«СЫЛАҢ ҚЫЗДЫҢ» СЫРЫ

Театр  шеберлерінің  қойылымы  көпті  риза  етті

Оңтүстік Қазақстан облысының Атыраудағы мәдениет күндері аясында Махамбет атындағы облыстық драма театры сахнасында оңтүстіктік әзіл-сықақ және сатира театры көрермен қауымға Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қыз» атты комедия-памфлетін ұсынды.

 

Аталған қойылым аласапыран жылдардағы қазақ ауылының өмірін, қоғамдағы өзгерістерді, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік ахуалды шынайы бейнелейді. Бұл комедияда салық жинаушы Жабағы, оның жалғыз қызы Бәтима мен әйелі Айсұлудың өмірі нанымды көрсетіледі. «Қымызды кім ішпейді, қызды кім сүймейді» демекші, қойылымда бой түзеп қалған Бәтимаға сөз салушы үш қоғамның өкілі – үш жігіттің қам-қарекеті мен өмір сүру салттары, өмірлік ұстанымдары мен саяси бағыттары ұсынылады. Үш жігіт қызға үш түрлі әңгіме айтып, өздері күлкі болады. Ал, Бәтима қыздың бар арманы теңдік, еркіндік пен бостандық болатын. Ол сол кездегі ауыл қыздарының қара басына билігі келмейтінін, өздерінің қара танымайтынын, жүрегі қалаған жігітке тұрмысқа шыға алмайтынын айтып, налиды, көрерменмен ой бөліседі.

Салық жинаушы әкесі болса, халықтан түскен салықтан жырымдап, өзінің қарақан басын күйттеуді ойлайды. Қолындағы бір дорба ақшаны үйінің ана бұрышы мен мына бұрышына жасырып, көлеңкесінен үркіп жүреді. Оның ақша мен дүние-мүлікке жақындығы соншалық – жалғыз қызының аяғындағы шөбегінің жыртылып, жартылай жер басып жүргеніне де көңіл бөлмейді. Қызы Бәтима «Маған қашан аяқ киім алып бересіңдер? Мен қашанғы осы жыртық шөбекпен жүре беремін?» деп, зар илейді. Бірақ, байыған үстіне баюды көздеген әкесі бұған мән бермейді.

Аталған театрдың репертуарында, бұдан басқа, «Бонапарттың үйленуі», «Күшік күйеу», «Андро және Сандро», «Алдар көсе», «Он үшінші номер», «Кәрілігімді сағындым», «Ғашықтар хикаясы», «Алғашқы махаббат», «Әпендінің бес қатыны», «Барон», «Құрылыстағы қырылыс» және басқа қойылымдар бар екен. Театрда жалпы саны 86 адам жұмыс істейді. Оның ішінде шығармашылық салада 36 адам қызмет атқарады. Театрдың директоры – Қ.Қарғабаев, көркемдік жетекшісі – М.Айтжанов. Аталған өнер ұжымының әдебиет бөлімі меңгерушісі Фархат Халилуллаевтың айтуынша, атыраулық көрермен оңтүстікқазақстандық өнер шеберлерін жылы шыраймен, үлкен қошеметпен қарсылаған. Бұл пікірді ақжаулықты аналар – Қалиса Қуанышева мен Күләш Абдрахманова да растады. Олар Айт мерекесімен тұспа-тұс келіп, өз өнерлерін паш еткен шымкенттік әртістерге шын көңілден риза екендіктерін айтты.

Бұл күні театрға қойылым көруге келушілер «Қазыналы Оңтүстік» атты жылжымалы көрмені тамашалау қуанышына да ие болды. «Жаңарған, жасарған Оңтүстік», «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты кітап көрмелері оңтүстіктен шыққан ақын-жазушылардың кітаптарына толы екен. «Сондай-ақ, «Қазыналы Оңтүстік» атты 500 томдық кітап шығару жоспарланған болса, соның күні бүгін 300-дің үстінде томы жарыққа шығып үлгерді. Атыраулық оқырмандардың кітап көрмесіне деген қызығушылығы айтарлықтай болды,» – дейді Отырар ғылыми-әмбебап кітапханаcының бөлім меңгерушісі Жәмила Қожанқызы бізбен арадағы әңгімеде.

Театрға келген көрермендер бұған қоса Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жәдігерлері мен Бейнелеу өнері мұражайының көрмесін де тамашалады.

 

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз