Атырауда бата беру жарысы өтті

rrrrar Мәдениет

Ел ағалары қатысқан сайысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам жəне ізгі қоғам» жылы аясында Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті ұйымдастырды.

Бата беру дəстүрін дəріптеу, аталы сөздердің қадір-қасиетін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған игі шараға 14 үміткер қатысты. Жастары 40 пен 63 аралығындағы үміткерлер сайыста екі бөлім бойынша білімдерін сарапқа салып, жаттаған баталарын нақышына келтіре орындаумен қатар, қазақ халқының салт-дəстүрлері, əдет-ғұрыптарына байланысты қойылған танымдық сұрақтарға да жауап берді.

Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Саадат Нұрманов жеңіп алды. Екінші жəне үшінші орындарды Теміржан Баймұханов пен Самиғолла Бəделұлы өзара бөлісті. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев жастарға бағыт сілтеу – ұлттық құндылықтарымызды, қазақы тəрбиемізді насихаттау арқылы жүзеге асырылуы керек екендігін айтты.

«Баталы сөздерде қазақтың тарихы, салт-дəстүрі, болмысы, адамгершілік келбеті, жанұя жарастығын сақтау, ұрпағын тəрбиелеуге негізделген керемет игіліктер көрініс тапқан. Батадағы ғибратты сөздер ұрпақты əділетті, салиқалы, көркем мінезді болуға тəрбиелейді» дейді ол.

Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтің айтуынша, мұндай рухани шаралардың қажеттілігі, маңызы өте жоғары.

«Ескірмеген салттың бірі – бата беру. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тəрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер əсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған əрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмəн келтірмеген. Сондықтан, мұндай игі шаралар көптеп өтуі керек» дейді Мұрат Сақтайұлы.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы іс-шараның мүфтият жариялаған «Ислам жəне ізгі қоғам» жылына орайластырылып отырғанын айтып, қатысушылардың ұлттық киім үлгісіне, сахна мəдениеті, батаны жеткізуіне баса назар аударылғанын да айтты.

Гүлжан ƏМІРОВА
Суретті түсірген Əнуар ƏБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз