Әлемді тербеген әйел

screenshot 26 Қоғам

«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫН ҚҰРУ МАҚСАТЫНДА АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДА ОБЛЫСТАҒЫ 200-ГЕ ЖУЫҚ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР БАС ҚОСҚАН «ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ РОЛІ» АТТЫ ФОРУМ ӨТТІ.

Ауқымды шараның ашылу салтанатында сөз алған партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Арман Азаматов қоғамның барлық саласында да əйелдер өз позицияларын нығайтып, қабілетін көрсетуіне мүмкіндік туғанын, өкілді органдардағы əйелдердің үлесі 30 пайызға өскенін атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы жəне халықты əлеуметтік қорғау мəселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Динара Закиева былтыр Атырау облысына арнайы іссапары аясында бірнеше елді мекенді аралап, мектептер мен ауруханаларға, интернаттарға барып, түрлі əлеуметтік деңгейдегі отбасылар жəне балалармен кездескен-ді.

– «AMANAT» партиясы жанындағы отбасы жəне халықты əлеуметті қорғау кеңесінің жұмысы аясында елдегі 286 елді мекенді аралап, əлі күнге кейбір əйелдер мемлекеттің қамқорлығын толық пайдалана алмай отырғанына көз жеткіздік. Бұл мəселені шешу үшін партия жанынан əлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек беретін «111» деген қызмет ашылды. Сонымен бірге, қазір біз мемлекеттік жəне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, отбасын қолдау орталықтарын көбейтуге жұмыстанып жатырмыз. Республика бойынша ашылған 47 орталықтың екеуі Атырауда, бұл өте аз. 2025 жылға дейін барлық өңірде осындай орталықтар ашылады. Бір ауданда бір орталық болуы тиіс. Бұлардың басты мақсаты – отбасыларды қиындықтан шығару. Жасыратыны жоқ, қазір елдегі 6 миллион 700 мың отбасының жартысы көмекке зəру, – деді Динара Болатқызы.

Форумның екінші бөлімінде отбасын жоспарлау, құқықтық-қаржылық сауаттылық, аналарды шағын жəне орта бизнеске тарту мен отбасы бюджетін жоспарлау тақырыптары бойынша арнайы мамандар форумға жиналған қыз-келіншектерге көптеген мəліметтер берді. Қатысушылар да көкейіндегі сауалдарына нақты жауап алды.

Салтанат САНСЫЗБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз