Жақсылықтың жаршысы болған мереке

img 20240322 wa0265 Мәдениет

Ұлық мереке Наурызды қала маңындағы Құрманғазы ауылының тұрғындары да тамаша көңіл-күймен қарсы алды. Ауылдық мәдениет үйінің алаңында Наурыз тойын тойлауға келген жұртшылықтың қарасы қалың болды.

Мәдени шараның шымылдығын түрген ел ағасы Аманбай Садықов барша халыққа ақжарма тілегін арнады.

-Ұлағаты мол осы дәстүрлі мереке әр шаңыраққа ырыс пен құт әкелсін! Ел игілігі үшін еңбек еткен құрманғазылықтардың қазаны дәмге, қамбасы дәнге толып, ел-жұрт бейбіт де баянды ғұмыр кешсін, – деп, ауыл ақсақалы ақ батасын жолдады.

Мұнан соң Құрманғазы ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Гүлнар Сабирова асыға жеткен мерейлі мерекемен жұртшылықты құттықтап, әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ пен бірлік тіледі.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, ауыл халқы ұлттық ойындарды тамашалады. Ал, сайыстарда бақтарын сынаған белсенділердің қанжығасы майланып, олжалы болды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз