ӨМІРШЕҢ ЖОБА – ТАБЫС ТЕТІГІ

«инновациялық аялдама» - соның бірі 

Қысқы мезгілде суықтан қорғайтын инновациялық аялдамалардың мұнайлы өлкемізде де орнатылуы ғажап емес. Атыраулық жас Нұрхат Лекеровке мұндай тың идея тектен-текке келген жоқ. Туған жерінің климаттық ахуалын ескерген оның бұл жобасы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ы Атырау филиалы ұйымдастырған «Старт-ап» байқауында үздік деп танылды. Қысы қатал Мәскеуде тәжірибе түрінде орнатылған осындай аялдамалар өз тиімділігін көрсетіп үлгерген. Ал, Англия көшелерінде инфрақызыл жылытқышпен жылытылатын түрі әлдеқашаннан-ақ бар. Қолдаушы инвестор табылса, идея өміршеңдігін көрсетпек.

 

Бала кезінен-ақ Нұрхат Лекеров болашақта табысты бизнесмен болсам дейтін. Небәрі 25 жасқа дейін миллионер атансам деп қиялданып кететін. Бірақ, ол үшін көп еңбектеніп, білімді болу керектігін түсінген ол ешуақытта жалықпады. Сабақты жақсы оқыды, әсіресе екінің бірінің тісі бата бермейтін математиканы шемішкідей шақты. Сөйтіп жүріп, Атыраудағы қазақ-түрік лицейіне оқуға түсті. Онда да түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысты, бағын сынады. Жеңді, жеңілді. Былайша айтқанда, өмір мектебін ұғына бастады. Оның адал еңбегі еш кетпеді. Облыс әкімінің қолдауымен Лондондағы Гринвич университетінде математика және бизнес мамандығы  бойынша білім алып келді. Оқу кезінде түрлі қоғамдық шараларға қатысып, пайда тауып үйренген Нұрхат каникул кезінде Атырауға келіп, түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыруымен айналысады. Шетелде білім алып жүрген шағында жас жігіт бақыттың ақшада емес екенін түсінеді. Жанындағы жұртшылыққа жақсылық жасаудың өзі де үлкен сауапты іс екендігін ұғынды. Айналасындағыларға пайдалы іс қылу Нұрхаттың бүгінгі басты ұстанымына айналды.

Оқуын аяқтар сәтте Н.Лекеровті туған еліне оралғанда атқаратын қызметі көбірек толғандырды. Сөйтіп, екі идеясының бизнес-жоспарын да құрып әкелді. Атырауға келген күндері-ақ «Даму» қорының бастамасымен «Старт-ап» байқауы басталып жатқанын естиді. Содан екі жобасын да ұсынып көрді. Өзі ойлағандай-ақ екеуі де қолдау тауып, үздіктер қатарынан көрінді.

Нұрхат Лекеровтің түсіндіруінше, бірінші «Инновациялық аялдамалар» жобасы Атырау қаласының табиғатына сай жабдықталады. Яғни, аялдамаларға тұрғындар келген сәтте ол инфрақызыл жылытқышпен жылытылып, суықтан қорғайды. Рас, жаз кезінде көзге оғаштау көрінгенмен, қытымыр қыста таптырмайтын идея бұл. Ал, пайданы қайдан табады дейсіз ғой? Келешек кәсіпкер ол жағын да ойластырып қойыпты. Түнде де жарық беріп тұратын әлгі аялдамаларға жарнама ілу арқылы табыс  табуға болады екен. Тиімді, әрі пайдалы бизнеспен айналысқысы келгендерге,міне, нағыз шынайы идея!

Екінші жоба «Мобильдік көлік жуу бекеті» деп аталады. Англия, АҚШ сияқты елдерде мұндай жоба әлдеқашан-ақ іске асырылған. Ол көлікті сумен емес, арнайы химиялық құралмен жууға бағытталады. Мәселен, машинаңызды жуу үшін көлік жуатын орынға барып, сағаттап кезекке тұрудың қажеті жоқ. «Мобильдік көлік жуу бекетіне» телефон шалып, шақырсаңыз болғаны арнайы мамандар келіп көлігіңізді тұрған орнында-ақ арнайы құралмен тазалап кетеді. Осы орайда біз «Мұндай жобалар жас кәсіпкерлер арасындағы старт-ап байқауларында ұсынылған еді. Қолдау табады деп сенесің бе?» деп сауалды тікесінен қойдық.

Жігерлі жас «бір идея миллион адамда болатынын, бірақ, оны бәрі бірдей жүзеге асыра алмайтынын, жобаны түрлендіруге де әбден мүмкіндік бар екендігін» айтты.

– Өзімнің тәжірибемнен айтайын. Бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінің екі студенті Америкаға барып, осындай көлік жуу бекеттерінде жұмыс істейді. Сосын екі жас бұл идеяны жетілдіреді. Бастапқыда бұл қызмет түрі екі мың теңге көлемінде болса, студенттер сусыз көлік жуатын арнайы құралдың химиялық құрамын анықтап, оны тікелей жеткізушілерден алып, өздері жасап, әлдеқайда арзан бәске ұсынған. Сөйтіп, 2000 теңгенің қызмет түрі 300 теңгеден бір-ақ шыққандықтан мәскеуліктер де арзан әрі сапалы көлік жуу бекетінің қызметін қолдана бастаған. Бұл бекеттер экологиялық жағынан да таза болып келеді. Кез келген сауда орындарынан табуға болады. Мысалы, дүкеннен тамағыңызды алуға келсеңіз, мобильдік көлік жуу бекетінің мамандарын шақыртасыз, тауарыңызды алып шыққанша көлігіңіз жуулы, таза тұрады,-дейді Нұрхат.

Жүрегінде үміт оты жанған жас енді осынау жобаларын іске асырсам деп армандайды. Бір кездері тек қана ақша тауып, миллионер болуды аңсаған баланың ізі де қалмаған. Ойы салмақты, пікірі орынды. Тек әлгі идеясын кәдеге асыруға инвестор табуды ойлайды. Ендеше, жолың оң болсын, келешек кәсіпкер!

Айбөпе САБЫРОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз