ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУҒА – ҚАТАҢ ТАЛАП

Жақында, Атыраудағы «Жайық-Каспий-Орхусс орталығы» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен кезекті қоғамдық тыңдау өткізілді. Бұл жолғы отырыс «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша белгіленген табиғат қорғау шараларының 2014 жылдың тоғыз айындағы орындалу барысын және 2015 жылға межеленген жоспарларын талқылауға арналды. Шараны облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Қоғамдық тыңдауға қатысушыларды «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының геология және дайындау жұмыстары жөніндегі орынбасары Абат Сұпығалиев құттықтап, оның жұмысына сәттілік тіледі. Аталмыш кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Сәлима Әбітова күн тәртібіндегі мәселеге байланысты баяндама жасады.

ҚР Экологиялық кодексінің басты талаптарының бірі табиғи тепе-теңдік нормалары бұзылған, бүлінген жерлерді рекультивациялау, яғни қайтадан қалпына келтіру екенін ескерген «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы бұл жағына да жеткілікті мән беруде. Әсіресе, тарихи тұрғыдан тозығы жеткен, ластанған аумақтарды тазарту мәселесіне ерекше көңіл бөлуде.

Осы тұста сәл шегініс жасасақ: 2004 жылы «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы» мекемесімен келісе отырып арнайы жоба дайындалған. Сол бойынша 2005-2010 жылдары жалпы аумағы 405 гектарды құрайтын ластанған жер тазартылған. Оған қоса, өзге де ғылыми-зерттеу мекемелерімен бірлесе жасақталған жобалардың шеңберінде тағы да 247 гектар жерді мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстары қамтылып, 253 млн. 808 мың теңге сомасында қаржы жұмсалған. Осы бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын тауып, мұнай өнімдері төгілген 80,5 гектар жерді тазарту шараларына 661 млн. теңгеден астам қаражат шығындалған.

Кәсіпорынға қарасты кен орындарының бір бөлігі Каспий теңізінің жағалау аймағымен шектесіп жатуы, жоғарыдағыдай тазалық жұмыстарын жүргізу кезінде оны атқарушы мамандардан айрықша жауапкершілікті және экологиялық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды талап етері сөзсіз. Бұл орайда да ауыз толтырып айтарлықтай жоспарлы жұмыстардың атқарылғандығы баяндалды. Нақтырақ айтқанда, теңіз экожүйесінің биологиялық көптүрлілігінің орын алуы ықтимал қолайсыз әсерлерді болдырмау мақсатында кеніштер қорғаныш дамбыларымен қоршалған. Және де олар жыл сайын арнаулы қондырғылардың көмегімен толықтырылып, бекітіліп отырады.

Оның үстіне, соңғы жылдары мұнда «Рено» матрацы деп аталатын мүлдем жаңа, жетілдірілген технология қолданылуда. Анығын айтқанда, көп баспалы металл құрастырмалардан тұратын құрылғының көмегімен жағаны бекіту жұмыстарын жедел түрде орындап, соғылған дамбылардың қорғаныс сенімділігін арттырып отыруға болады екен. Осындай тәсілмен 2014-2015 жылдары теңізге таяу орналасқан Батыс Прорва кен алаңы маңынан қорғаныс дамбыларын (құны 301,2 млн. теңге шамасында) тұрғызу жоспарланған.

Биылғы жылдың еншісіндегі біткен істің бірі ретінде, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бойынша қыздыру пештерінен шығатын газдарды нейтрализациялау (оқшауландыру) сүзгілерін тәжірибелік-өнеркәсіп-тік сынақтан өткізу шарасы аталды. Қаржылай құны 8,7 млн.теңгені құрайтын жоба осы қазан айының үшінші онкүндігінде жүзеге асырылмақшы.

Бұлардан басқа, 2014 жылы жинақталған мұнай қалдықтарын биологиялық әдіспен тазалау жұмыстары жоспарланған. Мұнда жөндеу шараларының барысында немесе күтпеген жағдайларда пайда болған өндірістік қалдықтар полигондарға тасымалданбай-ақ, бірден «КАSС-30» деп аталатын өңдеу қондырғысына жеткізіледі. Есепті мерзімде осы әдіспен 5000 тоннадай  қалдық өңделген.

Мұның өзі, біріншіден, лас заттардың арнайы қондырғылардағы жинақталу көлемін кемітсе, екіншіден, қаржының да айтарлықтай үнемделуіне көмектеседі. Сол секілді үстіміздегі жылы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Тәжіғали кен алаңындағы су басу қаупінде тұрған және су астында қалған мұнай ұңғымаларына мониторинг жүргізіліп, кәсіпорын бойынша өндірістік ғимараттардың аумағын көгалдандыруға көңіл бөлінген.

Бұдан соң 2015 жылы акционерлік қоғам бойынша атқарылатын табиғат қорғау шараларына тоқталған баяндамашы бұл мақсатқа 1 млрд. 631 млн. теңге қаржы қарастырылатындығын жеткізді. Айтылғанындай, биылдан бастау алған көп жұмыс келешекте жалғаспақ. Соның ішінде, мұнайды қыздыру пештерінен бөлінетін зиянды газдарды бейтараптандыру әдісі, оған мүмкіндік беретін арнайы сүзгілеу құрылғылары арнаулы көлік-техникаларға да орнатылады.

Өндірістік алаңдардың территориясын жасыл желекпен көмкеріп, көгалдандыруға да көбірек көңіл бөлінеді. Жалпы ауданы сегіз мың  гектарға тарта аумаққа ағаш көшеттері отырғызылады.

Десек те, кейбір жоспарға енгізілген іс-шаралардың дер мезгілінде орындалмай қалуы, қадағалаушы құрылымдардың сын-ескертпелері бойынша орындалуға немесе жолға қойылуға тиісті шаралардың ішінара болса да мерзімінен кешіктірілуі, т.с.с. кемшіліктердің орын алып қалуына жол беріліп жататынын да жасыруға негіз жоқ. Сайып келгенде, табиғатты қорғау, оған жанашыр болу баршамызға ортақ міндет екені даусыз. Қоғамдық тыңдауға қатысып, ұсыныс-пікірлерімен бөліскендердің ортақ ой-түйіні осыған тірелді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз