ӘР АРДАГЕРГЕ – АЯЛЫ АЛАҚАН

Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейтойында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы өкілдері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады.

 

Мерекеге орай партия өкілдері облыста қалған 78 ардагердің ең үлкені 96 жастағы Иматуған Үмбетов тұрып жатқан «Алмагүл» ықшамауданына ат басын бұрды.

– Бір замандарда қой бағып, ешкімге тиіспей жай жатқан ел едік. Ортамызға ойран салған қанқұйлы соғыс тыныштығымызды бұзды. Мен еш ойланбастан Жылыой өңірінен ел қорғауға аттанып кеттім. Сөйтіп, жауды жеңіп, бейбітшілікке қол жеткіздік. Бүгінде ұрпақ қызығына бөленіп, мемлекет қамқорлығын сезініп отырмыз. Қанатын кеңге жайып келе жатқан еліміз мұратына жеткей, – деген қария алақан жайып бата берді.

Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев қолына баянын алып, әке туралы әнге салғанда, ардагерлер көз жасына ерік берді. «Бүгін жер бетіне Ұлы Жеңіс орнағанына тура жетпіс жыл толуда. Соғысқа қатысқан бір миллион жарым қазақстандықтың 500-ден астамы Кеңес Одағының Батыры атанды. Кейінгі ұрпақ кешегі зұлматты ұмытпауы тиіс. Ер есімі мәңгілік ел есінде жаңғырып қала бермек», – деді Кеңес Темірұлы.

Топ соғыстан екінші топ мүгедегі болып оралған Әнуар Шарафутдиновтың үйінде де болды. Сонау 1942 жылы әскери борышын өтеу үшін Украинаға аттанған ол бір ұрыс кезінде тізесінен жараланған. Госпитальда емделген соң, туған Доссорына келіп, электростансада, артынша ұзақ жыл «Тресгурьевводстрой» мекемесінде еңбек етті. Ризашылығын білдірген ақсақал «Синий платочек» әнін баянның сүйемелдеуімен орындап берді.

Ал, Жазықбаев даңғылында тұратын Мария Гук денсаулығына байланысты төсегінен тұра алмай, немересі Лена қарсы алды. Ардагерлердің бәріне Бауыржан Байбектің мерекелік құттықтау хаты табыс етілді. Кіші өнер Академиясының жас өнерпаздары жыр оқып, өлең арнады. Ал, арнайы топ құрамындағы дәрігер маман ардагерлердің қан қысымын өлшеп, медициналық тексерістен өткізді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз