырылып келеді. Бүкіл қоғамның түрлі тыныс-тіршілігіне қатысы бар көптеген мәселелер  бұл орталықта өткен жиындарға арқау болуда.    

Еліміз экономикасының дамуы, халық тұрмысының жақсаруы мен барлық салалардың ілгерілеуі алдымен қоғамдағы саяси тұрақтылық пен этносаралық татулыққа байланысты. Ендеше, халықтар достығын нығайту шараларына Ассамблея институты алға қарай да белсенділікпен атсалысатын болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз