АУРУ БАЛАҒА АРАША БОЛҒАН

Арман мен  Мәлика мектепте оқиды

Редакциядағы қарбалас сәттің қамымен жүргенімде, қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебінен журналистика үйірмесі жетекшісі Әнуар Жаманқұлов қоңырау шалды. Әріптесімнің сөзінен ұққаным, мектеп оқушылары көмекке зәру бір отбасына барып, қолұшын бермекші екен. Мұндайды қалт жіберуге бола ма, әлгі отбасы тұрып жатқан Томарлы поселкесіне қарай тартып кеттім...

 

Көмек күтіп, жанары жәудіреген Ләззат Өтепқалиева бес жасар ұлы Әділханның кезекті емдеу курсына қаражат жинап жүр екен. Бала туабітті гидроцефалия, яғни, көз торының ангиопатиясы, жетілмеген остеогеноз («хрусталь сүйек») сырқатымен ауырады. Айта кету керек, Қазақстан бойынша төрт бала осындай диагнозға шалдыққан. Яғни, сүйектері осал, тез сынғыш келеді. Баласы үшін Ләззаттың бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Құдайға шүкір, әлем мейірімсіз жандардан кенде емес. Әйтсе де, мүмкіншілігі әлдеқайда зор, ауқатты тұлғалардан еш қайран болмапты. Бірақ, өз аналарындай жанның жанайқайын мектеп оқушылары тез түсініп, өздерінше көмектесуге талпынған.

Әдетте, жомарттың қолын жоқтық байлайтыны бар ғой. Алаңсыз сабағын оқып жатқан жастарда қандай қаражат, нендей билік болушы еді? Бірақ, аталмыш мектептің 11 сынып оқушысы Арман Әбуғалидың бұған өз айтары бар.

– Мен мектепке бара жатқан сәтте жолда аялдамада ілулі тұрған хабарландыруға көзім түсті. Онда науқас ұлына жәрдем сұраған ананың жанайқайы жазылған. Бұған бейжай қарай алмаған соң, досыма хабарласып, қолымыздан не келетінін сұрастырдым. Ол кезде мен мектепішілік көркем кино түсіріп жатқан едім. «Арман асуы» деген фильмде Назарбаев мектебі  оқушыларының  жеткен  жетістіктері баяндалады. Қысқа метражды көркем туындының көрсетілімінен түскен қаржыны осы кішкентай Әділханның ем-домына жинадық. Нәтижесі жаман емес, – дейді ол.

Арманның ұсынысын ойланбастан қабыл алған досы, фильм сценарийін жазған Мәлика Арманқызы да – сол мектептің 12 сынып оқушысы.

– Көмек қолын созған барша атыраулықтарға айтар алғысым шексіз, – дейді Ләззат көз жасын жасыра алмаған күйі. – Мен көп  балалы анамын. Басқа балаларымның дені сау. Әділхан –  менің алтыншы кенже ұлым. Оған дәрігерлер үш диагноз қойды. Туабітті гидроцефалия, жетілмеген остеогеноз және көз торының ангиопатиясы. Баламның басына үнемі су жиналады, денесінің қызуы түспейді. Оның қолы мен аяғы отыз жерден сынған, өздігінен қозғалып, жүре алмайды. Біз бірнеше рет квотамен Астанаға ем алуға бардық, бірақ ана мен бала орталығында ешқандай көмек болмады. Балам үш ай сайын памидронат терапиясынан өтуі қажет. Сондықтан, қазір үш жыл қатарынан Мәскеудегі Еуропа медицина орталығында емдеу курсынан өтіп жүрміз.

Қазір екі адамның басы қосылса, жастарды жамандай жөнелетін әдет ғой. Бірақ, қиналған шақта жүрек жылуымен бөлісе білетін Арман мен Мәликадай жастардың да көп екені жаныңды қуанышқа бөлейді. Тек осындай бастама иелерін жарқыратып көрсету жағы кемшін болып жатқандай-ау…

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз