ТАБИҒАТТЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ – БАРШАНЫҢ БОРЫШЫ

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы «қара алтынды» негізінен байырғы кен орындарынан өндіреді. Өткен ғасырдың орта шенінен бері қолданыста жүрген кеніштер бар. Бұлардағы ұңғымалар да суланған, қайтарым да кеміген, технологиялық шараларды да көп керек етеді.  Сол себепті, қоршаған ортаны қорғауға ерекше назар аударуға тура келеді. Бұл жөнінде Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам» бағдарламасында да айтылған. Компанияның осы орайда алдымыздағы жылға жоспарлаған жұмыстарын саралау үшін қоғамдық тыңдауға жиналғандар мәселені осы тұрғыдан таразылады.

 Ескі ұңғымалар есепте

Жалпы, Каспий жағалауындағы кеніштерге тән ортақ мәселе – су астында қалған ұңғымалардың қауіпсіздігі. Рас, кезінде олар құрлықта қазылған, азды-көпті өнім берген. Кейінгі жылдары теңіз деңгейі көтерілгенде бәрін су шайып кетті. Қуатты техника болмаса, ұңғымаларға жақындау да мүмкін емес. Сонау жылдары солардың кейбірінен теңізге мұнай ағып, біраз әбігерге де салған. Қазір Тәжіғали кен орнында осындай 61 ұңғыма бар. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының тапсырысымен «ЭкоАналитик» ғылыми-өндірістік орталығы әр жылы мониторинг жасайды. Мамандардың айтуынша, есепті мерзімде теңізге мұнай ағу фактісі тіркелмеген. Сайып келгенде, Каспий тазалығын қорғау – халықаралық деңгейдегі іс. Теңіз төңірегіндегі бес мемлекеттің де ортақ су көзіне қатысты қабылдаған міндеттемесі бар. Айдын шекарасы әзірге анықталмағанымен, әр ел өз жағалауында мұнайын өндіріп, балығын аулап отыр. Сөйте тұра, экожүйеге еш зиянын тигізбеуі тиіс. Міне, «ембілік» мұнайшылар осы талап үдесінен шығуда.

Жалпы, қоғамдық тыңдау басталар алдында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Айболат Ғабдуллин:

– Өндіріс бар жерде экологиялық проблемалар да туындайды. Біздің мақсатымыз – осы мәселені біртіндеп шешу, қоршаған ортаны қорғау талаптарын мүлтіксіз орындау, – деген-ді.

Кәсіпорын басшылығының бұл бағытта тындырып жатқан ісі көңіл көншітерлік. «Ембімұнайгаз» АҚ қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Сәлима Әбитованың айтуынша, соңғы кезде тәжірибелік негізде «Рено» төсеніші қолданылып келеді. Ол нендей нәтиже бермек? Тереңөзек пен Батыс Прорва кеніштерін теңізден қорғау үшін биік дамбы салынған. Оның біраз пайдасы болғанымен, құмнан жасалған бөгетті су шайып кету қаупі де бар. Міне, «Рено» төсеніші содан қорғайды. Ілгергі жылдары бес шақырым жағалауға төселген екен. Бұл шара оң нәтижесін бергендіктен, биыл жұмыс қайта жанданды. Сөйтіп, «Монолит Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күшімен Батыс Прорва кен орнында 3,162 км жерге тағы төселмекші. 

Ілеспе газ, ілкімді шешім

Жетіқат жер қойнынан суырылған мұнай құрамында ілеспе газ болады. Мәселе – соны кәдеге асыруда. Соңғы жылдарға дейін оның шешімін ауада жағып жіберумен шешіп келдік. Қазір бұған тыйым салынған. Рас, өндірістік мұқтаждыққа орай кей ретте шектеулі көлемде рұқсат етіледі. Алайда, бұл – одан әрі ауаға газ жағуды жалғастыру деген сөз емес. Сондықтан, әр компания құзырлы орындарға ілеспе газды кәдеге асыруға бағытталған шараларын ұсынады. Оның жүзеге асырылар мерзімі белгіленеді. «Ембілік» мұнайшылар соңғы екі жылдың үш тоқсанының қорытындысымен зиянды газ қалдықтарын 15 124 тоннаға азайтыпты. Биыл бұл көрсеткішті 20 542 тоннаға жеткізу жоспарланған.

Ілеспе газға қатысты әңгіме академик Муфтах Диаровтың сауалынан соң өрбіді. Сөйтсек, бұдан үш-төрт жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде жарияланған материалға орай кен орындарында мұнай қалдықтары өртенетіндігі жөнінде айтылыпты. Алайда, кәсіпорын мамандарының пікірінше, мұндай мәлімет қате. Рас, өндірістік мұқтаждық салдарынан ілеспе газ жағылады. Оның да көлемі, жоғарыда айтқанымыздай, жыл санап кеміп келеді. Ал, соны мүлдем жақпаса ше? Қанша дегенмен, құзырлы орын белгілеген шектеуден асып кетсе, айыппұл төлеуге тура келеді. Әрі, өндіріс қажетіне сырттан табиғи газ сатып алғанша, өз өнімін пайдаланған тиімді емес пе? Іргедегі мұнайшылар мекенін де қамтуға болады. Мұндай оңды тәжірибе жүзеге де аса бастады.      

Бұдан біраз жыл бұрын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеевпен бірге Прорва кенішін аралағанымыз есімізде. Жергілікті мұнайшылар сонда да ілеспе газ мәселесін көтерген. «Қара алтын» қаншалықты мол өндірілсе, бұл да соншалықты көбірек ілесіп шығады. Сондықтан, кейде өнім өндіру көлемін қолдан қысқартуға тура келеді екен. Міне, сол себепті Прорва газын кәдеге жаратуға қадам жасалған.

Осы жолы білгеніміздей, ілеспе газ құрамындағы күкіртті тазалау үшін зауыт тұрғызуға биыл 1 млрд. 100 млн. теңге көзделген. Одан әрі құбыр арқылы Боранкөл газ өңдеу зауытына жөнелтіледі. Сөз ретінде айтар болсақ, Доссор және Жайық мұнай-газ өндіру басқармаларының бірқатар кеніштерінде ілеспе газ тұтынушыларға беріліп отыр. Облыстық әкімдікпен қол қойылған меморандум негізінде тарифі де төмен. Міне, осындай оңды шаралар нәтижесінде түбі мұнайшылар мекендері жергілікті өніммен толық қамтамасыз етіледі. Жалпы, қолымыздағы деректерге қарағанда, соңғы жылдары атмосфераға зиянды қалдықтарды шығару мөлшері тұрақты түрде азайып келеді. Мәселен, 2012 жылы 7578 тонна болса, биыл 3910 тонна күтілуде. Ал, мұнай өндіру көлемі еш кеміген жоқ. Демек, экологиялық шаралар жемісін беріп жатыр. Бұл – қыруар қаражаттың қайда жұмсалып жатқанына қайтарылар жауап.

Ал, компаниядағы ең басты жаңалық – үстіміздегі жылдан бастап республикада бірінші рет мұнай құрамындағы метанның көлемін анықтау бағытындағы шаралардың қолға алынуы. Әдетте, ең жеңіл саналатын бұл көмірсутегі шикізатына лимит те тағайындалмайды, оны есептеу технологиясы да жоқ. Алайда, Қазақстан халықаралық КИОТ конвенциясына қол қойған соң түбі метанды да ескеруге тура келеді. Ендеше, ертең қатаң талап қойылғанда, оған қазірден дайындық қажет емес пе? Сондықтан, отандық мұнайшылар норвегиялық компаниямен келісім жасап, қанатқақты жобаны жүзеге асыруға «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамын таңдаған. Демек, жуырда зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижесін де білетін боламыз.

Әйтсе де, академик Муфтах Диаров орынды айтқанындай, көне кеніштерде ауа райын саралайтын автоматты  стансалар әлі жоқ. Бұған мұнайшылардан гөрі, қоршаған ортаға қатысты заңдылықтардың әлсіздігін кінәлаған жөн. Кезінде отандық та, шетелдік те компанияларға жеткілікті талап қойылмады. Тыйым салатын тетіктер болмады. «Ембілік» мұнайшылар тұрақты мониторинг жүргізетін құралдарды «Жол картасы» бағдарламасы бойынша алмақшы. Демек, бұл бағыттағы да олқылықтың орны толтырылмақ. Оның үстіне, келесі жылдан бастап барлық залалды заттар есепке алынады. Ақырында, еліміздің Бас прокуратурасы тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесі компанияда қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңдылықтардың бұзылмағандығын көрсетті. 

Бүлінген жердің бүгінгі бедері

Жоғарыда айтқанымыздай, «ембілік» мұнайшылардың қорындағы ұңғымалардың дені өткен ғасырдың орта шенінен бері өнім беріп келеді. Демек, кен орындарының біраз бөлігі ластанған. Оған «тарихи» деген айдар тағылып та қойылған. Бірақ, қайткенде де тазалау керек. Өйткені, қазіргі талап солай. Өнім өндіріп болдың ба, орнын қалыпқа келтір. Міне, осы орайда 2013 жылы 38,5, алдыңғы жылы 69,4 га жер биологиялық әдіспен тазаланған. Ал, биыл мұнай қалдықтарын өңдейтін финдік KASC30М қондырғысы қолданылуда. Соның көмегімен бес мың тонна мұнай қалдықтарын өңдеу жоспарланған. Жалпы, үстіміздегі жылғы тоғыз айда мұнай қалдықтары және онымен бүлінген жер қыртысы 8398,17 тоннаны құраған. Соның 2430,72 тоннасы өңделіп, 5967,45 тоннасы полигондарға орналастырылған. Мұндай шара ілгергі жылдары да жасалған. Оның үстіне, мұнай қалдықтарын жинайтын орын экологиялық талаптар сақтала отырып жасақталған. Құзырлы мекемелердің ешқайсысы сын айта алмапты. Тіпті, қатты тұрмыстық қалдықтар, пайдаланылған ртутты шамдар, автокөліктер дөңгелектері, т.б. далаға лақтырылмай, тиісті орында залалсыздандырылады.

Рас, Атырау орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориялық инспекциясының бас маманы Бостан Сүлейменовтің пікірінше, тарихи ластанған жерлерді тереңірек өңдеу қажет. Өйткені, сан жылдардан бері төгілген мұнай жер қыртысына әбден сіңіп кеткен. Сондықтан, оның бетін ғана тазалау аздық етеді.

Әйтсе де, кеніштерде болғанымызда өзіміз де көрдік, сонау жылдардағыдай шашылып жатқан басы артық нәрсе жоқ. Айдаладағы мұнайшылар мекендерінің төңірегі жайқалған ағаш пен жайнаған гүлге толы. Өткен жылы Забурунье кенішінде, биыл Қисымбайда су тазалау қондырғылары орнатылыпты. Алдымыздағы жылы Солтүстік Қотыртастан Шығыс Мақатқа су желісі тартылмақшы. Мұның бәрі ауыз суды тұтыну көлемін барынша азайтуға, сөйтіп өзен-көлге салмақ салмауға бағытталған.

Қоғамдық тыңдау соңында оған жетекшілік еткен Жайық-Каспий Орхус орталығының төрайымы Шынар Ізтілеуова шара барысында қойылған сауалдардың 90 пайызына оң жауап берілгенін айтты. Демек, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының 2016 жылға белгіленген табиғат қорғау жоспары жұртшылық тарапынан қолдау тапты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді «Ембімұнайгаз» АҚ-ның

баспасөз қызметі ұсынды.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз