БАС ЖОСПАР – БАСТЫ ҚҰЖАТ

оған байыпты да, тиянақты әзірлік қажет

Ресми мәлімет бойынша, облыста 168 елді мекен болса, 2010 жылы оның төртеуінің, былтыр тоғызының, биыл жиырма бірінің бас жоспары жасақталыпты. Ал, бүгінгі күннің талабы еліміздегі ауыл-аймақтың барлығына дерлік осындай маңызды құжат жасақтау болып отыр. Өйткені, сол арқылы оның даму бағыты анықталып, айқындалады. Жақында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтің төрағалығымен өткен қала құрылысы кеңесі де бас жоспарды әзірлеу мәселесіне арналды.

 

Қолданыстағы Атырау қаласының бас жоспарын жасақтау бойынша баяндаған «Қазгипроград» 1 ЖШС жобалау институтының директоры Валентина Баркованың айтуынша, облыс орталығының басты құжатын жаңғырту осыдан төрт жыл бұрын басталып, аяқтала келіпті. Күні бүгінде жобаның нұсқасы тиісті мекемелердің келісімін алуда. «Қоғамдық тыңдау да өткіздік, айтылған сын-пікірлер ескерілді. Қазірде жоспардың инженерлік жүйелері қаралуда. Жалпы, рұқсат алуда ешқандай кедергілер болған жоқ. Бәрі де ретімен жүргізілуде. Жұмысымызды қазанда аяқтап, Үкіметке жолдамақшымыз»,-деді ол. Осы орайда Тимуржан Шәкімов мемлекеттік мекемелерге құжатты ұзақ уақыт қарамай, жеделдетуін тапсырды. Жиналысқа қатысушылар бас жоспарда жасыл желек пен республикалық деңгейдегі ескерткіштер назардан тыс қалмаса деген ұсыныстарын жеткізді. Бұл шаруа жұмыс бабы барысында тағы да қаралып, шешімін таппақ.

Құрманғазы ауданының Ақкөл, Қызылқоға ауданының бас жоспарын жасаумен айналысып жатқан «Қолдау» ЖШС өкілі Мұрат Үсенов те ешқандай кедергілердің жоқтығын, барлық проблемалар село басшылығының қатысуымен шешілгенін айтты. Бұл компания жоспарды облыстық мәслихаттың қарауына қараша айында ұсынады. Дегенмен, Төтенше жағдайлар департаменті,  Жайық Каспий бассейндік су инспекциясы кейбір тұстардың ескерілмегенін атап көрсетті.

Ал, Махамбет ауданының тоғыз селолық округі мен Жылыой ауданы Жаңа Қаратон поселкесінің басты құжаттарын дайындау – «Қазгипроград» 1 ЖШС жобалау институтының еншісінде. Бас жоспарлардың жобалары 2030 жылдың әр кезеңіне әзірленеді және аталған жұмыста елді мекендердің келешектегі дамуының аумақтық, әлеуметтік-экономикалық мәселелері қарастырылады.    

Мемлекет басшысы әрбір елді мекенге бас жоспар жасау керектігін қадап айтқан болатын. Өйткені, бұл басты құжат мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енеді. Сонан соң ол электронды үкімет порталына орналастырылады. Сөйтіп, әрбір тұрғын қалаған уақытында сайтқа кіріп, барлығын көре алады. Мамандардың пікірінше, ол кәсіпкерлерге де тиімді болмақ. Олар бизнесін бастар алдында қаланың қай аумағында бос орын бар екенін бірден біле алады. Сол себепті, әсіресе «Атырау-Жарық», «Атырау Су Арнасы», «Атырау жылу жүйелері», «ҚазТрансГазАймақ» Атырау филиалы осыған үлкен мән беріп, мәселені уақытында көтеруі тиіс. Мысалы, 2009 жылы жасалған Атырау қаласының бас жоспары қабылданбай қалды. Демек, Үкімет алдында басты құжат ескертпесіз қабылданып, қолданысқа енуі үшін ортақ іске жұмыла атсалысу қажет. Қала құрылысы кеңесін облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Әдиетұлы осындай тапсырмамен қорытындылады.

Айбөпе САБЫРОВА.   

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз