Ақмырза қарттың фатихалы ғұмыры

bez imeni 2 Мәдениет

Бата беру – тәрбиелік мәні бар халқымыздың асыл қазынасы. Отанды, туған халқын сүюдің нағыз қайталанбас үлгісіндей құндылық. Бүгінде ұлттық идеология аталып жүрген өнеге мен тәлімнің мектебі сонда жатыр. Өкініштісі сол, осы күні қариялардың бата беру дәстүріне көпшіліктің көңілі тола бермейді. Өйткені, ежелден келе жатқан дәстүрді «кезекші» тілекке айналдырып жібергендердің үнін көбірек еститін болдық.

Наурыз мейрамы қарсаңында бата беру дәстүрін дәріптеп, дәуірмен үндестіре отырып, кейінгі ұрпаққа бата беріп жүрген Батырхайырұлы Ақмырза қариядан ұлттық дәстүр төңірегінде әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті. «Ақсақалдан бата алған Құдайдың рахметіне жолығар» демекші, сексеннен асқан қарияға арнайы сәлем бере барып, батасын алдық.

Шаңырақ жарастығы

Өмірі небір қиын заманмен тұстас келсе де, өзі тағдырдың теперішін көре жүріп, перзенттеріне өнегелі тәлім беріп өсірген ақсақалдың кейінгі ұрпаққа айтары көп. Қашан көрсеңіз де жайдары жүзбен қарсы алып, мейірім шуағын шашып жүретін қария немерелерінің әр қылығына рақаттанып, әркез өзін бақыттың шыңына шыққандай сезінеді. Бұл әулетте наурыз айы өте ерекше өтеді екен. Себебі, ұл-қыздың амандығын тілеп, олардың өсіп-өнгенін көріп отырған ақсақал үшін мейрам 8 наурыздан басталады. Сол күні өзінің алты қызы мен дүниеден озған інісінің қызын да қоса шақырып, дастарқан жайылып, мәре-сәре боп қалады екен. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген сол емес пе, артынша ағайын-туыс, көрші-көлем, ұл-қызы мен олар байланыстырған құда-жекжат қарияға көрісуге келеді. Биыл да сол әдеттен ешкім жаңылмаған, келіні де наурыз көжесін дайындап күтіп отыр екен.

– Ертеде 14 наурызды мұсылман елдерінде «Қазбек наурызы» деп тойлаған. Қыста ұйқыға кеткен тышқан, сарышұнақ, аю, борсық секілді аң-жәндіктер көктемде оянады. Ағаштар бүршік жарып, көк шыға бастайды. Наурыздың ақша қары жауады. Мұз ойылып, сең жүреді. Суға жан бітеді. Сондықтан бұл күні тышқан түйенің құлағына шығып алып, «жылды көріп тұрмын» деп бірінші хабарлаған-мыс. Сол күні іннен шыққан сарышұнақ жан-жағына қарап тұрады екен. Қарттар бізді оның ізін қарауға жіберетін. Егер сарышұнақ 50 қадамдай жүрген болса, күн жақсы болады. Ал орнынан қозғалмай қайтадан ініне кіріп кетсе қыс аяғы созылып, наурыздың 22-сі күні шығады. Бертін келе ғалымдар жыл басы 22 наурыз деп ығыстырды. Ал атам қазақ ол күнді негізінен «амал» деп атаған. Бұл күні жадыраған шуақты күнді көрмейміз, керісінше жел соғып, дауыл тұрады, жауын жауады. Бұл күні қазанға май тамызып, «бұл амал жақсылығымен келсін» деп ниет ететінбіз. Өйткені, табиғат сан құбылып, бесқонақ келіп, мал қырылатын жағдайлар кездесіпті. Оның соңы құралаймен аяқталады. Қазір көрісуге бірер күн қалғанда жеті түрлі тағамнан наурыз көже дайындап, айналамыздағы жақындарымыз осы үйде үлкен кісі бар деп амандасып кетеді. Таңертеңнен кешке дейін қыз-күйеу, құда-құдағайларым келіп, осылай емен-жарқын араласып, дастарқан басына жиналып қаламыз. Көк қасқа соймасақ та, сүрленген етіміз бар. Бауырсақ, шелпек, таба нан, көже пісіріп, қонақ келсе құт келеді деп күтіп отырамыз, – деді Ақмырза қария.

Батагөй қарттың айтуынша, өз шаңырағына шақырып, қонақ қылып күтетіндер де бар екен. «Ел ақсақалы» деп сыйлаған жұрттың шақыртуын қабыл алып күніне үш-төрт үйге қонақтап қайтатын көрінеді. Көпті көрген қарияны мереке тұсында сәбиге азан шақырып ат қою, тұсаукесер секілді дәстүрлерге қатысуын сұрайтындар да бар көрінеді. Қарттыққа жеткеннен кейін тұсау кеспесе де, біраз баланың есімін қойып беріпті.

Әке шартын бұзбаған ұл

Соғыс сұрапылынан кейін әкеден айырылып, інісі екеуі анасының қолында қалған ол бөтеннің ала жібін аттамай өскен жалғыз бауырын да былтыр жер қойнына тапсырыпты. Ағалы-інілі бауырлардың бір-біріне өте жақын болуына әкенің аманат еткен бес шарты сеп болыпты.

– Арақ ішпесін, темекі тартпасын, карта ойнамасын, ұрлық жасамасын және қыздың етегін нақақ көтермесін! Бұл – әкелеріңнің өсиеті. Осының біреуін бұзсаңдар, ұядағы шіріген жұмыртқаны қалай шығарып тастайды, мен де сендерді солай шығарып тастаймын деп шешем жарықтық айтып отыратын. Бізді солай өсірді, – деп көзіне жас алды атамыз.

Соншама уақыт өтсе де, әке рухына берген серттен айнымай өткен аға буынның ар-ожданына іштей басымызды идік. «Қазіргі ұрпақты да осы қағидамен тәрбиелесек қоғамдағы зорлық-зомбылық, тура жолдан таю сынды проблемалар азаяр ма еді, шіркін» деген де ой келеді.

– Мектепте пысық, ширақ болдым. Жылқы баққан әкеміз қайратты, бір сөйлейтін кісі еді. Сабақты жақсы оқыдық. Бес сабақ болса, соның бәрінде «бес» деген баға тұратын. Кейін педагогикалық институтқа түсіп, тарихшы мамандығында оқыдым. Одан кейін спорт саласына бет бұрып, еркін күрестен спорт шебері атандым. Оған қоса зілтемір көтеру, бокс сынды тағы оншақты спорт түрін қатар алып жүрдім, – деді қария жастық шағына шолу жасағандай.

Сексен жасты орталаса да қажыр-қайраты қайтпаған дене пошымы мен қарулы қолы, қимыл-қозғалысының ширақтығына қарап, оның әңгімесіне алғаусыз иландық. Отбасын асырау үшін училищеде жол ережесін үйрететін оқытушы да болыпты. Үйретудегі шеберлігінің нәтижесінде шәкірттерінің барлығы емтиханды жоғары ұпайға тапсырған. Сөйтіп абыройы көтеріліп Қазақстан Жүргізушілер одағы Атырау облыстық филиалында сабақ берген.

Қатира апайдың өтініші

Әңгіме барысында ақсақалдың алғашқы жұбайымен 10 жыл бірге оқығанын білдік. Анасы кішкентайынан бұған сенім артып, қызын ілестіріп жібереді екен. Сөйтіп мектепке екеуі бірге барып жүрген.

– Ержеткен соң бір-бірімізге деген жақындық ерекше махаббатқа ұласып, отбасын құрдық. Екеуміз төрт қыз, үш ұл сүйдік. Алайда алдыңғы екі ұл жастай шетінеп кетті, үшінші ұлымыз дүниеге келіп жатқанда тағдырдың жазуымен ұлымнан да, жұбайымнан да айырылып қалдым, – деп ақсақал жанарын сүрткіштей берді.

Төрт қызбен қалған Ақмырза біраздан соң қазіргі зайыбы Жібекпен дәм-тұзы жарасып, екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсіреді. Ақмырза ақсақал мектеп-интернатта практикада жүріп, ондағы балаларға да әкелік тәлімін беріпті.

– Практиканы тәмамдап, анықтама толтырып жатқанда облысқа танымал мейірбан ұстаз Қатира Ермекқызы Дүтбаева апай: «шырағым Ақмырза, мына интернаттағы балалардың бірінің әкесі, бірінің анасы жоқ, енді бірі тұл жетім екенін білесің ғой. Сенің келе жатқаныңды терезеден көріп отырамын. Жолдың оң жағында ер балалар, сол жағында қыз балалар күтіп тұрады. Олар сенің үстіңдегі киіміңнің бәріне жапа-тармағай таласып, құшақтап жатады. Сені әке-шешесі ретінде қабылдап, жақсы көріп тұратыны байқалады», – деді. Сөйтіп, тағы бір жыл сабақ беруімді өтінді. Өзімді құрметтеп тұрды, мен де үлгілі мұғалім болуға тырыстым. Сол балалар қазір зейнет жасында. Барлығы да ұл-қызының тойынан қалдырмайды, – дейді ол мейірленіп.

Келіні жақсының керегесі алтын

Бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан үлкен әулеттің енші бөліспеуінде де үлкен тәрбие жатыр. Өйткені, келін де бір үйдің үкілеп өсірген қызы, оны өз қызыңдай басынан сипай отырып, үлгі-өнеге көрсетсе, әулетке сіңіп, ұрпағыңды көбейтеді.

Қарияның көрген теперіші мен шеккен бейнеті бір басына жетіп артылады. Қаңқу сөз де айналып өтпеген. Қандай қиындықта да жігері жасымай, артында қалған үш немересі мен келінін алақанға салып, «айналайын» деп басынан сипап отырған.

– «Келіні жақсының керегесі алтын», «Үйіңді жайнататын, шәйіңді қайнататын келін», «Келін де бір үйдің үкідей балақтаған баласы», «Келінді күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деп қағазға жазып, ас үйге жапсырып қоямын. Демалыста үй жинап жүріп, келінім оны алып тастайтын көрінеді (күліп). Қазіргі балалар ашық мінезді, ойындағысын бүкпесіз айта салады ғой. Кейде «қаласаңдар бөлек шығыңдар» деп те айтамын. Бірақ басымыздан өткен жағдайлардан соң бұл сынақ біздің ауызбірлігімізді бұза алмады. Бір-бірімізбен сыйласып өмір сүріп келе жатырмыз, – деп ойланға қария терезеден алысқа көзін тіктеді…

Бүгінде Ақмырза Батырхайырұлы қоғамда жоғалып бара жатқан дәстүр мен құндылықтарды қайта жаңғырту, балаларды патриоттыққа тәрбиелеу, жасөспірімдердің әскери борышын өтеуге деген талпынысын күшейту сынды шараларға атсалысып жүр.

Жасыратыны жоқ, қазір тұрмыстағы түйінді мәселелерді шеше алмай, сынақ келсе шыдамай, жарты жолдан тайып кететіндер көп-ақ. Мұндайда Ақмырза ақсақалдың қиындыққа қасқая қарсы тұрған қажырлылығы кейінгі буынға үлгі болары анық.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Ақмырза Батырхайырұлының Наурыз-батасы

– Уа, Әз-Наурыз мейрамы!

Жақсы күні жарылқап

Ортамызға тап келдің.

Аңсап күткен халықтың

Бастарына бақ бергін!

Астарына тақ бергін,

Көңілдеріне шат бергін,

Не берсе де нақ бергін!

Қырда жүрген Қыдырды

Ұлыстың ұлы күнінде

Қақ төріме ап келгін!

Ұлдарымыз ұлықты болсын!

Қыздарымыз қылықты болсын!

Келіндеріміз келісті болсын!

Диқандарымыз егісті болсын!

Бау-бақшамыз жемісті болсын!

Дастарқанымыз мол болсын!

Жолға шықсаң жол болсын!

Сапарларыңыз оң болсын!

Алтын есік ақ орда

Үстеріңе орнасын!

Іші толған той болып,

Елім тыныш, жұрт аман,

Еш жамандық болмасын!

Жеті байлық, бес бақыт

Бастарыңа орнасын!

Осы берген ақ батам

Қыдыр баба қолдасын!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз