Ұлттық құндылықтардың қайнар көзі

bez imeni44 1 Мәдениет

Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы күні – Наурыз мерекесі ежелгі парсы халқынан бастау алған.  Бала күнімізде көпті көрген көнекөз қариялардың мұны «Қызылбастың наурызы» деп айтып отыратындарын  еститінбіз.

Бұл – күн мен түннің теңесер тұсы. Қыстан аман-есен шыққан ағайынның сәл де болса шаруадан қолы босап, бірін-бірі іздейтін, мәре-сәре болып қауышатын кезі. Әйтсе де, «Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні» деп ұлықталатын бұл күнді ондаған жылдар бойына ұмыт қалдырғанымыз жасырын емес. Өйткені, «қылышынан қан тамған» қызыл империя бұрын бұл мерекені тойлатқан жоқ. Еліміз егемендігін еншілеген тұста ғана Наурызды шынайы халықтық мереке ретінде сезініп, ұлықтайтын болдық.

Алғаш рет Индер ауданының орталығында ұйымдастырылған мерекелік шарада көше бойына жағалай киіз үйлер тігілді. Олардың алдына жиылған жұрт наурыз көжеден бастап, халқымыздың  ұлттық тағамдары мен сусындарынан ауыз  тиді. Түрлі ұлттық ойындарға қатысып, өзара сайысқа түсіп, тартысты. Ән шырқалып, күй шертілді. Сол мерекеде лоторея билеті ойынына қатысқан бір құрдасымыздың бас бәйгеге тігілген «Урал» мотоциклін ұтып алып, ойламаған жерден олжалы болғаны да бар.

Міне, содан бері Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде  тойланып, жылдан жылға мазмұны мен мәні жаңарып келеді. Бастауын ғасырлар қойнауынан алып, атадан балаға жалғасқан осынау ұлық күн осылайша есте қалды. Бұл мерекенің шын мәнінде, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарымызды, қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптеп, халқымыздың тарихын түгендеп, оларды өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге тигізер септігі зор, қосар үлесі мол. 

Ұлыстың ұлы күнімен жаңарып, жаңа күнмен бірге қайта түлеген елімізде, қалаберді өңірімізде бұл мейрам ерек мазмұн мен бөлек сипатты иеленіп, ұлтты ұйыстырып, халықты топтастыруға дәнекер болып отыр. Мұнда жерімізді мекендеген өзге этностардың да тілі мен ділін, дәстүрі мен дінін насихаттауға да көңіл бөлініп, олардың өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күйді бөлісуіне мүмкіндік беріледі.

Соның куәсіндей, бірнеше ұлттың өкілі бір үйдің баласындай тату тұратын, бірлігі жарасқан, Жайық бойын жайлаған ауданымызда осындай ахуал қалыптасқан. Орталықтан бастап ауданның әр ауылы мен көшесінде бой түзеген алты қанатты ақшаңқан киіз үйлер мерекенің сәнін келтіріп, арқа-жарқа болып бас қосқан ағайынға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жаңа жылдың басталғанын білдіреді.

Бұл күні жеке үйлер тұрғындары көшелерімен, көпқабатты үйдегілер аулаластарымен бірлесіп қазан көтеріп, наурыз көже мен бадана бауырсақ, басқа да дәмге толы жайылған дастархан басына жайғасып, әңгіме-дүкен құрады. Мерекеге орай үлкендер батасын беріп, жастар тілек айтады. Әрмен қарай алтыбақан басында ойын-сауық құрылып, ұлттық өнер мен спортқа кезек беріледі.

Мерекенің мазмұнды, нақышты өтуіне үлкен-кіші бәрі бірдей белсенді атсалысып, үлесін қосуға әзір тұратыны қуантады. Бұл ретте аудандық ардагерлер ұйымының жанынан қоғамдық негізде құрылған «Ата-Мұра» аталар және «Ару-Ана» әжелер ансамблі мүшелерінің де әркез мерекелік шаралардың бел ортасынан табылатыны көңілге қуаныш ұялатып, аға буын өкілдерінің  мерейін тасытып, мәртебесін көтеріп тастайтынына куәміз. Мұның өзі ұлттық құндылықтардың ұлықталуындағы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісін аңғартса керек.

Сайып келгенде, Наурыз мейрамының басты мәні мен маңызы оның ұлттық құндылықтар мен рухани қазынамыздың қайнар көзі болып табылатындығында жатыр. Жүректен жарып шыққан мына жыр жолдары да соны айғақтағандай.

Наурыз – жыл басы!

Жаңа жыл, жаңа бағыт, жаңа арман,

Бәрі де басталады жаңарудан.

Өткенді өміріңе тарих қылып,

Бастау керек рухани ағарудан.

Құтты болсын, Наурыз, жаңашыл ел,

Жаңа жылға жақсылап жаңарып ер.

Қазақтың байтақ мынау даласынан,

Қасиетті бабаңның мұрасын тер.

Ұл-қызың салиқалы өссін деймін,

Бар қазақ төл тіліне көшсін деймін.

Ел тыныш, жұрт аман боп жерімізде,

Көңілден көктем лебі ессін деймін.

***

Құтты болсын мереке, ауылым, биік асқарым!

Егеменді ел болдық, түсінген жанға астарын.

Болашаққа қол созған, ұрпаққа тілеп салауат,

Бойында бар жігері, сенімге тіккен бастарын.

Жаңарсын өмір, гүлденсін, ашық болып аспаның,

Келешегі елімнің – аман болсын жастарым.

Күннен күнге нұрланып, сұлудай бойы таралып,

Өсе берсін ендеше, тәуелсіз Қазақстаным!

Мәлік ҚҰСАЙЫНОВ,

еңбек ардагері

Индер ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз