Экономикалық жаңғырудың жаңа кезеңі

atyr Қоғам

Энергетика министрлігі жуырда елімізде жанар-жағармай бағасының өсетінін мәлімдеді. Бұл шешімді азаматтар еш байбалам туғызбай, саналы түрде қабылдағаны жөн. Өйткені Қазақстандағы жанармай нарығындағы баға қайта қаралмаса, елдің экономикалық жағдайының күрт нашарлауы әбден мүмкін.  Бұл дегеніміз қазақстандықтардың әл-аухатына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан Үкімет осындай шешім қабылдауға мәжбүр.

Негізінен  нарықтық экономикада баға сол кездегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты қойылады. Оны мемлекет өзінің функцияларымен реттеп отырады. Алайда кейде бағаны тұрақты ұстай алмай қалатын кездер де болады. Ал бүгінгі ұстанған принцип объективті талаппен жүзеге асырылып отыр. Ендеше бұған үлкен қорқынышпен қараудың қажеті жоқ. Бұл өзгеріс экономиканың алға жылжуында дер кезіндегі демеу деп ойлаймын. Әрине, бағаның өзгерісі елде бастапқы кезеңде қиындықтар тудыруы мүмкін. Бірақ әрбір адам мұны экономикамыздың қарқын алып кеткенге дейінгі уақытша өзгеріс екенін түсінгені дұрыс-ақ.

Егер баға өзгеріссіз қалса, онда біз мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз. Бұл жөнінде бұрынғы Энергетика министрі (қазір Президент кеңесшісі) Болат Ақшолақовтың сөзінде де басым айтылды. Біріншіден, елде төмен бағалар сақталып, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз. 

Екіншіден, басқа мемлекеттердегі баға біздегіден әлдеқайда қымбат. Осы айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді. Ал бұл бізге ешқандай нәтиже бермейді. Бұған дейін төмен бағаның сақталуы мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға ешқандай мүмкіндік бермеген болатын. Алдағы уақытта да экономикамыз «баяғы жартас – бір жартастың» кебін киіп қалмасы үшін қазір өзгерістің орын алуына алаңдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

экономика ғылымдарының докторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз