ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН…

Оның әкесі Сәрсен – кезінде Ленин орденімен марапатталған санаулы ғана мұнайшылардың бірі. Жиырмадан сәл асқан шағында «қара алтын» өндірушілердің қатарынан табылып, бүкіл саналы ғұмырын осы салаға арнаған жанның өнегелі өмірі ұлына үлгі еді. Жақында ғана Атырау қаласындағы көшелердің біріне Сәрсен Өрекешев есімі берілді.

Міне, осындай отбасынан шыққан Серікке мұнайшы мамандығы бала шағынан етене таныс-ты. Бастапқыда бұрғышының көмекшісі ретінде еңбекке араласқан ол кейін Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын тәмамдады. Кішкене кезінен білімге құштар жас теориялық тәлі-мімен бірден көзге түсті. «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіне қарасты Балықшы барлау бұрғылау басқармасында өнді-рістік-техникалық бөлімнің аға инженері, инженерлік-техникалық қызметтің ауысым бастығы, технологиялық бөлімнің жетекші маманы қызметтерін мүлтіксіз атқарды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Солтүстік Үстірттегі Арыстан мен Қарақұдық алаңдарын игерушілер қатарынан табылды. Сөз ретінде айтар болсақ, осы кен орындарынан қазір де мұнай алынып жатыр.

Кезінде жас маманға бағыт бере білген, бүгінде еңбек ардагері, КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі Хамза Қуантыров артынан ерген інісі туралы жылы лебіз білдіреді.

«Серіктің бойынан әкесіне тән қасиеттер көрініп тұратын, – дейді ақсақал, – әсіресе, біліктілігі, зиялылығы, адамгершілігі, мінезінің байлығы мен парасатының жоғарылығы ерекшеленетін. Бәрін байыппен, асықпай, ғылыми негізде жүргізуге ұмтылатын. Сондықтан, мен оған «мозговой центр» (ақыл-ой орталығы) деген ат қойған едім».

Десе дегендей, Серік бәрін толымды теориясы мен жинаған тәжірибесін қабыстыра жасайтын. Тылсым тереңдікке бұрғы бойлатқан жандарға қателікке жол беруге әсте болмайды. Әйтпесе, ұңғымада апат болып, арты қиындыққа соқтыруы ықтимал. Міне, Серік алдымен бас технолог, кейін бас инженер ретінде соның біріне де жол бермеп еді. Осындай іскерлігі үшін әріптестері арасында зор беделге ие болды. Ұжымда оны қатты сыйлайтын.

Өндірістен қол үзбей жүріп ғылыммен де шұғылданды. Оған жетерлік теориялық дайындығы да, тәжірибелік толымы да бар болатын. «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінің ғылыми-зерттеу орталық зертханасына қызметке ауысты. Осында бөлім басшысы ретінде жемісті жұмыс жасады. Көптеген ғылыми мақалалар жазды. Жаңашыл ұсыныстарымен көзге түсті. Жеті патентке авторлық құқық алды. Бүгінде Серік Өрекешевтің ғылыми материалдарының саны 90-ға жуықтады. Үш ғылыми-көпшілік кітабын жарыққа шығарды. Сөйтіп, 2004 жылы осы бағыттағы еңбектерін жинақтап, Ресейдің Уфа қаласында техника ғылымдарының кандидаты атағын сәтті қорғап шықты.

Еліміз тәуелсіздігін алып, экономикалық қарым-қатынастардың жаңа әдісі өмірге енгенде жекеменшік негіздегі нысандар да пайда бола бастады. Ол мұнай өндіру саласын да қамтыды. Міне, сонау 1991 жылы «Ембіведьойл» кәсіпорны өмірге келді. Серік Өрекешев сол кезден бастап осында өндірістік директор лауазымын атқарып келеді. Бастапқы қиындықтардың барлығын ұжымдастарымен бірге бөлісті. Бұрынғы байланыстардың бәрі бұзылып, әркім өз бетінше тірлік етіп жатқан шақта кәсіпорынды қажетті құралдармен қамтамасыз ету де үлкен проблема еді. Жабдықтар жетіспеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы ел бойынша экономиканың тоқырауымен есте қалды ғой. Соның бәрін бастан кешті.

Сөйтіп жүріп те жаңашылдық бастамасынан қол үзбеді. Ембі кәсіпшілігінде алғаш рет ұңғы жұмысын бақылайтын «Сиам-Мастер» аспаптарын қолдануды ұйымдастырды. Қазақстанда бірінші болып тұтқырлығы жоғары, құрамында құмы көп мұнайды өндіруге арналған бұрандалы сорап қондырғысын өндірістік тәжірибеден өткізді. Соның бәрі ұмытылар ма?

Бүгінде «Ембіведьойл» кәсіпорны – облыс экономикасына сүбелі үлес қосып отырған, өңірдегі мұнай-газ саласында өзіндік орны бар өндіріс ошағы. Ондаған жергілікті маманды тұрақты қызметпен қамтамасыз етіп отыр. Ал, Серік Өрекешев бас кеңсесі Санкт-Петербургте орналасқан Экология және өмір тіршілігі жөніндегі Халықаралық ғылым академиясының (ЭӨХҒА) аумақтағы бөлімшесінің тете-президенті ретінде қоршаған ортаны қорғау проблемасымен де белсене шұғылданады. Әрине, өндіріс ошақтарының табиғатқа әсері болады. Қанша дегенмен, залалды заттар бөлінеді. Әсіресе, көмірсутегі шикізатына қатысты кәсіпорындарда мұндай мәселе бар. Бірақ, соның әсерін барынша азайтуға жұмыстану керек емес пе? Қол қусырып отырған жарасымды ма? Міне, әрі ғалым, әрі мұнайшы ретінде Серік Өрекешев осы мәселемен жете айналысады.

Онымен сан жылдан бері тізе қосып бірге қызмет атқарып келе жатқан «Ембіведьойл» кәсіпорнының директоры, экономика ғылымдарының докторы Мағауия Шырдабаев әріптесі туралы әр кез жылы лебізін білдіріп жүреді.

«Серік Сәрсенұлы, – дейді ол, – әке жолын қуған білікті бұрғышы, майталман маман, тәжірибелі қызметкер, шебер ұйымдастырушы. Саналы ғұмырының 42 жылын мұнай-газ саласына арнаған жанды отыз жылдан бері біледі екенмін. Содан бері ісіне тәнті болып келемін. Үлгі алар өнегесі мол. Турасын айтқанда, біздің кәсіпорынның қалыптасуына, қазіргі дамуына қосқан үлесі зор. Әр іске ғылыми тұрғыдан баға беретін тамаша ғалым».

Бұған Серік Өрекешевтің «Жер қойнауын барлау ісінің үздігі» атағын алуын, Экология және өмір тіршілігі жөніндегі Халықаралық ғылым академиясының академигі атануын, оның салалық «Ғылымға еңбегі сіңген қайраткер», «ЭӨХҒА-ға сіңірген еңбегі үшін», М.Ломоносов атындағы медальдары мен «Құрмет жұлдызы», «Ғалым жұлдызы», «Гуманизмі үшін» ордендерін иеленуін атар едік.

Міне, бүгінде жетпіс жастың шыңына шыққан жан туралы қысқаша қайырғанда осы жайларды сөз еттік. Заманында майталман мұнайшы атанған Сәрсен қарт пен Қымбат шешеміздің алты перзентінің бірі Серіктің өзі де бүгінде үлкен отбасы иесі. Жұбайы Бибатпа ардагер-ұстаз ретінде жүздеген жасты қанаттандырды. Қыздары Гүлшат, Сәуле, Сандуғаш пен Қарлығаш бірі – есепші, екіншісі – заңгер, үшіншісі – аудармашы мамандықтарын таңдады. Қайыржан энергетик болса, Нұржан ата мен әкесінің соқпағына түсті. Мұнайшы атанды. Әулеттің жақсы атын жалғастырып, оның да биік белестерді бағындырарына сенгіміз келеді. Ал, немере-жиендер аталарын құттықтауға асығуда. Отбасы шаттығы деген де осы емес пе, шіркін!

Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз