«АЛТЫН ҚАЙЫҚ» – ТӨЛЕПБЕРГЕНДЕ!

«Ақ желкен» шығармашылық орталығында облыс әкімдігі мен «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Алтын қайық» номинациясын алған жеңімпазды марапаттау шарасы өтті. Бұл шараның мақсаты – Қазақстанның батыс аймағындағы бейнелеу өнері шеберлерінің басын біріктіріп, шеберліктерін шыңдау, қазақ суретшілерін алыс-жақын шет елдерге таныстырып, әлемдік деңгейдегі сапаға жеткізу.

Бұған Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының конкурсқа дейін іріктеу сынынан өткен шеберлер қатысқан екен. «Алтын қайық» номинациясы үшін сайыс шаралары 2011 жылы басталған болатын. Бүгінде тұсауын кескеніне үш жыл толып отырған осынау шараның өңірімізде өзіндік орны бар.

«Алтын қайық» номинациясының бас жүлдесі – қайық үстіндегі қызды бейнелейтін алтын статуэтка. Биылғы қылқалам шеберлерінің додасына Батыс Қазақстан облысынан Самат Сарманбеков, Сергей Берднин, Бақытқали Оразов, Әшім Тасқалиев, Маңғыстаудан Талғат Мамаев пен Өтепқали Өміров, Ақтөбе өңірінен Айдар Есбаев, Жеңіс Жұбанқосов, Вячеслав Рубановский, Орынбасар Төлегенов, Атыраудан Қалымбек Жұмашев, Мұхтар Шеруенов, Мұрат Рахметовтер өз шығармаларымен қатысыпты.

Салтанатты шараны Атырау облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Азамат Жолаев ашты.

«Алтын қайық» номинациясын насихаттап, ақпараттық қолдау көрсеткен БАҚ өкілдерін «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Нұрберген Дәулетов Алғыс хатпен марапаттады.

Бұл журналистердің сапында «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл, «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан Батырбек Шеркешбаев пен Өнербек Жаңабаев, облыстық «Атырау» газетінен Алтыншаш Құрмашева, «Прикаспийская коммуна» газетінен Ләззат Салимова,  «Қазақстан-Атырау»  телеарнасынан Майя Жұмаханова, Нұрлыбек Ғизатов, «Ақ Жайық» газетінен Айнұр Сапарова,  «Интер-факс» ақпараттық агенттігінен Рахым Қойлыбаев бар. Жылдың үздік телеоператоры болып Фархат Тәжібаев танылса, жылдың үздік фототілшісі –Қанат Елеуов марапатқа ие болды.

«Алтын қайық» конкурсының қорытындылану шарасына Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Айтқали Қани қатысып, Суретшілер Одағының атынан «Ақ желкен» шығармашылық орталығының, «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Нұрберген Дәулетовке алғыс айтты: «Республикалық деңгейде өнер шарасын ұйымдастыру оңай шаруа емес. Сондықтан, Сізге Одақтың Алғыс хатын тапсырамын және Қазақстан Суретшілер Одағы мүшелерінің суреттері шыққан бес томдық кітабын табыс етемін».

Бұдан кейін Айтқали Қани суретші Жоламан Аралбаевты Суретшілер Одағының мерекелік медалімен марапаттады.

«Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Нұрберген Дәулетов «Алтын қайық»  шеберлік жарысына қатысқан бір топ суретшіні марапаттады. Олардың ішінде атыраулық Қалымбек Жұмашев, Мұрат Рахметов, Мұхтар Шеруеновтер бар.

«Үздік кескіндеме» номинациясы бойынша жерлесіміз Әділқайыр Жантасов марапатқа лайық деп танылды. «Жыл жаңалығы» бойынша да бұл қылқалам шебері үздік деп бағаланды.

«Үздік графика» номинациясының жүлдесі Асхат Әбдешовке бұйырды. 2014 жылдың «Үздік зергері» Төлепберген Сарманбеков атанды. «Үздік қолөнерші» Ерғали Бекешовтің де мерейі тасыды. Номинация жүлдегерлерінің әрқайсысына «Жерұйық» мәдениет орталығы»  қоғамдық қоры 120 000 теңге мөлшерінде қолдау көрсетті.

«Алтын қайық»  номинациясының бас жүлдесі Батыс Қазақстан облысынан келген зергер Төлепберген Сарманбековтың қанжығасында кетті. Бұл өнер иесінің конкурсқа ұсынған қолөнер бұйымдарының ішіндегі ең басты жұмысы «Алтын сәукеле» – шараға қатысушылардың назарын өзіне аударған бірегей туынды болды. Оның құны 1 500 000 теңгеге бағаланыпты.

«Осы өнер додасын ұйымдастырушыларға рахмет! Мен үш жылдан бері қатысып келемін. Былтырғы жылы 1-ші орынды місе тұтқанмын. «Алтын қайық» менің қолымнан екі рет сусып кетті. Міне, үшіншісін де алып тұрмын! Еңбегімді әділ бағалағандарыңызға рахмет! Негізі мұндай шара бұрын-соңды қолға алынып көрген емес. Ұзағынан болғай»,- деді тебіреніп, бейнелеу өнеріндегі 2014 жылдың үздік шебері Төлепберген Сарманбеков.

Айта кету керек, қатысқан суретшілердің бәріне де «Жерұйық» қорынан қаржылай демеушілік жасалды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз